Дүйсенбі, 14 Қазан 2019
Алашорда 813 0 пікір 7 Қазан, 2019 сағат 12:24

«Алаш» партиясын құруға атсалысқан қайраткер Әбдіхамид Жүндібаев

Қазір  «Тәуелсіздік бізге не берді?» деген сұрақ көп. Оған жауап тажетеді. Тәуелсіздік әперген теңдіктің бірі — тарихымызды таразылап, өткенді жаңартып, өшкенімізді  қайтарып, «ақтаңдақтардың» орнын толтырудамыз. Кезінде патшалық ресейдің  цензурасы жарияланатын баспа өнімдерін тексеріп, жариялауға «болмайды» деген жерлерін ақ бояумен бояп,  жасырған, өшірген. Баспаханадағы әріптерді қайта теріп  өзгерту өте қиын, әрі уақытты көп алатын болғандықтан, алынған сөз, сөйлемдер орны ақтаңдақ болып қалады екен. Бұл ақтаңдақтар Кеңес Үкіметі кезінде де одан әрмен молайды.Әсіресе алашордашылар есімдері тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана кеңінен атала бастады.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң қазақ қауымында жаппай қоғамдық-саяси  белсенділік  туа бастады. Патшаның тақтан құлатылуы езгіде жатқан қазақ қоғамын дүр  сілкінтті, жылдар бойы аңсаған азаттық үмітін оятты. Қазақтың алдыңғы қатарлы зиялы  өкілдерінің  арасында өзін-өзі  басқаруға деген ниет пен құлшыныс пайда болды. Бір ғасырдан астам уақыт бойы отарлықта күн кешкен қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің оянып, буржуазиялық-демократиялық жаңа үрдістерге қол созуы заңдылық еді.

Демократиялық жаңару нышандарын ел арасына таратып,  оны іске асыру жұмыстарында  ұлттық «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан қазақ зиялы қауымы ерекше роль атқарды.  Олардың ұйымдастыруымен 1917 жылдың көктемінен бастап, қазақ жеріндегі 6 облыста  жаппай қазақ съездері өткізіле бастаған еді. Халықтың зиялы қауымынан бөлек жергілікті басқарушы, діни әрі дәулетті тап өкілдері  бас  қосқан бұл тарихи жиындарда жаңаша  басқару, білім беру, соттық, дін,  т.б.  маңызды  мәселелер  қарастырылған  болатын.  Облыстық  съездерден  соң 1917 жылғы 21-28 шілде аралығында Орынборда жалпы қазақ құрылтай съезі өт-кізіліп, онда ұлттық «Алаш» партиясы мен Алаш Орда өкіметінің ресми түрде негізі қаланғаны  белгілі.  Ұлттық  партия  мен  өкімет  құру  идеясы  бұдан  ертерек  пайда болғандығын  айта  кету  керек,  ол  жер-жердегі  жиындардан  соң  бірте-бірте  іске асырылған болатын.

Басқа өңірлер секілді Қобда жері де бұл саяси науқандардан тыс қалған жоқ, оның топырағынан Алашқа мүше болған бірнеше қайраткер шықты. Олардың бірқатары 1917 жылы 2-8 көкек аралығында Орынборда өткен Торғай облыстық I қазақ съезіне  қатысқан.  Бұл  адамдарға тоқталмас бұрын  аталған тарихи жиын туралы аздаған мәлімет бере кеткен жөн.

Торғай облыстық I қазақ съезі — тарихымыздағы аса маңызды оқиғалардың бірі. Себебі бұл патша құлатылғаннан кейінгі қазақ жерінде өткізілген тұңғыш ұлттық бас қосу болатын, мұнда алғаш рет ұлттық маңызға ие мәселелер қарастырылды. Алғашқы болып ұйымдастырылғандықтан бұл жиын қазақтың басқа өңірлеріне үлгі болды, сәл кейінірек өткізілген басқа облыстық съездер көбіне осы Торғай съезінің  қарарларын  қайталады.  Торғай  жиынының  бір облыс  көлемінен  шығып, жалпы ұлттық деңгейде өткенін  белгілі тарихшылар  К. Нұрпейісов пен  М. Қойгелдиев те ерекше атап өтеді. Оның үстіне, бұл жиынға облысқа сол тұста енген Ақтөбе,  Қостанай,  Ырғыз және Торғай  өңірлерінен  ғана емес, Қазан  мен  Уфадан, Қазақстанның Ақмола, Семей, Сырдария облыстарынан, Бөкей ордасынан, барлығы 300-ден аса делегаттар қатысқан. Съезді белгілі Алаш қайраткері, «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсынов  ашқан. Аталмыш  жиынның  М. Дулатов, С.Қадырбаев, А.Қалменов, У.Танашев, О. Алмасов сынды белсенді Алаш лидерлерінің ықпалымен өткенін атап өткен жөн.

Осы тарихи бас қосуға Қобдадан  Әбдіхамид Жүндібаев,  Керей Тұрымов, Тоқмағамбет Жантасов, Мұхамедәлі Меңдібеков, Есмағамбет Алтыбасов және Шынтай Дәржанов секілді азаматтар қатысады.

