Сенбі, 20 Сәуір 2024
Бәрекелді! 3346 2 пікір 9 Қыркүйек, 2019 сағат 11:51

Молдияр Нұрбаев: Кәсіптегі азаматтар бір уақыт халықпен де санасу керек!

Өткенде Алматыдан артынып-тартынып жүріп бір топ журналист Ақсуға бардық. Алматы облысы, Ақсу ауданына қарасты Ақсу дейтін алақандай ғана ауылдағы тарихы өткен ғасырдан жалғасқан «Мамания» дейтін мектепке бардық.

Жиырмасыншы ғасырда Жетісу жерінде Маман байдың балалары Тұрысбек, Сейітбаттал мен Есенқұлдар мектеп ашқан. Ақсу ауданының Қарағаш дейтін жерінде ашылған бұл мектеп – қазақтағы үшінші мектеп болған дейді. Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесінің стиліндегі бұл мектеп ағаштан салынған.  Қазақ, татар мұғалімдер сабақ берген. Онда қазақтың Ілиясы (Ілияс Жансүгіров) оқып білім алған. 1935 жылы мектеп Ақсуға көшірілген. Кейін оған «Мамания» деген дәудей ат берілген.

Міне, 1 қыркүйекте, білім күнінде біз осы мектепке бардық. Ескі мектеп, ескі ауыл. Әйнек үйлері бар әйдік қаладағы әйбат мектептердің алғашқы қоңырауын жыл сайын көріп жүрміз ғой. Бұл жолы шалғайда жатқан шаруа жұртқа барғанды құп дедік. Бізді келеді дегенді естіген бала-шаға мәз-мейрам. Күтіпті. Күтіпті деп күпті сөйлегенімізбен, балабар бізден гөрі жөндеуден кейін өң-түрі өзгерген мектептеріне, су жаңа сыныптарына кіруге асыққаны көздерінен көрініп тұрды.

55 жыл жөндеу көрмеген бұл мектепке биыл осы ауылдан шыққан Молдияр Нұрбаев дейтін кәсіпкер атымтайлық танытып, сый жасаған екен. Сол туралы сөз етпекпіз...

Қазақта ашық қол, кең қолтық, атымтай азаматтар аз емес. Оларды бүгінгі жұрт – меценат деп әйдіктейді. Өкінішке орай қазіргі қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік һәм әділетсіздік ұлттық буржуазияға деген өшпенділік көзқарасты қалыптастырды. Сондықтан да, егер адам неғұрлым дәулетті болса – қоғамдық сана оны соғұрлым қабылдай алмайды. Қабылдағысы келмейді. Жек көреді. Сөйтті екен деп, материалдық тұрғыдан дәулетті азаматтарды түгел дерлік жағымсыз кейіпкерлер категориясына жатқызу тағы әділетсіздік.

Жақсының жақсылығын айта білу де керек. Біз сөз еткелі отырған азамат та байлығын басып жемей, шашып жейтіндердің сортынан десек, әсіре сілтеп, ардан аттағандық емес. Осылай деп сөйлеуімізге, көзбен көргеніміз себеп болды.

Мемлекет жөндеп бермеген мектепті меценат жөндеп берді

Жетісудағы әйгілі «Мамания» мектебіне бардық дедік қой. Бұл мектептің 120 жылдық тарихы бар.  Бір кездегі тіршілігі қыз-қыз қайнаған бұл ауылдан адам көшкелі көркі қашқан. Өткен жылға дейін есік-терезесінен жел үрлеп, төбесіне суы аққан «Мамания» мектебінде бұрын 1000 бала оқыса, қазір оқушы саны болса 300 ғана қалған. Ал мектеп 640 оқушыға арналған. Биыл мектептің 11 сыныбында 9 оқушы болса, 1 сыныпқа 20-дан астам бала қабылданған.  3 қабатты мектеп. 1964 жылдан бері жөндеу көрмеген. «55 жылдан бері мемлекет жөндеп бермеген мектебімізді меценат атамыз жөндеп берді» деп мәз ондағы жұрт.

