Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Деп жатыр 7550 76 пікір 4 Қазан, 2019 сағат 11:39

Ұлтыңа деген ұлы махаббатың болса, бәрін жасауға болады

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы
Е. Қошановтың назарына!

Кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған Жұмыс тобының жетінші отырыс өтті.

Құдайға шүкір, төрт ұсынысымыз талқыға түсті. Үшеуі депутат Бекболат Тілеухан, біреуі Кәрібай Мұсырман жағынан ұсынылыпты.

Соның өзгеше біреуі – «Халықтың көші-қоны туралы» заңының «Оралмандардың құқықтары мен міндеттері» деп аталатын 26-бабына жаңадан енгізуге ұсынылған «Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін туған жерін тұрғылықты жеріне бір рет өзгертіп жазуға;» деген ұсыныс.

Жаңа нәрсе көрсе, жатырқай қарайтын әдетімен Жұмыс тобының мүшелері дәл осы тұсқа келгенде тіксініп қалды. «Әлемде мұндай тәжірибе бар ма?» деді Жұмыс тобының жетекшісі Кәрібай Мұсырман бірінші болып.

Сол-ақ, екен, ары қарай «Бұлай етсек, қалай болады?!» деген сыңаймен жамырай жөнелді қалғандары. Иығын қисайтып, миығынан күлгендері де болды...

Біз де өз тарпымыздан себебі мен пайдалы жағын дәлелдеуге тырыстық.

Біріншіден, бұл – қандастарымыздың маған жүктеген аманаты;

Екіншіден, соншалықты бір қисынсыз да нәрсе емес бұл, тағы қайталап айтайын, «Оралман» атауын «Қандас» деп өзгерткен соң, Төлқұжатындағы «ҚХР», «МХР», «Өзбекстан», «Ресей Федерациясы»... деген таңбалардан құлантаза құтылу;

Үшіншіден, бұл норманы енгізу үшін, саяси жағын өткен мақаламызда айттық, енді тарихи мәніне кішкене көз жүгіртсек, «Рас-ау!» деп, құптайтындардың қатары көбейе түсетініне менің көзім жетіп тұр. Түбін қусаң, шеттегі бар қазақтың байырғы мекені – Қазақстан. Мысалы, мен Найманның төрт Төлегатайының бір бұтағы – Матаймын. Төлегатай бабамның басы Сырдың бойында жатыр. Нағашым – Қызай анамның төркіні Ұлы жүздің Бәйдібегі. Бәйдібек бабамның мекенін Қуаныш Сұлтанов ағам өте жақсы біледі. Белгілі себептермен бір кезде қазақ даласының шығыс шетіне барып, ірге теуіпті. Империялардың өктемдігімен ол жер Қытайдың еншісінде қалды. Енді, қазақ елі тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болғанда, бойында сол Төлегатай мен Бәйдібектің қаны бар Ауыт Мұқибек ата-бабасының тарихи мекеніне келіп, Қазақстан Республикасының азаматы болып отыр. Сондықтан, менің Төлқұжатыма өз ата-бабамның жерін жаздыруға толық хақым бар деп есептеймін!

Сол секілді, шеттегі қазақтың ең бір қомақты бөлігін Керей тайпасы құрайды. «Керей, қайда барасың, Сырдың бойын жағалап?» деген кешегі Бұқар жыраудың өлеңін еске алсақ, олардың да тарихи мекені тағы қазақ жері болып табылады.

Одан қала берді, кешегі 1916 және 1932 жылдары Шығыс Түркістан асқан Жетісудың Албаны мен Суанының екінші-үшінші ұрпағы бүгін қайтып оралып отыр. Иран, Ташкент, Ашхабатқа дейін босып кеткен қазақтардың да байырғы жұрты өзіміздің Батыс аймақ...

Демек, олардың да елге оралған ұрпағының  өз мекенін құжатына жаздырып алуға толық хақысы бар!

Егер, осы тұрғыдан қарасақ, «Әлемдік тәжірибеңіз» әдірәм қапқалы тұр!

Айтпақшы, Кәрібай Иманжанұлы «Әлемде мұндай тәжірибе жоқ!» деп қалды ғой. Жоқ-ақ болсын! Онда сол жоқ нәрсені Тәуелсіз Қазақстан, оның қос палаталы Парламенті неге жасамасқа?! Біз де бір ел екенімізді әйгілеп, Кәрекеңнің аузының суын құрғатқан сол «Әлемді» таңғалдырмаймыз ба?!

Сөйтіп, депутаттар абың-күбің, ыбыр-сыбыр болып жатқанда, Жұмыс тобының жетекшісі «Бұл ұсынысқа Әділет министрлігінің өкілі не дер екен?» деп, менің қасымда отырған жігітке сөз берді.

Әділет министрлігінің өкілі Нұрғазы бауырымыз «Менше, бұл ұсынысты енгізуге болмайды. Себебі, Қазақстан Республикасының Конституциясының 41-бабының 2 тармағында «Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады.» деп жазылған. Сол нормаға қайшы» деді.

О, депутаттардың Көктен тілегені Жерден табылды. Күреңіте бастаған жүздері жайнап шыға келді. «Болмайды!» көбейді де кетті...

Дұрыс, Конституцияны сыйлауымыз керек!

Бірақ, Конституция бойынша бір-ақ адам президент болады. Ол әр бес жылда бір рет сайланады. Президентке үміткер ретінде, ары кеткенде, бес не он адам тіркелер. Соған бола шеттен оралған бір жарым миллион қазақтың 60 пайызын «өзбек», 10 пайызын «маңғол», 15 пайызын «қытай» дегізіп қоямыз ба?! Одан гөрі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңына толықтыру енгізіп, президенттікке үміткерлерден туған жерін анықтау туралы анықтама талап етілетін норма енгізе салуға болады ғой. Айналдырған оншақты адамға бір парақ анықтама алу қанша қиын?! Қазір "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы өз жемісін беріп отыр. Анықтама дегеніңізді үйде отырып-ақ ала бересіз!..

Ұлтыңа деген Ұлы Махаббатың болса, бәрін жасауға болады. Ендеше, бұл ұсыныстан үркудің қажеті жоқ! Заңға енгізу керек!! Сөйтіп, Қазақ Парламенті өз тарихында «Әлемде жоқ» жаңалық ашуы, тарихқа қалуы қажет!!!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

76 пікір