Бұлардың арасынан халқымыздың біртуар ардақты ұлдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен бірге «Алаш» партиясын құруға белсене атсалысқан және оның бағдарламасын жазған жеті қайраткердің бірі Әбдіхамид Жүндібаевты айрықша атап өтуге болады.

Қобда  жерінің  аяулы  перзенті  әрі  мақтанышы  Әбдіхамид Жүндібаев 1893 жылы қазіргі Талсай ауылының маңында дүниеге келген. Ол - Алаш қозғалысының қайраткері, оның торғайлық тобының белсенді мүшесі.

1906-1909 жж. аралығында Орынбордағы орыс-қазақ мектебінде, екі жылдық қазақ мұғалімдер училищесінде оқыған,  журналист,  публицист әрі  аудармашы болған. Ол оқуларды бітірген соң туған жеріне  қайта  оралып,  Қобда болысының  №5  ауылының азаматы саналған және  осында  Қосыбаев  атындағы  бір  класстық  училищенің  мүғалімі  болып  қызмет еткен. Саяси ахуалдарға белсене үн қосып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен Алаш  органы  -  «Қазақ»  газетінде  Ресей  империясының  отаршылдығына  қарсы  мақалалар  жариялап  отырған.  1917  жылғы  Ақпан төңкерісінен соң, Торғай облыстық  комиссары  болған  Әлихан  Бөкейханов  өз  бұйрығымен  Әбдіхамидті облыстық комиссариат жанындағы айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші чиновник етіп бекіткен. Көп ұзамай Ақтөбе уезінде земствоны енгізу жөніндегі нұсқаушы болып тағайындалған.

Әбдіхамид 1917 жылғы шілде және желтоқсан айларында Орынборда өткізілген жалпықазақ съездерінің жүмыстарына белсене араласады.  5-13  желтоқсан аралығында өткен осы жиындардың соңғысында жедел түрде автономия жариялауды жақтап дауыс береді. Аталған съезде Әбдіхамидтен басқа Жанша және Халел Досмұхамедовтер, Аспандияр Кенжин, Уәлидхан Танашев, Ғұмар Қараш, Сағындық Досжанов,  Бақыткерей  Құлманов  бастаған, негіздерін батыс қазақстандық Алаш қайраткерлері  құраған  33  адам шүғыл түрде жеке Қазақ Автономиясын жариялауды талап еткенімен, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермеков,  Тұрағұл Абайұлы, Сейдазым Қадырбаев бастаған 42  делегат мұндай шараны әлі ерте деп тауып, автономияға қарсы дауыс берген болатын.

Әбдіхамидтің  1917 жылдың  көкек айындағы тұңғыш Торғай съезіне делегат  ретінде қатысқаны айтылды. Ал сол жылғы 20-25 тамыз аралығында өткен  II Торғай облыстық қазақ съезінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі осы жерлесіміз болатын. Алдыңғы жиындардай Орынборда емес, Ақтөбеде өткізілген бұл басқосуға Ақтөбе, Қостанай, Ырғыз және Торғай уездерінің делегаттары қатысқан. Съезд президиумы 5 адамнан тұрған: төрағасы Мырзағазы Есболов, мүшелері ретінде Сағындық Досжанов пен Ахмет Тұңғашин сайланса, хатшылары Тел Жаманмұрынов пен Әбдіхамид Жүндібаев болған. Жиын бағдарламасы мемлекеттік басқару формасы, қазақ облыстарының автономиясы, жер мәселесі, халыққа білім беру, сот секілді 15 өзекті мәселелерді қарастырып, алғашқы мәселелер бойынша Ресейде демократиялық федеративтік республика болуы тиіс, ал қазақ халқы үшін ұлттық-территориялық  жалпықазақ  автономиясын  енгізу  қажет  деген  қарарлар шығарады. Әбдіхамид бұл жиында басты рольдердің бірін атқарған. Алаш Орда туралы құжаттарды жинап, 1929 жылы жарыққа шығарған Н.Мартыненко Ақтөбедегі съезд туралы ескертпесінде былай деп  көрсетеді:  «...этот  съезд, как и в других губерниях, проходил под  руководством таких деятелей как Дощанов, Жундубаев, являвшимися впоследствии заправилами партии «Алаш». Принятые резолюции говорят о  том, что  Россия должна быть демократической федеративной республикой  и  о  необходимости создатъ самостоятелъную киргизскую националъную партию...». Мұнда аталған Сағындық Досжанов Ақтөбе өңірінен шыққан белгілі Алаш қайраткері болатын, ол белгілі бір себептермен төрағалықтан бас тартқан Есболовтың орнына жиынның қалған жұмысына төрағалық еткен.