Бала-шаға аталап, айнала қоршап жүрген азамат Молдияр Нұрбаев. Өзі кәсіпкер. Ақсудың төл перзенті. Қирап тұрған мектепті қамқорлығына алып, жөндеп берген де осы азамат. Үлкен іс жасапты. Мектепке бастан-аяқ күрделі жөндеу жұмысын жасап, жылу жүйесін жаңартып, 10 дана компьютер, 5 дана принтер, интерактивті тақта мен мектеп жиһаздарын түгел дерлік жаңартып берген. Оған қоса, мектепке су жаңа «Нива» автокөлігін тағы сыйға тартқан.

Оның туған ауылын көркейту үшін жасаған еңбегі халықтың шынайы ризашылығын туғызғаны және шындық. Шылқыған байлық пен сән-салтанатты өмір сүріп жатса да, қаріп-қасер мен жетім-жесірге қарай­лас­пайтын қайырсыздар аз ба еді?

Ал біздің кейіпкеріміз биыл 125 жылдығы тойланатын ақын Ілияс Жансүгіровтің алып ескерткішін аудан орталығына орнатуға да өзі бастамашы болған екен. Бәрекелді дестік.

Кейде, өзге емес өзің туған ауылға, сол топырақтың адамдарына жақсылық жасау қиынның-қиыны секілді көрінеді. Олай емес. Өткенде бір басылым «Жақсылық жасау сәнге айналып келеді» деп жазыпты. Мейлі, айналсын-ақ! Молдияр Нұрбаев секілді өз ауылының ақсақалдарының ақ батасын алған азаматтар өзгелерге үлгі болса ше?! Біз сәттің орайын пайдаланып, кәсіпкердің өзін аз-кем сөзге тарттық...

- Молдияр Қылшықұлы, өзіңіз осы ауылдың тумасы екенсіз. Өзіңіз оқыған мектеп. 55 жыл жөндеу көрмеген...

- Рас айтасың. Мен де, менің әйелім де осы мектепте оқыдық. Мен 1967 жылы оқу бітіргенмін. Ол кезде мектепте 1000-ға жуық бала болған. Шалғайда жатқан ауыл. Егіншіліктен басқа тұрақты жұмыс та жоқтың қасы. Содан ауыл жұрты үдере көше бастады.

Кейбірі жұмыс іздеп, жан бағу үшін Алматыға кетті. Кейбірі басқа жақтарға кетті. Ауылда адам азайған соң, мектепте бала да азаяды. Сөйтіп-сөйтіп, ақыры мектеп осы хәлге жеткен екен.

«Мамания» дейтін тарихи мектеп жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр екен

- Былай қарасақ, сіз өз кәсібіңізді дөңгелетіп отырған результативті кәсіпкерсіз. Жайбырақат жүрген адамсыз. Мектеп мемлекеттің қарауындағы мүлік. Сізден сұрау жоқ. Кенет мектепті жөндеу туралы идея қайдан туды? Қазір «Туған жерге туыңды тік» т.б. секілді мемлекеттік бағдарламалар бар. Бәлкім әкімиат тарапынан өтішін, ұсыныс болған шығар...

- Жаңа өзің де айтып қалдың ғой... Бұл менің кіндік қаным тамған жер. Қазақта «Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне» дейтін аталы сөз бар. Әр азамат әуелі өзінің туған топырағына тартады. Осы жерде менің әкем жатыр. Осы жерде менің ата-бабаларым жатыр. Мен мүмкіндігімше елге келіп, сол ата-бабаларымның басына барып, Құран бағыштап тұрамын.

Менің жасым қазір жетпіске кеп қалды. Елу жылда ел жаңарады дейді ғой. Десе де, өзіңіз көрдіңіз, алақандай ғана ауыл. Мұндағы ағайындардың барлығын танимын десем де өтірік айтпаған болар ем. Осы ауылда менің бірге оқыған достарым, таныстарым, туыстарым тұрады. Мен хал-қадірімше сол азаматтарға да қол ұшын беріп тұрамын.

Аудандық, я болмаса облыстық әкімдіктен ешкім талап қылып, міндет жүктеген жоқ. Өзім туған ауылға аз да болса жәрдемім болсын деп, өз бастамамызбен жасалған жұмыс.

