Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әңгіме 4401 2 пікір 3 Қазан, 2019 сағат 10:32

Нұрмахан Елтай. Шық жекпе-жекке

(Әзіл әңгіме)

...Есіктің алдында аяғымды айқастырып, айдалаға қарап ойланып отырсам, Гөзалдың кетік баласы жетіп келді. 

–Аға, сізді көкем шақырып жатыр! – деді танауы делдиіп. Тіксініп қалдым.

–Мас па?

–Сау.

–Үйде кім бар?

–Әңкіш көкем екеуі шай ішіп отыр.

Туасы, Гөзалдан аулақ жүрген абзал. Әкесі - жездеміз, елді шулатқан Дәйіс еді. «Қасқадан - төбел туады, қотырдан - қыршаңқы туады» дегендей, бұл да көксоққанның бірі. Ащы судан қотарып, «қуанышты» келе жатса, берекеңді бес тиын етеді. Бауырмалдық танытып, бетіңе аузын ала ұмтылады. Сілекейлеп, сілікпеңді шығарады. Танауынан да бірдемелер тамып кете ме-ау, қайдам, әйтеуір, құтыла алмай діңкең құриды. Атын естігеннен қарадай шошып отырғаным сондықтан. «Шақырған жерден қалма» деген қағида басыма қаңғып келе қалды да, сүйретіліп орнымнан тұрдым. Үйіне кіріп барсам, Әңкіш екеуі шынында жайбарақат шай ішіп отыр, кәдімгі дені сау адамдар секілді. Мені көріп, Гөзал:

–Нағашеке, төрге шық,– деп ары қарай қопарыла құлады. Бұл да болса ілтипаты шығар деп ішім жылығанмен, сескенісім де шекарада тұр.  Түрі жаман албастының. Отырысын қарашы, шөккен түйе секілді. Бас дегенің анау - бұжыр - бұжыр таудан құлаған қойтастай. Айтабақтай беті мынау - ұсақ мал жүріп өткен қатқақтай, ойдым - ойдым, жыра - жыра  быжынаған бірдеңе. Кептіріп қойған тері секілді екі жағында ербиіп тұрғаны құлағы болуы керек. Маңдайын жарып шығып, бір жағына ойыса құлаған мұрны ауыз деген апанына ентелей төніп тұр. О тоба! Осы пошымына сәйкессіз ебедейсіз тесіле салған кішкене көзі тас қараңғыда ұзақтан көрінген жарықтай қимылсыз жылтырағанда, зәрең ұшады. Үсті - басына қап жауып, бет аумағы тұсын тосын жұртқа көрсете қалса, «Бұл қандай жануар?!» – деп кім болса да шошынар еді. Екі-үш күнге дейін жайсыз түс көруі де мүмкін.  Ұсқынының ұзын ырғасы осындай.

Мінезі ме? Айтпа! Асыр - тасыр, сойқан -содырдың нағыз өзі. «Басыңды қырт кесіп алып, өзіңмен - өзіңді сөйлестіріп қояйын ба? – деп оттап, қолын орақша иіп, олай -бұлай сермегенде тажал тақалған шығар дерсіз. Осындай қылығының «рахатын» өзі де, өзгелер де талай көрді-ау. «Қырт кесем Пері» деген жанамасы сол әдепсіз әдетінен жабысқан болуы керек. 

–Достарым! – деді Гөзал байсалды дауыспен. Мұнысына Әңкіш екеуміз қайран қалдық. Мен зеріктім. Талайлармен алыстым, талайлармен салыстым. Бірақ, бір шерім тарқамай құса болып өлетін болдым. Қайтейін,,. осы төтеп береді-ау дегенді қойып қалсам, тоңқалаң асады. Тартып қалсам талып қалады. Бұл аумақтағы төбелеске «тәбеті» бардың бәрін сыпыра сабап, тауыстым. Құлақ шекемнен құлаштай ұрып, құрышын қандыратын бір нақұрысытың шықпағаны ма? –деп әлгі гүрілдеп жайын аузын жалпылдатып, жамбастай жатты. «Оспадардың ойын қарашы! Әңгүдіктің әңгімесі қалай-қалай? Атаңанәлет албасты-ау, басыңнан бақанмен ұрмаса, жұдырыққа бой беруші ме едің. «Бақа батпағын сағынар» деп көп төбелесінің бірін аңсап отырғаннан сау ма? Әр кеудеде бір қиял деген осы, ә!» Өзі пәле, ойымызды тап басты-ау, деймін, енді Гөзал жылдам - жылдам сөйлесін: 