1917  жылдың  аумалы-төкпелі  бір  кезеңдерінде  Әбдіхамид Алаш органы – «Қазақ» газетін шығаруды да өз міндетіне алған. Бұл туралы белгілі революционер, ақын әрі қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің атақты «Тар жол, тайғақ кешуінен» біле аламыз. Мұнда Сәкен Әбдіхамидтің аталған газеттің сол жылғы 27 ақпан күнгі нөміріне шыққан мақаласын келтірген. Сол мақаланың соңғы жағынан үзінді келтірейік: «...Осындай заманның аударылып тұрған шағында, жұрт газет хабарына аса мұқтаж екендігін ойға алып, жан-жаққа хабар беріп, жөн сілтеп, нұсқа көрсетіп тұрған «Қазақ» газетінің басында түрған азаматтардың Орынборда жоқ екенін көріп, жауын тілеген егін қалпындағы жұрттың үмітіне қарсы бару ниетімен Орынборға  февраль басында келіп, басын қосқан Ақтөбе уезінің төменд  аты аталған азаматтарының өтініші бойынша «Қазақ» газетін шығаруды мен мойныма алдым... Заман аударылып турған шағында дағдылы жолмен жүру, бір бағытқа маңдай қою — қияндағы қиын іс. Сондықтан газет оқушылар заманының құбылуымен есептесуі керек.

«Қазақтың» соңғы жүретін жолы — халыққа болып жатқан өзгерістен хабар беру, заманына қарай амал қылу, жол көрсету, сасқанда алдынан шығып, жәрдем беру маңдайында ғана болашақ... Әбдіхамид Жүндібайұлы». Келтірілген үзіндіден жерлесіміз  Әбдіхамидтің  24 жасында-ақ  қазақтың  ең  көп тарайтын, бетке ұстар ұлттық газетін шығаруды қолға алғанын көреміз.  Қиын кезеңде мұндай жауапты да ауыр жүкті мойнына алу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ал Сәкеннің жоғарыдағы сөздерді келтірудегі мақсаты, әрине, Әбдіхамидті мақтау емес, себебі идеологиялық  тұрғыдан  алаштықтарға қарсы болған революционер ақын оларды қатты сынға алып отырған.

1917 жылы Қазан төңкерісі орын алып, елде бірте-бірте кеңес үкіметі орнай бастағаны белгілі. Өзі айтқандай, заманның ағымымен Әбдіхамид те Алаштың көптеген қайраткерлері секілді кеңестер жағына шығады.  Олардың  ой-армандары қандай биліктің құрамында болмасын өз ұлтының  жарқын болашағын орнатуға, мұң-мұқтаждарын  шешуге,  мақсат-мүдделері  үшін аянбай күресуге тырысу, соған ұмтылу еді. Мысалы, Қазақ өлкесін  басқару үшін 1919-1920  ж.ж. уақытша әскери-революциялық  комитет  (Кирревком)  құрылған кезде Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов  осы комитет төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Бұл өте жоғары лауазым болатын. Осы қызметте жүріп ол қазақ жерінің Қостанай, Қызылжар, Көкшетау секілді солтүстік уездерін өздеріне беруді талап еткен Ресей құрамындағы Сібір революциялық комитетінің (Сибревком) ұсынысына үзілді-кесілді қарсы шығып, ол жерлердің қазақтар үшін аса маңызды шұрайлы жерлер екендігі туралы дәлелді баяндама жасап, тіпті, осы  мәселені шешу үшін Қазревком тарапынан Мәскеуге де барған болатын. Даулы мәселе қазақтар үшін оңынан шешілгені белгілі, егер Ахмет және оны қолдаған басқа да ұлтымыздың абзал ұлдары болмағанда аталған тамаша жерлер көрші мемлекетке өтіп кетуі әбден мүмкін еді. Бұл жердегі біздің мақсатымыз — Алаштың арыс азаматтарының қай өкімет құрамында болмасын өз ұлтының жоғын жоқтап күрескендігін көрсету. Сондықтан да Әбдіхамидті де, басқаларын да Алаш идеяларын тастап, қызылдар  жағына  шықты деп ешқандай жазғыруға болмайды, біртұтас ұлт идеялары олардың жүрегінде мәңгілік маздап тұрған болатын...

Әбдіхамидтің кеңестер тұсындағы қызметіне келсек, ол 1918 жылы 21 наурыз бен 3 көкек  аралығында  Орынборда  белгілі  революционер Ә.Жангелдиннің жетекшілігімен өткен Торғай облыстық кеңестер съезінің  жұмыстарына қатысады. Аталған съезде халыққа білім беру мәселелері қарастырылғанда Әбдіхамид елдің өз балаларын ана тілінде оқыту  мүмкіндігінен айрылғандығын ашына айтып, облыста жедел түрде ұлттық мектеп мұғалімдерін даярлайтын медреселер ашуды талап етеді.

Осы жиында ол С. Досжанов, жас ақын Бернияз Күлеев және т.б. бірге облыстық атқару комитетінің құрамына  енеді  әрі  президиум  хатшыларының бірі болып бекітіледі. Съезд көпшілік дауыспен Мәскеудегі Әскери революциялық комитетке облыс құрамындағы 4 уездің әрқайсысынан 2 адамнан (орыс және қазақ ұлтынан) барлығы 8 адамдық делегация жіберуді қабыл алады. Ақтөбе уезінің атынан Әбдіхамид баратын болып шешіледі.

Съезд президиумының мүшелігіне, хатшылығына үміткерлер өздерінің саяси және экономикалық жағдайларынан қысқаша мәлімет беруге тиіс болған кезде, С.Досжанов пен Әбдіхамид өздерінің партияда жоқ екендіктерін, Кеңес өкіметіне іш тартатындықтарын және аса үлкен малмүліктерге ие еместіктерін айтқан. Досжанов президиум мүшелігіне өтеді, ал Әбдіхамидтің хатшы болып бекітілгені айтылды.