Әуелі мектептің мүшкіл халін балам мен әйелім көріпті. Содан маған айтты. Мектепті күрделі жөндеуден өткізіп берейік деп идея айтқан солар. Кейін отбасымызбен отырып ақылдастық. Арлы-берлі шығынын есептеп көрдік. Қалтамыз көтереді екен.

Бұл мектептің жарты ғасырдан ұзақ тарихы бар. Кезінде өзіміз оқыған мектеп. Қарасақ, шынымен, мектептің тоз-тозы шыққан екен. Шатыры ескірген. Шұрық-тесік. Есік-терезелері сол баяғы, біз оқыған кездегідей ағаш есік-терезелер. Едені де тозған. Қыстың күні бала-шаға қалың киіммен, тіпті сырт киімдерімен (куртка, бас киім) отырады екен.  Әрине, ондай мектепке кім баласын бергісі келеді?! 55 жыл жөндеу көрмеген мектеп. Содан өзіміз ауылға келдік. Директор бізге аралатып көрсетті. Мектептің жай-күйін көзімізбен көрдік. Оқушыларға жағдай жасалмаған. Жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр екен. Содан күтіп жатпай, жөндеу жұмысын бастап кеттік.

- Биыл ғой...

- Жоқ. Ә, дегеннен бастап, аяқтай салған жоқпыз. «Көрпеңе қарай көсіл» деген бар ғой. Шама-шарқымызша, қалтамыздың қалыңдығына қарай құрылыс жасадық. Құрылыс материалдарын ауылға жеткізудің өзі әжептәуір машақат туғызғаны тағы бар. Ауыл мен ауданды, аудан мен қаланы жалғап жатқан жолдың жағдайы және мәз емес. Ал мектеп құрылысына қажетті құрылыс материалдары мұнда жоқ. Оны Алматыдан жеткізу керек болды. Ал оны жеткізетін жолдың сиқы анау. Екі ақ, жолақты ескі жол. Ойлы-шұңқыр.

Сөйтіп жүріп жасалды ғой. Алғашқы жылы мектептің есір-терезелері мен жылу жүйесін ауыстырып, кабинеттерін жабдықтап біткенше қыс түсіп кетті. Шатырын жауып, ауласын асфальттап, бақшасын көгалдандыру жұмыстарын биыл жалғастырдық.

Біраз шаруа атқарылды. Әлі жоспарлап отырған жұмыстар аз емес. Ол да уақытымен жасалады. Мектеп директоры бала-бақшаға көмектесіңіз деп отыр. Мен бұл жігітті (мектеп директорын) танымайды екем. Сөйтсем, ауылға 25 шақырымнан келіп жұмыс жасайды екен. Ал бұл жақтың қасы қатты. Өзім осы ауылды туып-өскеннен соң, білем ғой. Содан, мектепке деп көлік алып бердік.

Адам көбейсе ауыл да, мектеп те өлмейді

- Спорт кешені туралы әңгіме айтылды. Бұл осы мектептің спорт залы ма, әлде бөлек коммерциялық кешен бе?

- Иә, осындай идеяның бары рас. Ауыл балаларына арнап спорт кешенін салсам деп жоспарлап отырмын. Ол да осы мектептің қасында болуы керек.

Өткенде ауылға Олимпиада чемпионы, қазақтың батыр ұлы Жақсылық бауырымды (Жақсылық Үшкемпіров), әлем чемпионы даңқты батыр, Дәулет Тұрлыхановты ертіп келдім. Жақаңдар, менің осы спорт кешенін салу туралы идеямды қолдап отыр.

Өзіңіз ойлаңызшы, Ақсудағы алақандай ғана ауылдан, «Мамания» дейтін тарихи мектептен ертең еліміздің туын әлемге әйгілейтін спорт шеберлері шықса керемет емес пе?! Мен солай боларына бек сенемін. Күні бүгінде Қазақстанның атын әлемдік жарыстарда паш етіп жүрген қай спортшыны алып қарамаңыз, осындай кішкене ғана ауылдардан шыққан. Тіпті, мынау Жақаңдардың өзі де, мысалы...