–Іріген ауыздан шіріген сөз шығады деп әбес ойламаңдар, ит те болса құрдассыңдар ғой, менің жұдырығыма шыдайтын біреуді табыңдар, шерімді тарқатайын, – деп мына пері үһілегенде аузынан жалын шыққандай болды. –Дарияның арғы бетіндегі Шылқамай деген ауылда Семсер деген төбелескіш біреу шықты дейді. Сонымен мені бір ұшырастырыңдар. Содан  қайран болмаса, арманда кетіп өліп кетермін. Бәске үш аяқты мотоциклімді тіктім. Сендер де құр қалмайсыңдар. УҺ! – дегені жалынышты естілді. Мынаның ойыны емес екен, шын ойы бір сойқанды бастағалы отыр. 

–Қырықтан асып барасың «Бөрі қартайса, итке күлкі болар» деген, жастардан таяқ жеп, күлкіге ілінерсің,– деп сақтық айтпақшы едік, бәлеге өзіміз қала жаздадық. Орақтан қалған қамыстай бетінің әр жеріндегі түгі білеудей-білеудей болып ежірейе түрекелді. Түюлі жұдырығы келідей кертиді. 

...Аш пәледен, қаш пәле, соның дегені болды, ұзатпай көрші ауылдағы жындыпашқа «переговорға» барып келдік. Гөзалдың аузының суы құрып айтқан жуан жұдырығы «ә» десең «мә» деп тұрған қодар болуы керек, төбелестің хабары тиісімен көзі төбесінен шықты. Алақанын ысқылап, саусақтарын сытырлатқанда, от шыққандай ма?! Семсер десе семсердің сілтей салуға даяр нағыз жалаңышы екен.  

...Үлкен жолдан ұзақтау Шаңтөбе деген төбе бар еді. Төбелес сол төбенің төбесінде өтетін болып белгіленді.

Келісілген мерзімде біз үш мотоциклмен бара қалдық. Олар бізден де бұрын келіп күтіп отыр екен. Ана албастыны көріп, жүрегім дір ете қалмасы бар ма, төбенің басында «КамАЗ» - бен біреу мусор төгіп кеткендей бірдеңе үйелеп жатыр. Қап-қара, сабалақ-сабалақ бір бәле! Танауы таңқиып, адамға мұрнымен қарайды. Өзі алыса кетуге дайындалып, беліне дейін шешініп алғанын қарасаңызшы. Бордақыдан шыққан бұқадай денесі жылтылдап тұр. Опшым, дию дегені осындай-ақ, болар. Біздің пері ананың жанында қыздың баласындай жинақы көрінді. Бір кезде ана содырдың  «секунданты» келіп, мәністі түсіндірді.

–Біздің дәу «танымайтын кісімен әй-шәйсіз қалай төбелесемін, ашуым келмей тұр» деп қырсығып отыр, –деді. Өзін-өзі жұлып жеп, қыздырынып тұрған Гөзал мұны естіп: – «Тілеп алған байымды, ешкі теуіп өлтірді» дегендей, армансыз бір төбелесем бе десем, мұнысы несі? Қорықпасын. Мотоциклге бұзаулы сиырды да қостым, – деп орнынан секіріп-секіріп кетіп, тұрған жерінің шаңын бұрқырата шығарды.

–Қорқып тұрған жоқ. Ашуы келмей сорлап отыр. Жыны келсе мәсіңді тігіп жібереді. Арлы-берлі боқтап-боралап, намысына ти, сонан соң көресің Әзіретәлінің ойынын, –деп секундант әрі кетті.