Ә. Жүндібаев туралы мұнан кейінгі деректер әр жерден үзік-үзік кездеседі.  Ол Торғай облыстық атқару комитетінде ұзақ уақыт болмаған сияқты, себебі 1918 жылғы маусым айымен мерзімделетін бір құжаттан оның атқару комитетінен шығуына байланысты орнына басқа адам сұратылған хат кездесті.

Тағы бір архив құжатында Ақтөбе уездік атқару комитеті өзінің 1920 жылғы 24 маусым күнгі кезекті отырысында осы комитет мүшесі Жүндібаевтың «оның жүйке ауруына шалдығуына байланысты» өзін комитет мүшелігінен шығаруды өтінген арызын қарағандықтары айтылады.  Бірақ отырыс  мүшелері оның өтінішін негізсіз деп тауып, қабылдамаған, 2 апталық  демалыс қана беріп, осы мерзім біткен соң комитет құзырына қайта  оралуын міндеттеген. Осыған қарағанда, Әбдіхамид облыстық атқару комитетінен  кейін уездік  комитетке ауысқан сыңайлы.  Ақтөбе облыстық партархивінің  бір мәліметінде 1920 жылғы қыркүйекте сол кезде Қобда болысы қараған Ақбұлақ ауданы (уезі) большевиктерінің III партиялық конференциясының  протоколында Жүндібаевтың аудандық комитет мүшелігіне кандидат  ретінде сайланғаны туралы дерек бар. Мұнда аты аталмаған, тек фамилиясы көрсетілген. Негізінде ол өз атын Абдул-Хамид  не  Абдулхамид  деп  жазған.  Алаш арыстарының бірі Міржақыптың да өзін Мир-Якуб деп жазғаны белгілі.

Жалпы, Әбдіхамидтің денсаулығына байланысты қоғамдық қызметтен кетуі 1920 жылдар екені талас тудырмайды. Бұл кезең оның өмір соққыларынан қажып, рухани жүдеп жүрген кезі болу керек.

Жазушы Ғалым Ахмедов жерлесімізді 1917 жыл шамасында көрген. Бұл туралы ол: «Әбдіхамитті 1917 жылы бір рет көргенімде, пенсне  көзілдірік  таққан, аққүба, әдемі жігіт еді, Алаш бағдарламасын жасауға белсене араласқан, 1918 не 1919 жылы қайтыс болды...»,  —  деп  жазады.  Бірақ  белгілі тарихшы Қайдар  Алдажұманов оның кеңес үкіметі орнаған соң  баспасөз саласында қызмет етіп, аудармашылықпен айналысып, 1924 жылы қайтыс болғанын және туған жері Талсай маңындағы Бұлақ қыстауында жерленгенін көрсетеді.

Автор Әбдіхамид туралы алғашқы деректерді жариялағаннан кейін, оның Алматыда тұратын ұлы Ермекбай ақсақалды іздеп тауып, жолыққан болатын. Жасы 80-нен асқан ақсақал негізінде Әбдіхамидтің туған ағасы Аманқостың баласы екен.

Оның  айтуынша, алаштың ардақты ұлы 1920 жылы 27 жасында қайтыс  болған, осылайша оның денсаулығына байланысты қызметтен кетуі  туралы  пайымымыз расқа айналды. Әбдіхамидтің келіншегі Зүбайда (Әлияның  әкесі Нұрмағамбеттің інісі Бектілеу байдың қызы) әмеңгерлікпен Әбдіхамидтің інісі Мырзағұлға қосылған.

Бұлар Ермекбай ақсақалды туған бойында бауырларына басқан. Әбдіхамидтің өзінің үш қызы болған екен, олар бала күндерінде қайтыс болып кетіпті. Ұзақ жылдар бойы баспасөз саласында басшылық қызметтер  атқарған Ермекбай ақсақал жасы келсе де өзінің жан-жақты көзі ашық, көкірегі ояулығымен, есте сақтау қабілетімен таң қалдырды. Дүниеде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей қадағалап отыратын қария өзінің ұзақ жылдар бойы әр түрлі тақырып бойынша жинаған газет-журнал қиындыларынан тұратын көптеген  бумаларымен таныстырды.  Өкінішке  орай, Ермекбай ақсақал өзінің даңқты ағасы туралы кітапты көре алмай, жуырда бақилық болды.

Әбдіхамидтің шығу тегіне келсек, ол текті тұқымнан. Әкесінің есімі Темірғали, атасы  Жарми,  Жүндібай - арғы атасы, ол фамилиясына осы арғы атасының есімін таңдаған. Әкесі Темірғали да, атасы Жарми де патшалық кезеңде Қобда болысында әр жылдары 3 жылға сайланатын халық биі қызметінде болған, олар туралы мұрағат деректерінде айтылады.

