Жұма, 29 Наурыз 2024
Пікір 5385 11 пікір 2 Қыркүйек, 2019 сағат 13:49

Абайға, қазаққа Кришнайттың қандай қатысы бар...

Академик Рақым Оразалиев «Ана тілі» (08.07.2019), «Жетісу» (27.07.2019) газеттеріне және «Абай әлемі» сайтына «Абайды толық таныдық па?», «Абайсыз қалай рухани жаңарамыз?» деген тақырыппен мақала жариялады. Академиктің негізгі айтар ойы кезінде үлкен дау-дамай тудырып, ҚР Білім және ғылым Министрлігі қолданыстан шығарып тастаған Досым Омаровтың «Абайтану» пәніне арналған оқулығын қайтадан енгізу қажет деп ұсыныс айтқан. Оқырманға түсінікті болу үшін 2008 жылдың 19 ақпанында сол кездегі ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовке, Президент әкімшілігінің жетекшісі Қ.Келімбетовке және Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаевақа жазған «Біз кімге сенеміз немесе Абай мен Шәкәрім қағидалары неге бұрмаланды» деген Ашық хатымнан үзінді келтірейін:

Құрметті мырзалар! Қазақстанның азаматы әрі абайтанушы ғалым ретінде он жыл бойы миссионерлердің еңбектері мен әрекеттерін зерттеу нәтижесінде ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ еліне және оның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ЮНЕСКО шеңберінде данышпан Абайдың 150 жылдығы тойын өткізуге байланысты бастамасына қарсы «миссионерлік ылаң» ұйымдастырылған деген тұжырымға келгенімізді ашық жариялаймын.

Әбден иін қандырып, жүйелі түрде ұйымдастырылған «миссионерлік ылаңды» жүзеге асыруға өз ішімізден тартылған екі адамды анық атай аламыз. Олар Семейден шығатын «Абай» журналының әдеби қызметкерлері, техника ғылымдарының кандидаттары ағайынды Досым және Асан Омаровтар.
Оларға жүктелген міндеттер:

1. Халықаралық Кришна санасы қоғамының негізін қалаушы А.Ч.Бһактиведанта Свами Прабхупаданың «Өмірден өмір туындайды» кітабын қазақшаға тәржімалау, оны қазақтардың санасына сіңіре уағыздау.

2. Досым Омаров Кришналық «Өмірден өмір туындайды» кітабының негізінде Абай мен М.Әуезов туындыларын бұрмалап докторлық диссертация мен «Абайтану курсы» оқулығын, ал Асан Омаров Шәкәрім мұраларын бұрмалап докторлық диссертация мен кітап жазу көзделген.

3. Бұл істі жүзеге асыруда жерлестік, руластық, қызметтестік, достық қарым-қатынасты барынша пайдалану.

