Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алашорда 11352 2 пікір 13 Қыркүйек, 2019 сағат 13:21

Ұшқан ұя

(С.Қожановтың шыққан тегі, ұшқан ұясы, ұрпақтары жайында)

 Қыран ғұмыр кешіп, тау мен тасқа басын соғып, алыс пен аласапыранға толы күндерден арылмаған арда азаматты тану, таныту жағдайы тым көңіл қуантарлықтай емес. Қарама-қайшылықтар өте көп, бүгінгі ұрпаққа мәлімсіз жайттар да жеткілікті. Сол себепті де осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ұлы тұлғаның шыққан тегі, ұшқан ұясы, ұрпақтары жайында там-тұмдап жазуды мұрат тұттық. Бұл да қожановтану әлемінің бір белесін биікке шығару мақсатында жазылды. Сонымен қатар біздің назарымызды айырықша аударған жайттың бірі әлі де болса кейбір жайттардың үстірт, шындыққа жанаспай айтылуы. Бұдан түйетініміз қожановтану әлемінде «ақтаңдақтар» өте көп болды, соның біршамасы әлі күнге дейін орын алып келеді. Сұлтанбек Қожановтың ресми ақталғанына (1957) алпыс жылдан астам уақыт өтті, ал енді шынайы ақталғанына ширек ғасырға жақындап қалды. Біздің бүгінгі тақырып аясындағы «ақтаңдағымыз» Сұлтанбек Қожанов сынды ұлы тұлғаның шыққан тегі, түп-тұқияны жайында болмақ.

Кеңестік қоғам жүйесінің қатаң талабы кез-келген тұлғаның шыққан тегіне қатты назар аударатын және ол тұлғаның шыққан тегі «кедей ортадан», немесе «орта шаруадан», бір сөзбен айтқанда «езілген тап» өкілі болуына қатты мән беретін. «Менің атым Қожа» шығармасындағы кейіпкер балалар (Қожа) жазғандай өмірбаян тізбегінде өзіміздің «езілген тап» немесе «кедей ортадан» шыққанымызды мақтан тұтатын едік. Мұны айтып жатқан себебіміз де жоқ емес, дәл осы шыққан тегін көрсету саясаты С.Қожановты да айналып өткен жоқ. Соның біршамасын сөзіміз дәлелді болуы үшін арнайы атап көрсеткенді дұрыс деп санадық.

Белгілі ғалым, қожановтанушылардың алғы легінде тұрған Амантай Шәріптің «Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші» (Алматы. 1994) атты зерттеу кітабында: «Ол 1894 жылы қыркүйектің 10-ында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе деген жерде, орта дәулетті отбасында дүниеге келген»,-деп көрсетеді. Одан әрі: «Үкіметтің талаптарынан үріксе де, балаларын орысша оқытып, шоқыншақ етуден шошыған атқамінер ағайындарының қолқа салуымен қоңыртөбел шаруа Қожан қой соңында жүрген үлкен ұлы Сұлтанбекті Түркістан қаласындағы төрт жылдық орыс-түзем мектебіне тапсырады».-деп баяндайды. Дәл осы пікір «Арыс» қоры 2009 жылы шығарған «Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары» кітабында да қайталанған, себебі құрастырған, кіріспесі мен соңғы сөзін жазған профессор А.Шәріп. Байқап отырғанымыздай Сұлтанбек «қоңыртөбел шаруаның»  «қой соңында жүрген ұлы» және оқуға да ауыл атқамінерлерінің қолқалауымен еріксіз кеткен тәрізді. Ақсүмбеліктердің бәрі балаларын «орысша оқытып, шоқыншақ етуден» шошынатындай әсер етеді. Қожанов енді ақталып жатқан кезде айтылған ойға кешіріммен қарауға болады, ал енді араға 15 жыл салып, қазақ елі тәуелсіздіктің көк туын асқақ желбіретіп жатқан тұста да алғашқы ойдың айна-қатесіз қайталануы құптарлық құбылыс емес.