Жарми  Жүндібайұлы 1869-1871 ж.ж. аралығында Қобда болысы №2 ауылының биі болған. Болыстықтың өзі Жаңа Ережеге қарсылықтың  салдарынан 1869 жылдың 29 шілдесінде құрылған болатын, демек, Жарми  жаңа реформа бойынша сайланған алғашқы соттық билердің бірі болып  табылады. Бұған қоса ол 1881-1883 ж.ж. болыс сайлауына түскен, бірақ аз дауыс жетпей, бұл қызметке қол жеткізе алмаған. Ал оның ұлы Темірғали болса 1887-1889, 1893-1898 жылдар аралығында N24 ауыл биі қызметінде  болған. 1890-1892  ж.ж. билер сайлауында жеңіске жетіп тұрса да, өз кандидатурасын екінші рет өткізілген болыстық сайлауға ұсынған. Бірақ бұл  сайлауда жеңе алмаған. Болыстық кезеңде 9 жыл халық  биі қызметінде  болған Темірғали Жармиұлы осы лауазымда ең  ұзақ уақыт бойы болғандардың бірінен саналады.

Әбдіхамидтің арғы атасы Жүндібай да өз кезеңінің білікті адамы болғанға ұқсайды. Ермекбай ақсақалдың айтуынша, еті тірі болған ол жас күнінде кәсіп іздеп Орынбор жағына барған, сол жақта Тама руының атақты байы Қоңырбайдың қызметін  жүргізген.  Ісіне  ұқыпты,  адал  қызметкер  байға  ұнап, ол  Жүндібайға туған қызын берген  екен.  Кейін  көптеген  мал-мүлікпен  еліне  қайтарған.  Қоңырбайдың ұлы Сейітбаттал  Нұрмағамбетов  ұзақ жылдар бойы Бөрті болысын басқарған,

Торғай облысы әскери губернаторының көмекшісі қызметін атқарып, зауряд-хорунжий шенінде болғанын айта кету керек. Ол да, оның ұлы Паңгерей Нұрмағамбетов те  төңкеріске  дейін  Орынбор-Ақтөбе  өңірлеріне  белгілі,  атақты  адамдар  болған. Олар туралы мәліметтер архив деректерінде өте көп ұшырасады.

Әбдіхамидтің  арғы атасы Жүндібай туралы қызықты бір дерек Торғай облыстық басқармасының аға кеңесшісі, қазақ тұрмысын біршама  зерттеген  И.И.Крафттың 1898 жылы Орынборда жарық көрген кітабында кездеседі. Бұл әңгімені оған жоғарыда аталған Сейітбаттал Нұрмағамбетов айтып берген.

Үзілістермен 1810-1825 ж.ж. аралығында Қаратай сұлтанның Кіші жүздің бір бөлігіне хан болуға ұмтылып, билік үшін ұзақ жылдар бойы күрес жүргізгені белгілі.

Ол осы күресте өзіне бағынбаған рулармен де қырғын соғыстарға түскен. Сұлтан әсіресе, өзін мойындамаған Жылқышы Табын руымен қатты өштесіп, қолына түскен осы ру өкілдерін ешқандай бітімсіз бірден өлім жазасына  кескен. Қаратайдың жалпы Табын ауылдарына қарулы қазақ әскерімен  бірнеше мәрте барып, аямай шапқаны туралы мәліметтер өте көп.

Міне, Крафттың жазуынша, осындай шайқастардың  бірінен  соң  Қаратай Жылқышы Табынның 200 адамын қолға түсіреді. Олардың барлығын бірдей өлім  жазасына  кескен  сұлтан  мойындарына  қыл  арқан  салып,  асуға  бұйырады. Үкім  орындалар  алдында  Қаратай  тұтқындар  сапын  аралап  жүргенде  қолға түскендердің бірі оған Қоңырбайдан сәлем десе керек. Алдымен бұған мән бермей өтіп кеткен сүлтан сәлден соң тұтқынды өзіне алдырып, Қоңырбайды қайдан танитынын сұрайды. Сонда тұтқын өз есімі Жүндібай екенін, Қоңырбайға күйеу бала болып келетінін, бай Қаратайға  Орынборда сәлем бере барғанда қасында бірге болып, сүлтанды  көргендігін айтады. Қоңырбайдың өзіне, оның асау Жылқышы Табындардың арасында  жүргенін, оларды Қаратайдың өліммен жазалайтынын, егер күндердің  күнінде сұлтанның қолына түсе қалса мұның атынан сәлем айтуын, сонда ғана оның мейірімі түсуі мүмкін екендігін айтқанын жеткізеді. Жүндібайды  тыңдап  болған  Қаратай  оны  қайтадан  байлауға  бұйырады,  алайда  кешке босатып, үстінен бар киімін шешкізіп, жалаңаш қайтаруға бұйрық береді. Осындай жарлық бере отырып Қаратай сұлтан Жүндібайға ат та, киім де берілмеуін, себебі Жылқышы Табындарға қарсы соғысып жүріп, өзінің мейірімі түсіп босатқан адамдарын ешқашан да астындағы атымен, үстіндегі киімімен жібермеуге ант еткенін айтыпты. Ал Қоңырбай Қаратайдың сыйлайтын адамдарының бірі екен. Осылайша, Жүндібай бір өлімнен қалады, ал қалған 199 тұтқынның барлығы бірдей өл-тіріледі.

