Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
3633 0 пікір 28 Тамыз, 2019 сағат 16:18

Қызылордада 240 тұрғын «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болды

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанған 240 тұрғын «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Қызылорда қаласындағы филиалы директорының міндетін атқарушы Ілияс Жүрінов мәлім етті.

Шаршы метрі 140 000 теңгені құрайтын жаңа үйлер Сырдария өзенінің сол жағалауында салынған. Тұрғын үй бағасының 20%-ын депозитте жинаған салымшылар «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды. Мамандар үй алудың қарапайым шарттарын түсіндіріп берді.

«Аумағы 57 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтердің құны 7 980 000 теңге. Бастапқы 20% жарнасын жинаған, яғни 1 596 000 теңге жинаған тұрғын ай сайын 44422 теңге төлем төлеп, үйлі бола алады. Ал, құны 9 380 000 теңгенің 3 бөлмелі пәтерінің бастапқы жарнасын төлеген, 8 жылға ай сайынғы төлем 52 000 теңге көлемде төлеуге қабілетті азамат үй ала алады»,-дейді Ілияс Жүрінов.

Ескеру керек, кез келген банк салымшылары осы кезеңде «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, тұрғын үй сатып ала алады. Ол үшін baspana.kz порталына кіріп, ұнаған нысанды немесе пәтерді таңдап, өтініш беру қажет. Бірақ, үй алуға деген қабілетті анықтау үшін жеке есеп-шотыңызда 500 мың теңге болуы шарт. Конкурсқа қатысып, тиісті рәсімді өткізгеннен кейін аталған қаржыны тұрғын үй бағасының 20 пайызын өтеп, үйлі бола алады.

Айта кетейік, үй сатып алушылар пулына ең көп балл жинаған адамдар кіреді. Балл саны депозитті толтыру жиілігіне және оның мерзіміне байланысты. Яғни, салымшының шоты неғұрлым ертерек ашылып, тұрақты түрде толықтырылып отырса, онда оның балл саны да соғұрлым жоғары болады. Баллды есептеу жүйесі автоматтандырылған әрі айқын түрде жүргізіледі.

Abai.kz

0 пікір