Келесі бір дерек көзі - танымал қожановтанушы Жолтай Әлмашұлының «Сұлтанбек Қожанов» (Алматы, 2005) атты тарихи-ғұмырнамалық толғамы болды. Көлемді (272 бет), монографиялық деңгейдегі зерттеудегі келесі бір жазбаларға назар аударсақ: «Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Ақсүмбенің датқасы – Сапарбай Мырзабайұлы еді. ...Сол Сапарбай датқа бір күні түйеден түскендей етіп, жарлық қылды.

- Уа, халайық, мен сендерге Бектұрсын бегіміздің жарлығын жеткізгелі тұрмын. Біздің Ақсүмбеден биылғы жылы Түркістанға екі бала оқуға бару керек. Жібермесек, айып төлейміз,-деді.

Ел үрпиісіп-үрпиісіп, үрейленіп қалды. Бұған дейін оқу-білім дегеніңіз ойы тұрмақ, түсіне кіріп шықпайтын, өзінің бұйығы тірлігіне разы ауыл адамдарына мына жарлық тікенектей қадалғаны.

-Ау, неге үндемейсіңдер? Айтсаңдаршы, кімді жібереміз!..- Сапарбай дікектеп тұр.

...Сол күні Қоңқақ шалдың немересі, осыған дейін ескіше хат танып қалған зерек ұл - Сұлтанбек Түркістанға оқуға баратын екеудің бірі болып тізімге жазылды».

Ойымыз тиянақтылау болу үшін мысал үлгісін толығырақ нұсқада алдық. Бұл жерде де бала санының көптеу болуына байланысты Қоңқақ шалдың немересі Сұлтанбектің құрбандыққа шалынып кете берген сыңайдағы ойға келесің.

Осы аралықта автордың кейбір мәселелер жайында ағаттау, артықтау кеткен жерлері бар екенін қапысыз аңғаруға болады. Ең алдымен жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ даласын Ресей патшалығы биледі, датқалық жүйе, бектік билік (Бектұрсын бегім) Қоқан хандығымен бірге құрдымға кеткен жүйе. Ресей билігіндегі қазақтың қолы жеткені «Болыс болдым, мінекей» деп хакім Абай айтқандай болыстық билік, Сапарбай да датқа емес болыс болып билік құрған және ол билігін Ақсүмбеде емес Түркістан қаласында отырып жүргізген. Сонымен қатар бұл күндері қасиетті Түркістан қаласындағы бір көшеге есімі беріліп, «жақсының аты өлмейді» деген өсиетке лайық болып ғұмыр кешкен Сапарбай болысты, ең бастысы Сұлтанбек сында ақсұңқарды ауылдан алып барып Түркістанда оқытқан халық қадірмендісін түйеден түскендей сөйлету, дікектетіп қою жарасымды емес, Ақсүмбеліктердің өткен тарихында Сұлтанбек Қожановпен қатар аталатын танымал тұлғаны дәл бұлай суреттеу елдігімізге сын. Ақсүмбеліктердің тең жартысына жуығы Сапарбай атамыздың ұрпақтары екенін де ұмытпау керек. Бір кездегі үстем тап өкілдерін жек көрінішті етіп суреттеуден арылатын мезгіл жетті. Екінші жайт Сұлтанбек Қожанның баласы, Қожанның әкесі Кебекбай. Қоңқақ Қожанның інісі. Кейбір деректерде Сұлтанбек Қожановқа байланысты Қоңқақов, Қоңқақұлы деген деректердің айтылуына осындай зерттеулердің негіз болары сөзсіз. Күні кеше ғана өмір сүрген Сұлтанбек Қожановтың өмір жолын, өскен ортасын, шыққан тегін жаңсақ көрсетуге хақымыз жоқ. Осы келтірілген мысалдағы «...Бұған дейін оқу-білім дегеніңіз ойы тұрмақ, түсіне кіріп шықпайтын» деген пікір де дәйексіз айтылған деп ойлаймыз. Күні кешегі кеңестік жүйеде бүкіл қазақ халқының 98% пайызы сауатсыз болды, 2% пайызы ғана хат таныды деген жалған ұғым болды, олар біздің араб харпімен хат танып, қисса жаттап, кітап оқығанымызды мойындамады. Том-том батырлар жырын, ғажайып айтыс үлгілерін, ғибратқа толы сан алуан мақал-мәтелдерді шетсіз-шексіз жатқа айтатын халқымызды сауатсыз еді деп кемсітті, яғни орысша жаза алмайтынның бәрін дерлік сауатсыз деп санады. Ең өкініштісі осыған сендік. Жоғарыдағы келтірілген мысалда да осы бір ескіліктің сарқыншағы мен мұндалап тұр, Ақсүмбеліктердің оқу-білімге деген көзқарасы тым үстірт, тіпті тұрпайы райда суреттелген деуге болады, өткен өтті, ендігімізге не жорық, тәуелсіз қазақ елінің өткен тарихы мен бүгінгі тарихын жарқыратып көрсететін уақыт жетті. Келесі бір кітаптың авторы профессор С.Жолдасов, кітап атауы «Халқымыздың жанашыры болып өткен сол бір жан мұрағаттарда»,-деп (Алматы. «Үш қиян» баспасы. 2014 жыл) аталады екен. Қысқаша болса да бірер мысал келтірсек: «... кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. ...Расына келгенде, әкесі Қожан Қоңқақұлы Қаратау сілемінде түйе бағып, егін еккен жан болған екен». Өкінішке орай ғалым аға ортамызда жоқ, алайда күні кеше, ұлы тұлғаның 120 жасқа толу мерекесіне орай шыққан кітаптағы бұл пікірлердің орын алуы өкінішті. Тағы да алдымыздан андыздап «кедей шаруа» шықты, Қоңқақ Қожанның әкесі болып шыққан, тіпті түйе бағып, егін еккен, жалпы мал баққан жанның егін егуі екіталай дүние.