Әбдіхамидтің арғы атасы туралы бір дерек осылай сыр шертеді. Жүндібай осы оқиғадан кейін тамалардың арасына көшіп барыпты. Жалпы, бұлар Жылқышы Табынның Сармантақ  бөлімінен, оның Мұрат  аталығынан  тарайды. Ермекбай  ақсақалдың айтуынша, Әбдіхамид те, ағасы Аманқос, әкесі Темірғали, атасы Жарми барлығы Абат Байтаққа қарсы Сарыбастау деген жердегі үлкен белесте орналасқан ескі қорымда жерленген.

Әбдіхамид туралы әр жерден там-тұмдап кездескен деректердің өзінен оның ұлтын сүйген, оның жарқын болашағы үшін күрескен қайраткер екендігі  көрінеді.

Ол, сөз жоқ, біздің даңқты жерлесіміз, Қобда жерінің түлегі. Өкінішке қарай, оның есімі туған жерінде де белгісіз болып қалды. Әбдіхамидтің қастерлі есімін атаусыз қалдырмай, көшелерге, мектептерге беруге болар еді.

2006  жылдың 13 сәуірінде Н. Жетпіспайдың және  А. Есіповтың  алашордашы Ә.Жүндібаевтың өмірі мен қызметі туралы деректерімен танысқаннан соң, оның ұлы Ермекбаймен жездесу үшін Оңтүстік астанаға жол тарттым.

Сол кездегі Қобда ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы, бұл күнде Ақтөбе  қаласының  осындай  қызметінің  басшысы  Қадырбек  Меркашев  Ермекбай ақсақал елден дәм татсын деп, бір ірі ісек әкеліп тастады.  Мен  өз  кезегімде  ақ-сақалдың иығына жабатын шапан дайындап, Абат-Байтақ кесенесі түбінен туған елдің бір уыс топырағын алып, Алматыға аттандым.  Жолдасым Зоя етті түгел қойдың өз қарнына салып, ауызын тігіп тастап еді, тағам жолда бұзылмай астанаға сол күйінде жетті. Ақсақал және кемпірі  Лидия Федоровна әжемізбен кенже ұлы Александрдың ерекше күтімінде екен, айналасында толған кітап-журналдармен қатар бір төбе дәрі-дәрмектер. Жанарынан үшқын атқан, жиған-тергенін ұрпағына жеткізсем деген мақсаты бар, елден келген маған көзіне жас алып қуанып қалды.

Қатпас-қара тарамыс шал алғаш көргенде Эрнест Хемингуэйдің «Шал  мен теңізіндегі» балықшы шал Сантьягоны  айнытпай есіме түсірді. Сексеннен  асқан,кәрілік пен науқасымен арпалысқан  Ермекбай  ақсақалдың  әнгімесін  жазып  алу оңайға түспеді, ол кейде ентігіп, дауысы тарылып, кейде өзі өткен өмірінен өзі шар-шағандай көрінетін.

- Қазіргі өмір жұмақ қой,  деп бастады ол әнгімесін. - Жаңажолда негізінен Табындар, оның ішінде Байғазыдан тарайтын Ебес, Кедейғұл, Малғара мен Сармантақтар тұратын. Біздер Сармантақтардан тараймыз, біздің шежіреміз төмендегідей:

Біздің жаққа аштық келді, бала күнімізде өзен бойы толы жеміс-жидек, қоғаборықты ермек үшін теріп жейтін едік, ал отызыншы жылдары соларды аштан өлмеу үшін жейтін болдық.

Оқуға құштар болдым, сөйтіп Новоалексеевка қазақ орта мектебіне оқуға түстім. Орыс мектебі атам заманынан бар екен. Қазақ мектебі беріректе отызыншы жылдары ашылған. Жұт жеті аталы деген  аштықты  қойып  енді  маған жетімдік пен жалғыздық төнді.

Туған  шешем, Аманғостың әйелі Әуес болса да, мені туған бойда  Әбдіхамиттің әйелі Зүбайда етегіне салып әкеткен екен. Темірғалидың  бәйбішесі мен екінші әйелі екі әжем және Зүбайда шешелерім бірінен кейін бірі көз жұмып, мен нағыз туған шешем Әуеспен қалдым.

Ертеректе есімде қалғаны әкем Әбдіхамит 1918 жылы Ә. Жанкелдиннің шақыруымен Орынборға кетпес бұрын, болыстық сайлауға түскен.

Менің басыма қара күн туа бастады. Әбдіхамиттің інісі Мырзағұл ұсталып  кетті. Жоғарда айтқандай шешем Әуеспен қалдым,бастан өткен қиындықты  айтып жеткізу мүмкін емес. Әбдіхамиттің інісі Кәкім келіп тұратын, бірақ еті жуас, кенже ретінде ерке өскен онан күтетін көмек пен пайда жоқ.

Ол бір ауыз орысша білмесе де 1942 жылы майданға алынып, Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапты.

Шешемнің арқасында мен жеті жылдық мектепті бітірдім. Соғыстың алдында интернатқа 42 рубль, оқуға 180 рубль төлейтін заң шықты. Ал үйдегілер қолдарына 100 грамм тарыдан бөтен бір тиын алмайтын. Оқу мүмкіндігінен айырылған мен түні бойы егіліп жыладым, бірақ амал нешік...