Арманы бір төбелес болып, діңкелеп жүрген Гөзал әңкілдеп, бурадай шабынып, қарсылас диюінің жанына әп-сәтте жетіп барсын. Міне, қызық, әлгі неме «адам келді, шыбын келді» деместен, гүмпиіп сағыз шайнап жайбарақат отыра берді ғой.

–Боқта, ата -бабасынан  қоймай сыба, – деп сүлгімізді желпіген Әңкіш екеуміз жанамалай ат қосып өліп-өшіп жүрміз. Жер тарпып тұрған Гөзал:

– Жалпылдаған аузыңның шешесін..,– деп алғашқы «атаканы» бастап-ақ жіберді. Мә, саған.., анауың түк естімегендей, сағызын шайнап, түкіріп отыра берсін. 

– Давай, тағы да, – деп дем беріп, біз де жанталасып жатырмыз. Жүн-жүн жұдырығын бір біріне ысқылаған біздің содыр:

–Әй, қазаққа ұқсамайтын қотыраш, шық, жекпе-жекке, - деп ырылдағанда айнала жаңғырды. Ана қара дию ашуланудың орнына кеңк-кеңк күліп алып: «Өзің ұқсап жетісіп тұрған шығарсың», десін. Сабырлысын - ай, сабаздың! Қазақты қазаққа ұқсамайсың дегенді есту кім болса да қолында өлетін ақ сөз ғой. «Маладес, Гөзал! Бір ұпай алдың. Давай тағы!»

–Басыңды қырт кесейін бе, намыссыз өгіз. Сен сияқтылардың топастығынан байлығымызға әркім көз алартып, аяқасты етіп жүр, – деп Гөзал әңгімені әріден қозғады. Ана содырдың беті бүлк етпеді. Сағызын шарик жасап үрлеп, өзімен - өзі мәз. «Құдая тоба! Шынында қандай намыссыз?!»  Гөзекең бабына енді келе жатқандай бусанып барылдап тұр.

–Сен итте бауырмалдық та жоқ. Әркімге қонақжайлық танытып, иіліп төсек, жайылып жастық болатын жағымпаз көксоққанның дәл өзісің! Мәссаған! Қалай тауып айтады-ей, мына жынды. Ал, әлгі неме әлі сиыр құсап, малжаңдап отыр. –Өнер, білім, мәдениеттен мақұрым қалған миғұла! - деп Гөзал одан сайын өршеленді. Анау анық мақау екен. Бұ сөзге де құлағын  қақпады. Тіптен маужырайын деді ме, көзі жіпсиіп кетіпті. Кеңірдегі кетпен саптай болып тұрған Гөзал:

– Әй, жалмауыз, тілің бар ма? – деп қышқырды.

–Ну и что?–дейді ана әпербақан самарқау ғана. Біздің жуан жұдырығымыз күйіп кетіп жерге бір түкірді.

– Міне, қазақ тілінің оңбай жүргені осы! Өлейін деп отырып, өзге тілде шүлдірлейсің. Ойбай-ай, тілің кесілгір, неге қазақша тіл қатпайсың?!

–Туу, әртіс емессің бе өзің? Адамның күлкісін келтірдің-ау, ашуыма тиетін бірдеңе десей, төбелесіп жайымызға кетейік, –деді мына қылыққа тіптен көңілі көңшімеген анау таңырайтып аспанға қарап.

–Көзқамансың!

–О не нәрсе?

– Мәңгүрттен де жаман, ұлттың жауы дегенді бір жерден оқығаным бар.

–Е, оныңды қойшы!

–Қатынша салғыласып отыра бересіңдер ме? Төбелестеріңді тез бастаңдар. Қызық көреміз деп келіп, шаруамыздан қалдық қой, жүдә! «Таз таранғанша той тарқайды» болды ғой мыналарың,– деп тықыршиды Әңкіш.