Мен мұның барлығын байлағым асып-тасқандықтан емес, өзімнің кіндік қаным тамған ауылымның адамы көбейсе, ауылым қайта көркейсе, қатарға қосылса деген жалғыз тілекпен ғана жасап жатырмын. Әйтпесе, маған ешкім міндеттеп жасатып қатқан жоқ. Бұл әуелі азаматтық парызым деп білемін.

- Ауылда адам көбейсе дедіңіз... Ол үшін әуелі инфрақұрылым керек қой...

- Дұрыс айтасың, инфрақұрылым керек. Ауылға келіп тіршілік етемін деген адамға жағдай жасалуы керек. Мектеп жақсы, жылы болса, ауылда инфрақұрылым болса, жол жөнделсе, ел-халықтың балалары дайындалатын спорт кешендері болса, ауылдың да тұрмысы қайта жанданары сөзсіз. Мен әуелі осыған сенемін. Барлығын уақыт көрсетеді.

- Сіз газ саласының кәсіпкерісіз. Облыстың, бірнеше ауданның «Құрметті азаматы» деген атақтарыңыз тағы бар екен...

- Не айтқалы отырғаныңызды ішім сезіп отыр. Білесіз бе, мен бұл атақтарды біреуден сұрап алған жоқпын. Жасым болса, жетпіске таяды.  Мен 2000 жылдан бері газ саласында кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Жиырма жылға жуықтап қалды, міне. Осы уақыт ішінде мемлекеттен бір тиын алмай осы жұмыстарды жасап келеміз. Мемлекеттің көмегіне жүгінбедік, тендерге қатыспадық. Алғаш бастағанда несие алдық. Одан кейін тағы алдық, тағы алдық. Сөйтіп, несие алып жүріп бастадық. Сенесіз бе, мен жағдайымды айтып, өз кәсібіме қолдау сұрап, ешбір әкімнің есігін қаққаным жоқ. Ондай мүмкіндік болды. Бірақ, мен олай жасаған жоқпын. Қазір де солай. Облысқа жаңа басшы келіп жатса, бір кіріп шығамын. Қайта-қайта есіктерін тоздырмаймын. Онда да амандық-саулық сұрасып, қызметіне сәттілік тілегеннен өзге, маған бірдеңе беріңіз деген уәж айтқан емеспін.

Облыстың, тағы бірнеше ауданның «Құрметті азаматы» деген атақтар берді. Одан бөлек, Президентітң жарлығымен «Құрмет» орденін де тақтым. Өз ойымда бұл марапаттарға адал еңбегіммен жеттім деп ойлаймын.

- Қай аймақтардың газ тарту жұмыстары сіздің компанияларыңызға тиесілі?

- Біз Алматы қаласы, Алматы облысы бойынша бірнеше ауданда газ тартумен айналысамыз. Алматы қаласындағы Наурызбай мен Алатау аудандары тұрғындарының 90 пайызына газ тарттық. Әлі де сол жұмыстарды жасап жатырмыз. Қазір Алматы облысы бойынша, Қарасай, Талғар, Жамбыл аудандарына газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әуелде біз жұмысты Қарасай ауданынан бастадық. Рас, алғашқыда құжаттық жағынан, басқа да мәселелерде қиындықтар болды. «Көш жүре түзеледі» дегендей-ақ, қазір жұмысымыз, Құдайға тәубе жолға қойылды.

- Қазір өзіңіз білесіз,  жеке меншік секторлардағы тұрғын үйлерге газ кіргізудің құны арзан ақша тұрмайды. Жұрт бағаның қымбатшылығына наразы. Менің бұл сұрағым, тікелей оқырмандардың мүддесі (интиресі) үшін болуы мүмкін, десе де сіздерде баға қалай? Жеңілдік немесе қайырымдылық дегендей акциялар бар ма?

- Әрине, жеңілдіктер жасаймыз. Тәуелсіздік күндерінде, Құрбан айт, Ораза айт секілді айрықша күндерде өз бетімше халыққа сый жасап, газ тартуда 50 пайызға жеңілдіктер жасап тұрамыз. Үйлеріне жеңілдікпен газ тартқан сол әрбір азамат Тәуелсіз елдің азаматтары екенін сезінсе екен деген тілек қой біздікі. Тіпті, анау жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, газ тарту бағасын 100-150 мың теңге дейін түсірдік. Халық өз үйлеріне газ кіргізгісі келеді. Бірақ, оның бағасы көптің қалтасын көтере бермейді, рас. Сондықтан да жеңілдіктер жасауға тырасамыз көбіне. Бірақ, нарық қатал. Біз де отбасын асырауымыз керек. Менің қарамағымда қанша жұмысшы бар. Олардың айлығын беру керек деген мәселе тағы бар...

