Жұма, 18 Қазан 2019
1462 4 пікір 9 Қазан, 2019 сағат 10:36

АҚШ бірқатар қытай компанияларына санкция салды

АҚШ сауда министрлігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында және Қытайдың басқа да өңірлерінде аз ұлттарға қысым көрсеткен 28 мемлекеттік мекеме мен жекеменшік фирмаға санкция салды.

Халықаралық адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар мен куәгерлер қытай биылы бірнеше жылдан бері ислам дінін ұстанатын аз ұлттарға: ұйғырларға, қазақтарға, қырғыздарға және басқа да ұлт өкілдеріне қысым жасап отырғанын хабарлаған. Олардың жүріп-тұруы шектелген, арнайы бағдарламалар мен бейнебақылау камераларының көмегімен аңдыған, бұған қоса "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" отырғызған. Онда адамдарды ұзақ уақыт ұстап, коммунистік насихат жүргізеді, қытай тілін мәжбүрлеп оқытады.

Санкция тізіміне кірген мекемелер арасында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, оған қарасты 19 ұйым, 8 технологиялық фирма, әлемдегі ірі бейнебақылау жүйесі -Hikvision, бейнебақылау жүргізетін Dahua компаниясы, адамдардың түрі мен дауысын тану бағдарламасын жасайтын Megvii мен IFlytek фирмалары бар.

Сауда министрлігінің арнайы тізіміне енгендерге америкалық технология сатуға тыйым салынады.

Hikvision мұндай шешімге наразы екенін мәлімдеп, бұл әрекет "АҚШ экономикасына кері әсер етеді" деген.

Бұған дейін АҚШ билігі "ұлттық қауіпсіздікке қауіпті" деген сипаттамамен қытайдың Huawei компаниясына санкция салған.

БҰҰ мәліметі бойынша, қытайдың "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" қазір жарты миллионға жуық ұйғыр және басқа да аз ұлт өкілдері отыр.

Abai.kz

4 пікір