Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 3896 7 пікір 23 Қыркүйек, 2019 сағат 10:58

Отандық медицинаға билік тізгінін ұстап отырғандардың өздері сенбейді

"Бөліп ал да, жей бер!" Қазір дәл осындай қағида белең алып тұр. "Тендер" дейтін "жеңдер" ұранын айтпағанның өзінде мемлекеттік қорлардың өзі сұмдық.

Зейнетақы жинақтау қорының әкімшілік шығыны Қаржы министрлігінің өзін он орайтын көрінеді. Ол ақшаны да оңды-солды шашып, дамушы елдердің банктеріне беріп қойып ала алмай сандалып жүр. Не деген майшелпек?! Ал, енді оған Міндетті медициналық сақтандыру деген қазірдің өзінде 200 миллиард қаржы жинап алған тағы бір майшелпек қосылды.

Бұл қор 90-жылдары бір рет құрылып, бәріміз жалақымыздан тірнектеп жинап қаржы аударғанбыз. Кейін Талапкер Иманбаев дейтін басшысы қордағы ақшаны түгел сыпырып алып АҚШ-қа қашып кетті. Біраз шуладық та қойдық. Қазір мүлде ұмыттық.

Қор құрылса да отандық медицинаға билік тізгінін ұстап отырғандардың өздері сенбейді. Олар қыңқ етіп ауырса шетел асып емделеді. Германия, Израиль немесе өзге елдерге барып сауығып келеді. Сондықтан қарапайым халықты "өлмек тұрмақ өмірем қап", "пұл болмасаң, күл бол" дегендей тоналған, ысырапталған бюджетке телміртіп қояды.

Жоғары білім алу үшін де чиновник атаулының балалары құс қайтқанда Еуропа мен Батыс өркениетті елдерінің университеттеріне аттанады. Жалғыз жарым кетпейді, шешелерін ерте кетеді. Бар болса, ата-әжесі де қосыла шабады. Өйткені, Лондон, Уашингтон, Бонн, Нью-Йорк секілді әлемнің ірі қалаларында олардың әлде қашан сатып алып қойған жайлы үй-жайлары бар.

Ал, мұндағы "бойдақ" отағасы еш жетімсіреп жұтамайтыны айтпаса да түсінікті. Апта сайын чартерлік рейспен ұшып барып келемін десе, ешкім оған "әй" де, "қой" да демейді. Мұндай жағдайда мемлекеттік ірі лауазымда отырғандар елдегі медицинаның, білім берудің сапасына, жалпы, ел мен жердің, халықтың тағдырына пысырып та қарамайтынын аңғару үшін көп ақылдың қажеті жоқ.

Қуандық Шамахайұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

7 пікір