Кәсіпкерлер мемлекеттен алуды ғана емес, бір уақ мемлекетке беруді де естен шығармаған жөн

- Қанша жұмысшы бар, қарамағыңызда?

- Қазір бізде 320-дан аса жұмыскер бар. Олардың үш мезгіл тамағы тегін. Өздеріне арнап кафе ашып қойғанбыз. Сол жерден тамақтанады. Ал үйлері шалғайдағы жұмысшылар үшін тегін жатақханамыз тағы бар. Тұрғын жаймен де қамтылған. Онда ыстық су, суық су, душ т.б. барлық жағдай жасалған. Жұмысшыларымыздың жұмыс киіміне дейін өзіміз алып береміз. Ал енді қыстың күні жұмыс азаятындықтан, жұмысшылардың санын да азайтуға тура келеді.

- Мемлекеттен бір тиын ақша алған жоқпын деп қалдыңыз. Қазір осы атақ-абыройыңызды араға салып, сондай көмекті алу ойыңыз жоқ па? Ол кездегіден гөрі, қазір сіздің мүмкіндігіңіз де бар дегендей...

- Шын айтайыншы, соның қажеті жоқ деп ойлаймын. Енді осы жасқа келіп, әкім-қараның алдына алақан жайып барғым жоқ. Бір жағынан ұят. Екінші жағынан мұқтаждық та жоқ. Жалпы мен, кәсіпкерлер мемлекеттен алуды ғана емес, бір сәт беруді де естен шығармаса екен деймін. Кей жігіттер мемлекеттің ақшасын алып, мемлекетке алақан жайып отырып жасаған жұмысын дардай қылып айтқанға арланбайды. Мен оларға «шын мықты болсаң, мемлекетке алақан жаймай, өз еліңе қызмет қыл, жағдай жаса» дегім келеді. Менің ұстанымым да осы.

- Сізден көмек сұрап келетіндер көп пе?

- Жаман бергенін айтады дегендей болмасын, бірақ мен кабинетіме көмек сұрап келген азаматтарды мейлінше күлдіріп шығаруға тырысамын. Жағдайы жоқ, көп балалы отбасылар келіп, көмек сұрайды. Сұраған бағаларына газ тартып беремін. Кейде, жанымдағы жігіттер ренжиді. Басқа қайтемін, қолдан келсе көмек беру керек. Ақшаға құнығып кеткен және болмайды. Бір уақыт халықпен де санасу керек. Халыққа жағдай жасау керек.

- Ілияс Жансүгіровтің алып ескерткішін орнатып жатыр екенсіз...

- Биыл Ілияс атамыздың 125 жылдығы аталып өтіледі. Осы қазан айында деп жоспарлап отырмыз. Алаш арысының ескерткішін орнату туралы идеяны балам айтты. Ілияс Жансүгіровтің үлкен мерейтойына біз де үлесімізді қосқан болайық, Ауданның орталығына ескерткіш орнатып берейік, деп балам айтты. Есептеп, ақылдасып қарасақ шығыны 20 миллиондай болады екен. Содан, мақұлдастық. Сөйтіп, біз ескерткішін орнататын болдық. Қазір дайын боп қалды. Енді ескерткіштің айналасы абаттандырылып, аудан халқы бір уақыт серуендеп тыныстайтын саябақ жасалады. Құдай бұйырса, ақынның тойында салтанатты ашылуы болады.

Бәлкім қазіргі менің сөзім, сәл пафосты естілер. Бірақ, шындығы сол. Мен өз ұлтымды ерекше сүйемін. Өзімді ұлтжанды азаматпын деп есептеймін. Елге, ұлтқа, мемлекетке аз да болса септігім тиер іс болса, мен мақұлмын.

- Жақсы аға, ісіңізге сәттілік!

- Сендерге де рахмет!

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

2 пікір