Бұл айтылғандардан не түюге болады? Тәуелсіз қазақ ұрпағы ендігі кезекте «кедей шаруа» деп мақтанатын әдеттен арылу керек, соның ішінде өткен ғасырларда ғұмыр кешкен бабаларымызды уақыт таққан сол қасірет таңбадан, соның ішінде Қожановты да қазақтың өз ұланы етіп көрсетуіміз қажет, бұл - бүгінгі ұрпақтың бабалар алдындағы перзенттік парызы. Сол райдағы Сапарбай, т.б. ел жақсылары жайындағы артық кем айтудан арылып, жақсылық жағын айтуға көшкен абзал. Сол сияқты Қоңқақ атаны да ерікті еріксіз Қожанның әкесі етіп көрсетудің қажеті жоқ. Бұл айтылған ақтаңдақтардан арылып, алдымызда келе жатқан ұлы тұлғаның 125 жылдық тойын салтанатпен, биік рухпен қарсы алсақ қана баба рухы тыныш тауып, ұлы тұлғаның  өз тұғырындағы орны асқақтай түсері хақ.

Біздің мақсат қожановтану әлемінің «ақтаңдақтары» жайында ғана айту емес еді, сол себепті де бүгінгі жас ұрпақ, жалпы Сұлтанбек Қожанов сынды қайсар ұлдың шыққан тегі, өткен тарихы, бүгіні мен болашағы жайында да там-тұмдап болса да айта кеткенді дұрыс санадық. Дана халқымыз «жеті атасын білмеген жетесіз» деп жай айтпаған шығар, сол себепті де Сұлтанбек бабамыздың жеті атасын шежіре деректеріне сүйеніп, баяндап берсек. Сұлтанбектік әкесі Қожан, атасы Кебекбай, ұлы атасы Жамансары, одан әрі Сералы, Қойкелді, Есей, Болатай, Жәукім, Игілік болып келеді. Осы аталған бабаларымыздың қай-қайсысы болса да ел жадында қалған жақсы жандар. Ақсүмбе елінің ең биік таулары, суы мөлдір бұлақтары Кебекбайда. Сұлтанбектің атасы Кебекбай көптің бірі болмаған тәрізді, елге, жерге ие болған ардақты жан, бұл күндері Ақсүмбеліктердің бір биігі, бір бұлағы Кебекбай атымен аталады. Қойкелді, Есей аталарымыз қазақ халқының тәуелсіздігі үшін ат үстінде өмір сүрген батырлар, Абылай заманында өмір сүріп, сан алуан басқыншылық соғыстарда көзсіз ерлігімен есте қалған аяулы тұлғалар. Есей батырдың қасиетті Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи кесенесіне жерленіп, ұлы Абылайханмен қатар жатқаны да көп жайтты аңғартады. Сол сияқты сегіз ата божбанның бірі Жәукім ата есімімен аталады, ал Игілік болса бар божбанның ұлы атасы болып саналады. Шежіреден түйгеніміз Сұлтанбек асылдың сынығы, тұлпарлардың тұяғы. Ел есінде қалған, қазақ тарихында аты мәңгілік қалып Түркістандағы кесенеге жерленген  Есей батырдың ержүрек ұрпағы.

