Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Анық 8824 10 пікір 10 Қыркүйек, 2019 сағат 14:46

Ұлы Дала сілкінді. Ұлы Қазақ ояна бастады...

Бір шындық бар, ол - XIX ғасырдың орта шенінен бастап Ресей империясының басқыншылық шабуылы кесірінен туған елі мен жерінен айрыла бастаған Ұлы Даланың Ұлы қазағының не істерін білмей, есеңгірей бастағандығы.

Жалғыз үміті - нағыз жаужүрек, елін-жерін жан-тәнімен беріле сүйген, ұлт көшбасшысы Кенесары ханның ұлт-азаттық соғысы болатын. Сенген батыры жеңіліс тапқан соң еркіндікті аңсаған Қазақтың тұла бойын уайым-дерті мүлдем меңдеді.

XX ғасырдың басында данышпан Міржақып Дулатұлы:

- Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты, - деп «Оян, Қазақ!» атты патриоттық өлеңімен Ұлы Далаға жар салды. Алайда Ұлы Қазақ маужырап ұйқыға кеткен науқастың кейпіне енгендей еді.Қазіргі медицина тілімен жеткізер болсақ, халықтың көбі «комаға» түсе бастаған-ды.

Әлқисса, орысы бар, ағылшыны бар, басқалары да Ұлы Далада ойрандап, ойларына келгенін істеп жатты. Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, т.б. көптеген қазақ зиялылары өз ұлтын қызғыштай қорғап, оның болашағы үшін аянбастан күресіп бақты. Алайда қанішерлер Ленин мен Сталин орыс шовинизмін ту ғып ұстап, қазақ патриоттарын құрбандыққа шалдырды. Осы кезеңнен бастап жер-жаһанның жартысынан астамын хас әскери шеберлігімен жаулап алған қаһарман ұлттың ұрпағы түгелге дерлік «комаға» түскендей халде еді.

Коллективтендіру, қолдан жасалған ашаршылық, репрессия тәрізді «атаңа нәлет» нәубеттерден соң Алла Тағалла қазаққа нәсіп еткен жердің асты мен үстіндегі сан алуан байлықтарын «қарақшылар» сүйекке таласқан қаңғыбас иттердей ырылдасып, талап ала бастады...

Өкініштісі сол, Ұлы Қазаққа жасалған қастандық жоғарыдағы нәубет атаулымен аяқталған жоқ. Атап айтқанда:

- Қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерін еріксіз қоныстандыру;

- Қазақ елінде дені сау азамат қалдырмай, түгелімен неміске қарсы соғысқа айдап салу;

- Хиросимо мен Нагасакидегі зұлматтан мың есе артық атом бомбасын қазақтың қақ ортасында ашық жаруды бастауы:

- репрессияның Сталин өлгенге дейін жалғасуы;

- Кремльдің «тың және тыңайған жерлер» деген құйтырқы саясатты ойдан шығарып, көптеген ұлттың жүз мыңдаған адамын Ресей шекарасына таяу орналасқан орталық және солтүстік облыстарға қойша тоғытуы;

- орыста жер жетпегендей, Байқоңырда ғарыш айлағын ашуы;

- ақырында Қазақстандағы орыс тектес ұлттардың өкілдеріне «артықшылық» беріп, жергілікті жұртты Мәскеудің «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отыруы – бәрі-бәрі қастандық емей немене?! Жауыздық емей немене?!

Біздіңше, қазіргі Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин жоғарыдағы қаскүнем қылмыстар үшін Ұлы Қазақ халқынан кешірім сұрауға тиіс!

Ақиқаты сол: сөніп қалған жанартаудың өзі жүз жылдан соң қайыра атқылайды!

Аллаға шүкір, ұйқыдағы Ұлы Қазақ ояна бастады.

Ұлы Дала дүр сілкінгендей. Дүбір сезілді.

Ұлтымыздың жойылып кетпей, аман қалғандығы үшін Алла Тағаллаға мың да бір шүкіршілік айтамыз!

- Алыстан Алаш десе аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.

Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ –

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?! – деп Міржақып Дулатұлы атамыз айтқандай, жас ұрпақтың өз ұлтының патриоттары бола алатындығына сенеміз.

Айтбай Сәулебек,

Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты.

Abai.kz

10 пікір