Бір жақсы қасиетім білімге құштар едім, мүмкін бұл аталардан дарыған қасиет шығар, ұлдарым да білімпаз екеніне қуанамын.

Қобда жерінің асыл азаматтарының бірі Қосөткелдің Жездібай табыны Хасен Наурызбаев болатын. Оның әкесі Ерғазының шымнан соғылған жертөлесі дәл Тасмағамбет талының түбінде еді. Ол Дүйсенғали Қойбағаровпен тума (оның ұлы Владимир ұзақ жылдар баспаханада істеді).

Оқуды жалғастыру ниетімен мен Ақтөбеге тары таситын 4–5 арбаға ілесіп, облыстық газеттің редакторының орынбасары болып істейтін Хасенге  аттандым. Себебі, оның әйелі Қазина аталас жақындарымыз еді. Ол мені жылы қабылдағаны соншалық, жақсылығын өмір бойы ұмытқаным жоқ. Бұл  1940 жылдың қоңыр күзі болатын, балалары Фрунзе 8, Марат 5, Тамара бір жаста еді. Ол кезде «Социалистік жол» газетінің редакторы Беріш руынан Құбаш Қожамұратов болатын, Кәрім Ержанов та осында.

- Біздің үйде жатып, оқи бер,  деді апамыз. Сөйтіп мен Ақтөбеде қалып № 6 мектепте оқи бастадым, бұл рентгензаводтың қасында. Дәл осы кезде Жаңажолда Әуес қайтты деген қайғылы хабар жетті. Мұны маған айтқан адам менің көзімнен бір тамшы жас тамбағанына қайран қалды. Есесіне мен жалғыз қалған түнде таң  атқанша жыладым, бірақ көз жасы қайғыға  көмектесе ме? Мен Хасен ағаның үйінде суымен кіріп, күлімен шықтым, бүкіл үй жұмысын өз мойыныма алдым.

Мені қиналтқан бұл шаруалар емес еді. Олар онша қиын да болған жоқ. Қиналтқаны күн санап төніп келе жатқан соғыс бұлты болатын. Түн ортасында оянып, нанның кезегіне тұрамын, ал талонмен беретін паек нанды не таңертең, не күндіз аласың.

Мектептің алдында поликлиника болатын, коридорында тері диван бар еді. Шаршайтыным сонша, күні бойы соңда барып ұйықтаймын да, кешке  мектептен келдім деп үйге қайтамын.

Сөйтіп, мен  Хасен ағаны  қамқорлығымен 8 класты тамамдап, 1941 жылы облыстық газетке корректор болып орналасып, бір жыл жасадым. Келесі  1942 жылы мен нағашым Бақытжанға қайтып келдім. Қыркүйек айында  күтпеген жерден аупарткомның  бөлім  меңгерушісі Рахметолла  Ағниязов  шақыртып, аудандық  «Қобда стахановшылары» газетіне жұмысқа  орналасуға көмектесті.

Көліктен редакцияда жалғыз соқыр торы ат болатын, ауылдарды соған мініп аралаймыз. Мен редакцияда 1943 жылдың  7қаңтарына дейін қызметте болдым, сол күні маған Қызыл Армияға шақырту қағазы келді. Рахметолла ағамыз қайтадан шақыртып, саған «броньмен» қалуға болады деді. Бірақ  мен алған бетімнен қайтпадым.

... Башқұртстанның Алкино соғыс лагерінде комиссия авиация училищесіне курсанттар қабылдап жатыр екен, олардың қатарына мен де іліктім. Осылайша Омск, Новосибирск, Барнаул арқылы Алтай өлкесінің Поспелиха деревнясына бас тіредік. Қазір ойланып қарасам, бір қызығы, Семейден бір  қадам жерде екенбіз ғой. Осында бастапқы білім беретін бастауыш авиация мектебі орналасқан. Соғыс жағдайына сай ұшқыштар мен авиация  мамандары жеделдетіп дайындалуда.

Кейін  біздерді  Енисей өзенімен төмен жүзе отырып Красноярскіге жеткізді.  Бұл қалада біздер ШМА–авиция кіші мамандары мектебін үш айда бітіріп, аға сержант атағымен авиамоторшы мамандығын меңгеріп шықтық. Сөйтіп,  мен Қазан және Саратов авиация зауыттарында ұшақ аппараттарын  қабылдап алатын комиссия мүшесі болып, басқа да қызметтер атқарып, сол  жақта үйленіп, елге жеті жылдан соң 1950 жылы оралдым. Қасымда әйелім Лидия Федоровна, бір жасар ұлым Владимир бар.

Қайтадан, көп жыл өткеннен кейін Талдысайға Бақытжан нағашыма барамыз деп шештік. Мен осы күнге дейін жасым келсе де, нағашыларым Сәкен, Нұрлыбек, Қәдірбек, Қуанышбектерді жас шағынан бастап есімде сақтап  келемін. Олардың бәрі қазір ер жетіп азамат болды.

- Бақытжан ақсақал ешкімге ұқсамайтын өзгеше  жан  еді, деп Лидия  Федоровна әжеміз де шалын қостап қойды. Туған жерге оралғанда бірінші  болып аман-саулық сұрасып, оның ақ босағасын аттайтынбыз.