Ә дегеннен ұстаса кетпеген соң, аптықтары басылып қалған ба, екі жуан жұдырығымыз енді қатарласа отырып, темекі шегуге кірісті. Қап! Ана пері «тағы бір төбелесетінді тауып бер» деп миымызды шірітетін болды-ау, деген уайым түсті маған.

–Шылқамай аталатын ауылдарыңның аты тәп-тәуір болғанымен, тартқан  темекің болмағыр бірдеңе ғой, – деп түтінін будақтатты Гөзал. Осы кезде  манадан маңқиып отырған Семсерге жан кіргендей, жақтырмай алара қарады.

–Туу, темекің сасып кетіпті ғой, өздерің секілді,– деді Гөзал темекі қалдығын шиыра атып жіберіп. Осыны естісімен лезде бет-аузы қызара бастаған ана гүжбан: «Не дедің?» – деп гүрілдеді батпаққа тығылған Зил машинасы секілденіп.

–Темекің сасық деймін, –деді Гөзал жайбарақат қана. Осы кезде ана қара  дию біреу біз тығып алғандай орнынан қарғып тұрмасы бар ма?

–Не деп оттап тұрсың? Сасық! Біздің руды масқаралап тұрсың ба?  Ауылымызды әжуалап, руымызды мұқатып былшылдап қоймайсың ғой, өй, әкеңнің.., деп түтігіп кетті. Манадан түп-тамырымен сыбап Гөзалдың келтіре алмай тұрған ашуы осы шығар деп шамаладық. Жынын жан-жаққа таратып жіберіп, құр қол отырған біздің әпербақан қапелімде сасып қалып:

–Не болды сонша? – дей берді.

–Сасық, сасық, деп мазақ еттің. Руым-ұраным! Руымның атын былғатпаймын! Өңкей Жамантай, көресілеріңді көрсетейін, – деп ана дию біздің періге тап берді. Бұл да жан дәрмен қопарыла тұрып, жағаласа кетсін. Аспан жерге, жер аспанға шыққандай зірк-зірк. «Арыстанды-Қарабастың» желі азынағандай айнала топалаң. «Тауда арқар сүзіссе, үйдегі текенің мүйізі сырқырайдының» кері келіп, көз алдымыздағы мына сойқан делебемді қоздырсын. Бар күшімді жұдырығыма жиып, ит таластырғандай ырылдасып, ырсылдап алысып жүрген екі дәуге қарай тұра жүгірдім. «Аузын теріс жағынан шығарып жіберейін жаман неменің». 

Иә, содан Гөзалға әл бермей жүрген ана әпербақанның құлақ шекесін оңтайлай бергенім есімде, сол замат бірдеңе «тық» ете қалғандай болғаны тағы да есімде, аяқ-қолым аспанда жалпылдап қалықтай ұшқаным да есімде, құйрығыммен жайлап «посадка» жасап, жерге қонғандай болдым-ау. Осы сәтте Әңкіш секілді біреу аузы бір жағына қисайып, үстімнен желпілдеп ұшып өткендей болды. Одан соң түк те есімде жоқ. Бір кездерде есімді жиғандаймын, шалқамнан сұлай құлаған екенмін. Әңкішім екі бүктеліп, жаныма жайғасыпты. «Мың асқанға бір тосқан» дегендей туа таяқ жеп қөрмеген Гөзал жынды да аузы пырым-пырым, етпетінен түсіп жайрап қалыпты. Арманына жетті деген осы шығар, оңдырмай сабапты сабазыңды.

Бір кезде есін жинаған біздің пері аузы-басы шаң-шаң болып, тісін қышырлатып:

–Тоқта! Деді жандалбасалап, – Құмарым тарқамады-ау. Қайта шық, жекпе-жекке! – деп құйрығы мұзға қатқан қасқырдай жан даусы шықты. Қайтсін енді! «Ерді намыс өлтіреді...» деген осы! Әсіресе қазақы намысты айтсаңызшы...

Нұрмахан Елтай

Abai.kz 

2 пікір