Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 5133 7 пікір 19 Қыркүйек, 2019 сағат 13:20

«Қуыршақ қыздарға» сұраныс қайдан келеді?

Еуразия 1-ші арнасында болатын осынау ток-шоуда қазақ қыздарының бүгінгі келбетіне қатысты «қуыршақ қыздар» деген өзекті тақырып қозғалып, ұлттық сана мен болмысымызға үлкен қатер төніп тұрғанына назар аудартатын бір қоңырау болды.

Дегенмен, тақырып кеңінен ашылмай қалды деп ойлаймын.

Біз шыр-пыр болып қазақ қызының келте кимеуіне, омырауын ашып жүрмеуіне, жасанды сұлулық іздеп түрлі пластикалық операцияларға босқа қаражат шашпауына үгіттеп жүргенде мәселенің екінші ұшын ұмытып бара жатқандаймыз.

Экономика тілімен айтқанда «сұраныс бар жерде ұсыныс әрдайым болады» демекші осындай қуыршақ қыздарға сұранысы бар ер адамдар болатынын шетке ысырып қоюдамыз.

Ащы ақиқатты айтайықшы,..

Осы қуыршақ қыздар барып құрығын тастайтын түнгі клуб, ойын-сауық орындарына қарапайым қазақ бармайды. Ендеше олардың көздегені қарапайым қазақ жігіті емес. Олардың көздегені - ойын-сауықты қалтасы көтере алатын бай-бағландардың ортасы. Ал бүгінгі бай-бағландар кімдер десек, шенеуніктер мен депутаттардың балалары, солардың ортасы деп айтсақ қателеспейміз. Дәл сол бай-бағландардың балалары түнгі клубтардан шықпай, жоғарыда аталған қуыршық қыздармен бірге орта құрып, мына қарапайым қазақы ортадан бөлек, ел мәселесінен жырақ жеке бір әлем болып жүргені.

Ең өзектісі - дәл сол шала қазақ, тілі шұбар, қуыршақ қыздарға сұранысы бар, қалталы азаматтарымыз және шенді азаматтарымыз біздің экономикамыздың, саясатымыздың негізгі орындарында отыр және бізді басқарып отыр.

Ешкімге жасырын емес және әлеуметтік тақырыптарда жиі қозғалып, «тоқал алу», «тоқалды заңдастыру», «тоқалдардың мәселелері» деп көтеріліп отырады. Тіпті тоқал алуда шенділеріміз жарысқа түскендей, оларды заңдастыруға депуттаттарымыз ел әлеуетін көтеруге қарағанда көбірек бас қатырғанын да жасырудың қажеті жоқ.

Яғни, көптеген ірі ұйымдарда, департаменттердің, агенттіктердің, институттардың, корпорациялардың және т.с.с. атаулы ұйымдардың басшыларының «бәйбішеден» бөлек қуыршақ қыздардың армиясынан тұратын «тоқалдары» бар. Сол тоқалдар «иегін көтерсе» қалаған жеріне қалаған кадрларды орналастыра алады. Тамыр-таныстарын негізгі басқару орындарына орналастыру, пара алу, бизнесті тартып алу, тендерді ұтып алу – солардың ымымен шешіліп жатады. Ал сол кәсіпорындардың қызметкерлері басшыдан бұрын дәл осы тоқалдардың көңілін шығуға тырысып, қызмет орнында қалуға тырысатыны тағы бар. Өйткені дәл осы «тоқалдар» есеп-қисап, кадр бөлімдерін басқарып отыруы тіпті де ғажап емес.

Енді біздің қарапайым қазақ қыздары, ұлттық санамен тәрбиені бойына сіңірген таза қазақ қыздары қайда кетіп жатыр дерсіз. Соңғы бейресми ақпараттарға сүйенсек шет мелекеттерде, соның ішінде Қытайда үйленуге лайықты қазақ қыздарының статистикасы және олардың шоғырланған өңірлері көрсетілген ақпараттық көздер бар екен.

Егер біздің онсыз да саны аз ер азаматтарымыздың 30 пайызы бедеулікке шалдыққанын және 60 пайызы кедейлік шегінде отырғанын ескеретін болсақ, онда шынымен қазақ қыздары мемлекеттік деңгейде қолдау көріп отырған қытай азаматтарына шығып ктепесіне кім кепіл...

Сонда ұлттық мүддені ойлайтын шеңбердегі ер азаматтарымызды «қуыршақ қыздар» айналдырып отырса, ұлттық санада тәрбиеленген қыздарымызды «қалталы шетелдіктер» айналдырып алса, онда шынында құрығанымыз ғой!

Сонда қазаққа не істеу керек?!

Біріншіден, құдайымызға жалынамыз, «әркімнің санасына берсін» деп тілейміз. Екіншіден ұлттың санын көбейтуге, одан саналы ұрпақ тәрбиелеуге барынша атсалысу керек. Үшіншіден, ең өзектісі - ер азаматтардың сапасын көтеру керек. Дәл сол ер азаматтар қуыршақ қыздардан нәпсісін тыйып, шынымен елдің қамын ойлауға тырысу керек. Ол тек қана қазақ қызына үйленумен шектелмейді. Оның артынан өз ортасында азаматтық қасиетін сақтап, өзге жігіттерді де игі істерге ерте білу, отбасына адал, ұл-қызына дұрыс бағдар беру, қираған жолды жөндеу, үйлер салу, көпір тұрғызу, жерді көгерту, елдің әл-ауқатын көтеру сияқты мәселелер тұр. Төртіншіден, қазақтың санын арттыру қажет. Ұрпақ санын көбейту үшін соңғы ғылым жетістіктерін пайдалануға жол ашу керек.

Ұлттық қасиетін сақтап қалу мәселесі бір ғана Қазақстанда емес басқа елдерде де өте өзекті. Бұл бойынша мемлекет болып кіріскен елдер бар. Мәселен көрші Ресейде бала көтеретін жастағы әйелдердің барлығын дерлік «қолдан ұрықтандыру» технологиясымен көтерту үшін ЭКО-клиникаларға сүйреп жүр. Ал бізде ол 1 млн теңгенің үстінде жасалатын өте қымбат іс-шара. Көрші Өзбекстан елінде нәпсіқұмарлықпен отбасына опасыздық қылған ерді де, әйелді де оңдырмайды. Көпшілігі шетел асып кетеді. Ажырасқан отбасылар мемлекетке айыппұл төлейтін деңгейге жеткізген.

Әрине, бұл мемлекеттегі елдікті сақтап қалуға жасалатын көптеген амалдардың бірен-сараны ғана.

Біз де мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін, бір жақты ғана талқылап қоймақ, мәселені жан-жақты қарап, қатер қайдан келіп жатқанынан назар аударғанымыз дұрыс.

Ақиқатынан қарасақ қана ұтамыз, әйтпесе қате басып, бармақ шайнап қалу да әп сәтте.

Гүлжан Ізтай,
жазушы, журналист.

Abai.kz

7 пікір