Сейсенбі, 22 Қазан 2019
Қауіп еткеннен айтамын 1588 16 пікір 17 Қыркүйек, 2019 сағат 11:22

Қазаққа қазақсыз баға беретіндердің көздегені не?

Елімізде кең көлемде Қытай экономикалық басқыншылығына қатысты халық толқуы болып өтті. Әркім әр түрлі баға берді. Солардың ішінде еліміздегі ресейшілдер осы тақырыпты сан саққа жүгіртудің амалына көшті. Олар өздерінің ежелгі «қазақ бұрын жүзге бөліп қырқысады» дегендерінен айнып, ендігі жерде күй табақтарының әуенін өзгертіп, «биліктегілер кланға бөлініп қырқық пышақ болады» деген жаңа саяси-қоғамдық тезисті ойлап тауыпты. Ойлап тапқан өзіміз үкімет ақшасына қаржыландырып отырған Саяси Шешімдер Институтының қызметкері, саясаттанушы Максим Казначеев.

Бұл адам биылғы жылдың басынан бері өз қожаларының тапсырмасымен еліміздегі әр саяси оқиғаға қыңыр-қисық пікір білдіріп келеді. Енді елімізде таяуда ғана Қытай экономикалық басқыншылығына қатысты орын алған халық толқуына қатысты: бірі отандық – «Время» басылымының тілшісі Руслан Бахтигареевке берген «Жанаозен надавил на слабое место власти» сұхбатында, екіншісі Ресейлік ИА REGNUM тілшісі Евгения Кимге берген «Антикитайские митинги в Казахстане: Внутриэлитная борьба обостряется»  атты сұхбатында «елімізді элиталар арасындағы соғыс жайлайды» деген ресейшіл пікірді жайып салады.

«Время» басылымының тілшісінің «Жаңаөзен оиқағсының артында кім тұр?»- деген сауалына.

- Дәл қазір бұған жауап беру тым қиын. Кең тараған үш нұсқа бар. Біріншісі – бұның бәрін жасаған саяси миграциядағы контрэлиталық топ... Екінші нұсқа – аймақтық сепаратизм... Үшіншісі – елішілік кландар шайқасы..,-деп жауап береді.

Максимнің сөзіне сенсек, ел қазынасына ақша түсіріп, бюджеттік донор болып отырған батыс аймақ түрлі түсті революцияның дауылпазы саналып, қазақ елі саяси күрес алаңына айналады-мыс.

Ал «Сіз ішікі және сыртқы факторларды айттыңыз. Осылардың ішінде бас көтерудің себебі не болып табылады?» деп сауал қойған Ресейлік басылымға осы ойын дамыта былайша сабақтайды:

- Бас көтерудің себебі Қазақстандағы ішкі саяси бәсекелестік.

Батыс Қазақстандағы элита Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа барлық жобалардан өз үлестерін алуға тиістіліктерін ыммен сездіріп, элитаішілік мәртебелерін көтергілері келеді.

Сыртқы фактор – бұл енді еш шешуші емес. Себеппен бірге қосамжарласып жүретін салдар ғана.  Оның үстіне Қазақстанда Қытайға қарсы аттандату соңғы кезде сәнге айналдырып отыр,- деп қазақтың ділі мен тарихын білмейтіндігін сездіріп алады.

Орыс тілді әм славян ділді батысшыл және ресейшілдер тарапынан күннен-күнге кең көлемді өрістеп келе жатқан ақпараттық соғыста «Қазаққа қазақсыз баға беруді» ғана мақсат еткендер саны мен қарасы артып келеді. Осындайда қазақтың болмыс-бітімінің исі мұрына бармайтын Максим мырзаға: «Ал, сіздің не көздегеніңіз бар?» деген сауал қойғың келеді.

Түйін. Алаштың өзінің ел мен жер иесі екенін толық сезініп, ұлттық саяси оянуын, жергілікті ұлтты шетелдіктер алдында жер еткен әлеуметтік теңсіздікке қарасы бой көрсетуін, бір тілді, бір ділді, бір дінді таза ұлттық мемлекеттік құруға талпынысын орыс тілді ақпарат құралдары мен ресейшіл топ осылайша бұрмалап көрсетуге тырысуда. Жұрттың назарын биліктегілер арасында қырқыс болады деп басқа жаққа аударуға кірісті.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

16 пікір