Атамыз бойшаң  кемпірі керісінше оның белінен келеді. Үйлері әрқашан жинаулы, тап-таза. Мені таныстыруға әкелгенде кең пейілімен қарсы алып, баталарын берген.

Ол әркез өз тәрбиесіндегі  кішкентай Қуанышбекті тізесіне отырғызып,  «Беломорканал» папиросын өзі де тартып, келесі біреуін Қуанның ерніне қыстырады.

- Ата, неге баланы темекіге үйретесіз?  деймін мен нағашыма.

- Нағыз еркек темекі тарту керек, дейді ол.

Оставкадағы полиция полковнигі Қуанышбек Бақытжанов атасының есімін  тегі қылып жаздырды, бір қызығы, ол атасы сияқты темекі шеккен жоқ.

- О  дүниеге аттанар алдында ғана Бақытжан атамыз бес рет үйленгенін айтты, дейді әжеміз Лидия Федоровна, ал мен өзімді Қобда жерінде тұңғыш босағадан аттатқан кішкентай әжем Ынтазарды ғана есімде сақтаппын.

Алаш партиясының бағдарламасын жазушылардың бірі Әбдіхамит Жүндібаевтың бүгінгі ұрпақтары кімдер? Ермекбай ата мен Лидия  Федоровна төрт ұл тәрбиелеп  өсірді. Олардың бәрі де атақты аталарының  есімін жоғалтпай, ол көп армандап жете алмай кеткен тәуелсіз  Казақстанның лайықты азаматтары болып қалыптасты. Тұңғыштары  Владимир Ермекбайұлы Ташкент электро-техникалық байланыс институтын бітірген. Ол Орынбор облысың Гай қаласында 15 жыл бойы кен-байыту комбинатының жер асты барлау жұмыстарына ат салысқан. Оның Владимир, Алексей, Виктор, Александр және Дмитрий деген 5 ұлы бар.

Ермекбайдың екінші ұлы Валерий Ақтөб  қаласында 1954 жылы дүниеге келген. Ол санаулы қазақ жастары арасында Мәскеудің Бауман атындағы МВТУ-ді бітірген, техника ғылымдары докторы (2009 ж.), Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық  университетінің  құрметы  профессоры  (2006  ж.),  Машинажасау  және Транспорт Ұлттық Академиясының Академигі (2013 ж.). 76 ғылыми мақала, Кеңес Үкіметінің  3  өнертабысының,  ҚР  1  патент  өтінімі  авторы  және  «Функционаяльная устойчивость  и  техническая  диагностика  ленточных  конвейеров»  монографи-ясының авторласы (2012 ж.). Техника ғылымдары докторы Валерий Ермекбайұлы Жүндібаев. 1998  жылдан  қарашасынан  бастап  2000  жылға  дейін  ҚР  Мұнай  және  Газ Министрлігінің «Мұнай және газды өнеркәсіптің басты диспетчер басқармасы» АҚ вице-президенті.

2000 ж. маусымнан — қазіргі уақытқа дейін ҚР Мұнай және Газ Министрлі-гінің «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК «PSA» ЖШС-нің менеджері.

Оның жұбайы Галия Қадырқызы Камешова да Ақтөбеде туып өскен, биология ғылымдарының кандидаты, Гумилев атындағы Езразия университетінде дәріс береді. Олардың үлкен қызы Карина Санкт-Петербургтың туризм Академиясын бітіріп, сол қалада  туристік  компанияда  жұмыс жасайды. Ол ағылшын, неміс, испан, итальян және басқа тілдерді терең меңгерген. Ал Айгүл мен Гауһар қазақша білім алуда.

Ал  Виктор Ермекбайұлы Саратов политехникалық институтының түлегі, ол атақты академик Александровтың кафедрасында білім алған, мамандығы  инженер-электрик. Оқуды тамамдаған сон ол өз өмірін КСРО Қарулы Күштеріне арнаған және жолдамамен «Москва-600», ал бұл Қазақстандағы Курчатов қаласында 10 жылдан астам қызмет атқарған. Бұл қаланың құпиясы Қазақстанда кештетіп жарияланған еді. Бұл қызметте ол майор атағын алды.

Виктор Ермекбайұлы  ҚР Қарулы Күштерінің іргетасын тұрғызушылардың бірі. Аға офицерлер құрамындағы Ұлттық кадрлар қатарында ол ҚР Қарулы Күште-рін  нығайтуға  шақырылады.  Оның  отбасында  жұбайы  Любовь  Михайловна,  Илья және Елена есімді ұл мен қызы бар.

Жүндібевтардың кенже ұлы Александр география ғылымдарының кандида-ты, география институтында дәріс береді. Оның Тимур есімді ұлы бар.

Ермекбай ақсақал 2004 жылы өмірден озған. Жасы тоқсанға таянған анасы Лидия Федоровнаның кіші ұлы Александр бағып-күтіп отыр.

Қосымша: Автор осы мақаланы дайындауға көмектескен тарих магистрі Нуржан Жетпісбайға алғысын білдіреді.

Балнияз Ажниязов

Abai.kz

0 пікір