Жексенбі, 22 Қыркүйек 2019
1212 0 пікір 5 Қыркүйек, 2019 сағат 13:08

Гонконг билігі даулы заң жобасын қайтарып алды

Гонконг лидері Кэрри Лам қылмысқа тартылған азаматтарды Қытайға экстрадициялауға рұқсат беретін заң жобасын парламенттен қайтарып алғанын мәлімдеді. Ол бұл құжат "өлгенін" және заңға өзгерістер енгізу талаптары іске аспай қалғанын мәлімдеген.

Гонконгда "Экстрадиция туралы" заң жобасына қарсы акциялар шілде айынан бері жалғасып келеді.

Полиция демонстранттарды су және көзден жас ағызатын газбен таратуға әрекет еткен. Енді акцияға қатысушыларды және журналистерге шабуыл жасау үшін жергілікті криминалдық топтарды тартқаны белгілі болды. Бұл көріністер түсірілген видео телеканалдардан көрсетіліп, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.

Тамыздың аяғында Гонконг тұрғындары бірнеше күн әуежай ғимаратында наразылық акцияларын өткізген.

5 маусымда Гонконг билігі заң жобасын қабылдауды ресми тоқтатқан. Лам бәрінен бұрын қоғам тұрақтылығын қалпына келтіру керек деп мәлімдеген. Бірақ бұл заң жобасын қабылдаудан әлі бас тартпағанын білдірген.

Автономияның тұрғындары биліктен қылмысқа күдікті азаматтарды басқа елге өткеріп беруге жол ашатын заң жобасынан бас тартуды талап етіп жатыр. Қазір Гонконгта экстрадициялау туралы 20 елмен келісім бар. Егер даулы заң жобасы қабылданса, билік тұрғындарын Қытайға, Тайванға және Макаоға өткеріп бере алады.

Заң жобасына сәйкес, экстрадиция туралы өтінішті қарау құқығы сот пен автономия жетекшісіне беріліп, Гонконгтың заң шығару органы азаматтарды экстрадициялау процесін қадағалай алмай қалады.

Abai.kz

0 пікір