Сұлтанбектің әкесі Кебекбайұлы Қожан елге сыйлы, өсіп-өнген, дәулеті мен сәулеті жарасқан ардақты жан. Қожанның төрт әйелі болған, алғашқы әйелі Алмақыз, одан кейінгі жары Төлебикені әмеңгерлік жолмен (інісі Қоңқақ қайтыс болғаннан кейін) «ерден кетсе де елден кетпейді» деген дәстүрмен алған. Кейінгі аналарымыз Көпей мен Айман апалар. Төрт анамыздан да ұрпақ сүйген. Алмақыз ападан Қалайы (кейін Бұзау апа аталып кеткен), Сұлтанбек, Райымбек, Райыс, сүткенжесі Өзипа деген қызы болыпты. Әмеңгерлік салтпен алған Төлебикеден Шәмші, Қамар, Қанай атты ұлдар мен Бибарал, Жамал атты қыздар сүйген. Көпей анадан Сейділда, Айман ападан Ұзақбай атты ұлдары болған екен. Қожан атамыздың кіндігінен сегіз ұл, төрт қыз өрбіген. Қолда бар дерек көздері ретінде белгілі журналист-жазушы Әлімбет Бостанов дайындаған «Жәукім божбан шежіресі» (Алматы. 2006) және Сұлтанбек Қожановтың немересі Төлен Қамарұлының «Сұлтанбек дастан» (Астана.2008.) атты шығармаларын пайдаландық. Қазақ халқында ежелден келе жатқан даналық сөздің бірі былай баяндалады: «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол». Бұл өсиетті айтып жатқан себебіміз Қожан атамыз алысты болжай білетін, алыс-жақындағы ел жақсылары, әсіресе өнер адамдары, ақындар мен термешілер, әншілер үйіне түсіп Ақсүмбе ауылындағы дәулеті мен сәулеті жарасқан биік адам болса керек. Ол заманда қазақ халқында көп әйел алу салты сақталған, алайда күнін әзер көріп жүргендер, айта беретін кедейлер бас құрай алмай өмір бойы жалшылықта жүргені де жасырын емес. Бүгінгі өркениет өлшемімен алғанда бұрыс немесе дұрыс демей-ақ қояйық, алайда біздің Ақсүмбедегі Сапарбай болыстың бес әйелі, Ыбырайым бидің үш әйелі, ел жақсысы Қожанның төрт әйелі болғанын тарих бетінен сызып тастай алмаймыз. Бұндай жағдай ол кезде қалыпты саналған, Құнанбай қажының төрт әйелі, хакім Абайдың үш әйелі болғаны тарихтан мәлім.

