Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3588 0 пікір 20 Қыркүйек, 2019 сағат 11:15

Сыр өңірінде «Qobyz» сауда белгісімен оқу формасы нарыққа шықпақ

Қызылордадағы жеңіл өнеркәсіп Қауымдастығы алғашқы өнімдерін «Qobyz» сауда белгісімен шығара бастады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрағасы, «Dalatex» компаниясының директоры Ділмұхамед Абызов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қауымдастың биылғы жылы қолға алған «Бастауыш сыныптарға арналған бірыңғай мектеп формасы» әлеуметтік жобасына қаладан әзірге 33 мектеп қатысқан. Пилоттық жоба аясында мектеп формасы бірінші класс оқушыларына арналып тігілген. Жобаны жүзеге асыруға «Dalatex»-тен өзге 20-ға жуық тігін шеберханасы қатысып, 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған.

- Жобаны бірінші рет жүзеге асырғандықтан жеткізуде, тапсырысты дер кезінде орындауда кемшіліктеріміз де болды. Дегенмен алған міндеттемемізді толықтай орындап шықтық. Жобаның ең үлкен жетістігі шағын 20-ға жуық тігін шеберханасын тапсырыспен қамтамасыз ете алғанымыз. Келесі бір артықшылығы жобаның әлеуметтік жоба болғандығында. Яғни тігілетін киімді 10-12 мың теңгеден асырған жоқпыз, - дейді Ділмұхамед Абызов.

Сонымен қатар ол «Бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп формалары» жобасының жүзеге асуына жергілікті тауарөндірушілердің бұл саламен айналыспауы түрткі болғанын айтты.

- Өңірімізде бастауышта 50-60 мың бала оқиды. Бұл оқушыларға оқу формасын алу ең төменгі есеппен есептегеннің өзінде жобамен 500 млн.теңгені құрайды. Осыншама қаржы сыртқа, нақтырақ айтқанда Өзбекстан мен Қырғызстанға және өзге де елдерге кетіп жатыр. Біз осы өңірде тұрғандықтан аталмыш қаржының ең болмағанда 30 пайызы өз облысымызда қалса, экономикамызға пайдасы тисе, әлеуметтік жағдайды жақсартуға жұмыс жасаса деген алдымызға мақсатты қойдық, - дейді облыстағы Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрағасы.

Қауымдастық «Qobyz» сауда белгісімен жарыққа шыққан өнім көлемін одан әрі арттырып, әрі қарай жалғастыруды көздеп отыр.

Айта ктейік, Қызылорда облысында Кәсіпкерлер палатасының алаңында тігін цехтарының иелері мен қолөнершілер, дизайнерлер жиналып, өңірлік жеңіл өнеркәсіп қауымдастығын құрған болатын.

Abai.kz

0 пікір