Жұма, 19 Сәуір 2024
2504 8 пікір 8 Қазан, 2019 сағат 11:57

Қазақстан үкіметі әлеуметтік көмектің жаңа жобасын ұсынды

Үкімет алдағы жылдан бастап көп балалы отбасыларға жәрдемақы мөлшері көбейіп, табысы аздарға атаулы әлеуметтік көмек беру механизмі өзгеретінін хабарлады.

Қазанның 7-і күні Нұр-Сұлтанда өткен үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әзірленген заң жобасында 2020 жылдың қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 42 мыңнан 72 мың теңгеге дейін (109-187$) жәрдемақы беру қарастырылғанын хабарлады. Оның сөзінше, жәрдемақы әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі.

Әлеуметтік көмектің жаңа механизмі бойынша жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Егер көп балалы отбасылар табысы аз жанұялар қатарына енсе, оларға жәрдемақыдан өзге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) те беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс минимумының 70 пайызы деңгейінде сақталады. Алайда мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді дейді министрлік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше биыл тоғыз айда елде 412 мың отбасыға немесе 2 миллион 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген.

Abai.kz

8 пікір