Қожан атаға қатысты түйінді ойымызды баяндасақ. Қожан ата өз заманының көзі ашық, алдыңғы қатарлы азаматы. Ол кісі замандасы Шәді Төре сияқты шығыстың классикалық үлгідегі ғажайып дастандарын кешке қарай көпшілік қауым жиналғанда дауыстап оқып беру арқылы рухани нәр беріп отырған. Рухы биік батырлар жыры, мәңгілік махаббат жырларын арқау еткен лиро эпостарды, сөз сайысының қайталанбас түрі айтыс өнерін, даналық мектебінің туындылары шешендік өнер, билер тағылымы, тіпті мақал-мәтелдердің өзін жас ұрпаққа жеткізудің шебері болған. Бұл бір ғана Қожан атаның бойындағы дара қасиет десек қателесеміз, ол қасиеттер сол кездегі Ақсүмбеліктердің әрқайсысына серік болған асыл қасиеттер. Ол сонымен қатар таңдап сұлу сүйген, жел жетпес жүйрік мінген, алғыр қыран мен құмай тазы ұстаған. Ақсүмбе ауылының төрінде өтетін сән-салтанаты жарасқан тойлар, ас беру дәстүрі күнгей-теріскей ғана емес Сарыарқа төріндегі елдермен де жақсы қарым-қатынас орнатуға септігін тигізіп отырған. Сол уақыттағы ат жарысының басталатын жері Жабыкөл көлінің жағалауынан басталады екен. Көлдің тұнық суынан шөл қандырып, аз-кем тыныс алған тұлпарлар Ақсүмбеге қарай жарыс жолына шығатын болған. Осы жарыстарда кішкене күнінен ат жалында ойнап өскен, Қожан сияқты ардақты жанның үлкен ұлы Сұлтанбектің де желмен жарысқан тұлпардың жалына жабысып, сан рет бәйгеден келгеніне күмән туғызуға болмайды.

Ең өкініштісі ел жақсысы Қожанның тағдыры сүйікті ұлы Сұлтанбектің Ташкентте тұтқындалуынан кейін күрт өзгерді, ал енді «халық жауы» деген жаламен атылғаннан кейін тіпті тамұққа айналды. Қожан ата шамамен алғанда 1874-1940 жылдар арасында өмір сүріп, туған ауылы Ақсүмбеде қайтыс болды. Өкінішке орай ел басына нәубет келген жылдары Сапарбай болыстың бел баласы Шерияздан ата да жазықсыздан жазықсыз, тек қана Сұлтанбек сынды ақсұңқар азаматтың әкесі, жақын туысы болғандықтан алды атылып, қалғандары қуғын-сүргіннің құрбандары болды, сол себепті де бұл күндері ол кісілерден қалған белгі-бейіт те жоқ, өкінесің, амал жоқ.

Сұлтанбек Қожановтың бойындағы дана қасиеттер ата күшімен ғана емес, ана сүтімен де бойына сіңген. Сол себепті де ұлы тұлғаның нағашы жұрты жайында да айта кеткеннің артықтығы болмас. Қолымыздағы бар дерек көзі қаламы жүйрік журналист, ақын Мақсат Қарғабайдың «Сұлтанбектің нағашысы» деп аталатын танымдық мәні зор мақаласы. Сұлтанбектің анасы Алмақыз теріскей өңіріне танымал атақты бай Тоққожаның бәйбішесінен туған екінші қыз екен. Алмақыз апамыздың туған інісі Мүсірәлі кеңес билігінің қуғынына ертерек ұшырап, 1928 жылы байдың тұқымы деп қудалау басталғанда Созақтан Түркiстан, одан әрi Келес арқылы Өзбекстанның Самарқан облысына барып пана табады. Сол жақта қайтыс болыпты, ал енді ол кісінің ұлы Уәлихан қария таяу жылдар мұғдарында (2015) өмірден озды, Созақ ауданы Раң ата ауылының қадірменді қариясы болып ел есінде қалды. Дана халқымыз жігіттің үш жұрты ішінде нағашы жұртын құрметпен айтады және «жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деп тіпті нақтылай түседі. Сұлтанбек Қожановтың нағашы жұрты да дәулетті, сәулетті болғаны үшін ғана «Созақ мінездің» тақсіретін тартып, жат елге жер ауып кетуге мәжбүр болған екен. Замана қасіреті.

Ендігі ретте Сұлтанбек Қожановтың сүйікті жары, ұл-қыздарының анасы Күләнда Мұңайтпасқызы жайында аз-кем ой сабақтасақ. Гүләнда Мұңайтпасқызы Лапина. Кейінгі фамилиясы – Қожанова. Алаш арысы Сұлтанбек ағамыздың зайыбы. Гүләнда апамыздың әкесі Мұңайтпас бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда жағының адамы. Сыр бойына танымал, білімдарлығымен аты шыққан, еті тірі, көзі ашық Мұңайтпас Лапин замана ағымына тез бейімделіп, еті тірлігімен елге тұтқа болған, болыс, би атанған азамат. Бұхара, Ташкент, Самарқанға керуен жүргізіп, сауда-саттықты да меңгерген. Соның арқасында балаларын үлкен қалаларға оқытып, білімді азамат болып өсуіне ықпал еткен. Бір ұлы – Сералы Лапин (1868-1919) Петерборда университетте оқыған, заң факультетін бітірген. Көптеген тілдерді білетін болған. Заңгерлікпен қатар сәулет, өнер, графика салаларына да қызығып, белгілі ғалымдар В.Бартольд, Е.Массонның өзіне шағатай, араб, түрік тілдерінен дәріс береді. Ол ең алғаш рет Самарқандағы айтулы сәулет ғимараттарының пропорцияларын шығарып, ондағы ою-өрнектер мен жазулардың қазақша нұсқасын парсы дәстүріндегі бәйітпен тәржімалап шығады. Көзқарасы жөнінен демократиялық бағытқа жақын болғандықтан, патша өкіметі тарапынан сенімсіздікке ұшырайды. Дүрбелең заманда Самарқан қаласында 1919 жылы нәбәрі 51 жасында құпия жағдайда мерт болды. Гүләнда апамыздың бірге туған әпкесі Ләтипа Мұңайтпасқызы да орысша-қазақша сауатты болған. Көзі ашық ару әкесінің ұйғарған жеріне бармай Ташкентке кетіп, сонда Қожықұлы Қоңырқұлжа деген оқыған азаматпен көңіл қосады. Әкесі біраз тулап, кедейге тұрмысқа шықтың деп қиғылық салады. Бұйрық, жазмыш солай болған соң амал жоқ, көнеді. Кейін сол әулеттен қазақтың даңқты суретшілері, кинорежиссерлері шығады. Сұлтанбек Қожанов Гүләндамен сол Қоңырқұлжанның үйінде танысады. Ол кезде Қоңырқұлжа Ташкентте пединститутта сабақ беретін. Сұлтанбек те сонда істейтін.

– Міне, Сұлтан, мына қыз оқу іздеп келген екен, оқыт енді. Арманың қазақ жастарының көзін ашу еді ғой, – деп, – табыстаған. Келесі жылы бұлар да отау көтерді. Содан 20 жыл отасты. Бір-бірін мейлінше сыйлап, адал жар, сүйеніш етер қолғанат бола білді. Тұңғыштары қыз бала болды. Атын Зиба қойған. Одан соң Арыстан, Нұрлан дүниеге келді.

Гүләнда Мұңайтпасқызы Лапина – Қожанова (1900-1989) ұзақ әрі аса ауыр тағдыр иесі ретінде ғұмыр кешті. 1937 жылы арқа тұтар азаматы, қазақ халқының қамқоры болған Сұлтекең ұсталып кетті, нәубет бір Сұлтекеңе ғана емес, отбасын да ойран етті. Қазақтың аса бір аяулы қызы Ақмола-Қараөткел аймағына орналасқан Қарлагта 10 жыл тұтқында отырды. Ол аз болғандай кесімді мерзімін сағат па сағат, күн бе күн түгел өтеп шыққанның өзінде, тағы да әрнені сылтау етіп, сыртынан «өз еркіммен жалдамалы жұмысшы болып қаламын» деген қағаздар дайындап, тағы да бір жыл ұстады. Сөйтіп, 11 жыл дегенде әзер босап шықты.

Ақмола-АЛЖИР тажалы жайындағы келесі бір дерек көздері жаныңды шошытады. Қуғын-сүргiн жылдары Ақмоладағы әйелдер түрмесiнде, яғни «АЛЖИР»-де 30 мың әйел жазықсыз жапа шеккен. Түрмеде 1 мың 507 нәресте дүниеге келген. ГУЛАГ архипелагындағы ең iрi түрмелердiң бiрi – «КарЛАГта» 1932 жылы 22 мың адам отырған. Бұлардың 87 пайызы - қазақтар болған. 1931-1956 жылдары «халық жауы» деген желеумен 1,5 миллион адам «ҚарЛАГта» азап шеккен. Осылайша елім деп еңіреген қазақ зиялыларының басы оққа байланса, әйелдері «АЛЖИРде» қара жұмысқа жегілді. Қазақстан мен Орталық Азияның  көрнекті мемлекет қайраткері - Сұлтанбек Қожанов та, оның жанұсы да мұндай жалалы жазадан шет қалмады.

Ендігі әңгіме Сұлтанбек Қожановтан қалған ұрпақтар жайында. Тұңғыш қыздары Зиба Сұлтанбекқызы Қожанова (1919-2000), ұлы Нұрлан Сұлтанбекұлы Қожанов (1921-1941), ұлы Арыстан Сұлтанбекұлы Қожанов (1929-1973). Тұңғыш қыздары, әкесі мен анасы тұтқындалғанда ес жиып қалған Зиба Сұлтанбекқызы қуғын-сүргіннің қорлығын көп көрді, ақырында суретші орыс жігітіне тұрмысқа шықты да фамилиясын өзгертіп тыныш тапты. Қалған балалар ағайындардың қолында, одан кейін балалар үйінде өсіп білім алды. Арыстаны әкесіне тартып математик болса, Нұрланы өжеттігіне салып өзі сұранып соғысқа кетіп, «халық жауының баласы» атынан құтылам деп жүріп қаза болып кетті. Гүләнда апамыздың айдаудан шыққаннан кейінгі барлық өмірі Сұлтанбектей есіл ердің адал есімін ақтауға, ең болмаса қабірін тапсам деген әуре-сарсаңмен өтті. Өкініштісі Гүләнда апамыз жан-жарының шын мәніндегі ақталып, есімі елге оралғанын көре алмай кетті. Ал жұбанарлығы Зиба апамыз әзіз әкенің ақталғанын көзімен көріп, алғашқы тойдың төрінде отырып, қуанышты күндердің шуағын көріп барып өмірден озды.

Бұл күндері Зиба апамыздың қызы Светлана Тыныбекова (1939 жылы туған) Астана қаласында тұрады, ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті, филология ғылымдарының кандидаты, қазіргі уақытта бүкіл жан дүниесімен ұлы бабасының жоғын түгелдеп, ер азаматқа лайық әрекет етіп жүрген ардақты қыз. Әке жолын қуып ұстаз болған, математика ғылымдарының кандидаты, Қазақ ССР ҰҒА-ның математика институтында, қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы политехникалық институтта абыроймен ұстаздық еткен, бала оқытқан Арыстан Сұлтанбекұлы ертерек өмірден озды, жұбанарлығы асылдың тұяғы, Арыстанның ұлы Санжар заңгер, қазір Алматы қаласында тұрады.

Қорыта айтқанда Сұлтанбек Қожанов сәулелі әулеттен шыққан арда тұлға. Жеті атасына дейінгі бабалары батырлық пен ерліктің биігінде тұрса, өз әкесі Қожан да ел жақсысы, даналық мектебінің, руханият әлемінің жанашыры болып туған халқына адал қызмет еткен жан. Нағашы жұрты да, жары Гүләнда апамыз да тектінің тұяғы, асылдың сынығы, әттең аумалы-төкпелі заманға тап келген тағдырлары, әсіресе дәулеті мен сәулеті жарасқандарға қырын келген кеңес билігі Қожановтың өзін де, жарын да, ұрпақтарын да аямады.

Нұрпейісов Нариман Жұмашұлы,

Abai.kz

2 пікір