Сөзімізді дәлелдейік, аударманы екеулеп тез орындайды, уағыз жүргізуде 1993 жылдан «Кришна санасы қоғамы» діни бірлестіктің мүшесі Досым аса белсенділік танытады. Бұлар мақалаларында Кришналық уағызды білдіртпей «бомба» ретінде, кітаптарында «мина» ретінде жасырын тықпалап отырған. Мысалы, Абайдың 150 жылдығына тұтас номер арналған «Жас Алаш» газеті (9 тамыз 1995ж.) алғашқы бетін Д.Омаровтың «Болашаққа жол сілтеген бабамыз» мақаласымен айқайлатып ашқан, тіпті ғалым ағаларымыз М.Әуезов, Т.Жұртбаевтардың қолдауымен Д.Омаровтың «Оқыған азамат немесе Әуезов кейіпкерлеріндегі Батыс пен Шығыстық өлшемдер» («Заман-Қазақстан», 12.09.1997ж.) мақаласы Әуезовтің 100 жылдығына арналған бәйгені қанжығасына бөктереді.
«Жас Алаш» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде сол кездегі ҚР ҰҒА вице-президенті, қазіргі академик-сенатор Ж.Әбділдинмен «Жабайхан аға, Абайдың құдайға сену туралы ойларын қалай түсінуге болады» деп сұхбаттасып, тамырын басып көреді (05.12.1995ж.). Академик Ә.Нысанбаевтың «әкелік қамқорлығына» бөленеді, институттың ізденушісі, ғылыми қызметкері, Энциклопедияның белсенді авторы болады, институт ұжымы «Ұлылар үндестігі» докторлық монографиясы мен «Абайтану курсы» оқу құралын талқылағанда (№ 23 Протоколы, 07.07.1999ж.). Д.Омаров: «Әуелі 1996-1997 оқу жылдарынан бастап «Абайтану курсының» қолжазбасы Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын №2 мектеп-интернатта сабақ жүргізіліп, апробациядан өткізілгені, Білім, мәдениет және денсаулық министрлігі осы қолжазба бойынша «Абайтану курсы» атты оқу құралы жазылып, ол жаңа жүйемен қарастырылғаны, «Ұлылар үндестігі» монографиясының материалдары 1997 жылы М.Әуезов мерейтойында жүлдеге ие болғандығы» айтылғанда «керемет, жаңа көзқарас» деп таңқала, бірауыздан құптай кетеді. Бұл жаңалықтың дүмпуі Шығыс Қазақстандық, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты мұғалім Қ.Бітібаева апамызға да жетіп, «Оқушы неге Абай туралы М.Әуезов немесе Қ.Жұмалиев пікірлерін қайталап айтып беруі керек. Өз қабылдауы, өз пікірі, тұшынуы қайда? Осы тұрғыдан қарастырғанда Д.Омаровтың еңбегін пайдаланудың ешбір зияндылығы жоқ» деп үлгі сабақтың жобасын жасап, Астанаға жолдайды, осы кезде ағасын қорғаған Асан Омаров маған қарсы мақала ұйымдастырып, өзі «Бәсекелестік пе, жоқ әлде білімсіздік пе?» деген, мұғалім Тоғайбай Нұрмұратұлы атынан «Шамаң келмес шоқпарды беліңе ілме» деген мақала-арыздарды Астана мен Алматыға тоғытады.
Омаровтарды қорғаушылардың арасында халықаралық «Абай» клубының президенті, өзін «ахмадийшілердің Қазақстандық лидерімін» деп жариялаған, жазушы Роллан Сейсенбаев, Ислам дінін жек көретін, Батысқа бас шұлғыған, қияли-тәңіршіл Әуезхан Қодар, академик-биолог Рахым Оразалиев т.б. бар. Олар Кришнаны уағыздайтын кітаптарын үстін-үстін шығаруда: Р.Оразалиев, Д.Омаров, Ә.Мұқашбеков «Жасару құпиясы» («Алейрон» баспасы, 2006ж.); Д.Омаров «Абайдың рухани мұрасы» («Ел-шежіре» баспасы, 2007ж.); Ә.Мұқашбеков «Рух пен тәннің саулығы», «Аштықты ұстау – денсаулық кепілі», «Жүйке жүйесінің тылсымы» («Алейрон» баспасы, 2007ж.)». Осы Ашық хаттан кейін Р.Оразалиев ағамыз ғылымда пікір қайшылығы болады, менікі «жөн емес екен» деп тоқтайтын шығар деп ойлағам, қателесіппін, алған бетінен қайтпайтын тәрізді «Кейбір ғалымдар жаңа тұрғыдан жазылған оқу құралына қарсы шабуыл ұйымдастырды. Олар авторға жөнсіз жала жауып, кемістіктер іздеді» дейді бүгінгі мақаласында. Оу, ағасы мен айтарымды баспасөз бетінде ашық айттым ғой, неге кемшілігімді дәлелдеп айтпадыңыз?!?

Досым Омаровқа айтқан сын – ескертпелерімнің кейбіреуін тағы да есіңізге салайын, мүмкін ойланарсыз:

«Таусылмайтын асыл қазынамыздың бірі – Абай мұрасы, оны мектепке қалай оқытудамыз. Кеңестік заманда Абайға “көп ұлтты державаның” бір бөлшегінің, бір ақыны ретінде ғана қарасақ, енді Қазақстан Республикасының, оның негізі – қазақ ұлтының тұтас рухын көрсететін алтын діңгегінің бірі – данышпан Абайды оқытудың қажеттілігі өзінен-өзі туындайды. Сондықтан мектептен жоғары оқу орындарына дейін “Абайтану” курсының енуі заңдылық. Заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов бұл мәселені, сол кезде “… біздің абайтануымыз – ғылыми танымның жас саласы, ол бүкіл совет ғылымы сияқты тоқырауға төзе алмайды» деп шырылдап жүріп, өзі дәріс беретін С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің әдебиет факультетіне лайықталған программа (1951. 02.08) жасап, абайтану курсынан арнайы дәріс оқыды. М. Әуезовтің үлгі-өнегесі әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Тек қана М. Әуезов те арнайы оқылық етіп шығара алмаған бұл мәселеде, тұңғыш рет “Абайтану курсы” оқулығының авторы аталған Досым Омаров “кім-кімнен болса да, оқ бойы озық кеткенін” байқатады. Оның оқулығын оқушы түгілі жоғары білімді оқытушының өзі ойланбай түсіне алмайды. Себебі, М. Әуезов бағдарламасында да, кейінгі кездегі Білім беру министрлігі бекіткен, 1989 жылы шыққан “қазақ әдебиеті факультативтік программаларында” да дәрістің тақырыптары: “Абай дәуірі”, “Абайдың өмірбаяны”, “Абайдың поэмалары”, “Абайдың ақын шәкірттері”, т.б. үлгіде жазылған. Ал Д. Омаров оқулығында “Абайдың кемелдену арналары”, “Абай – ойшыл”, “Абай әлем болмысының негіздері туралы”, “Абай мұрасын қоғам өмірінде қолдану жолдары” деген тақырыптардан тұрады, әр тақырып бірнеше тақырыпшаларға бөлінген. Енді сөзімізге дәлел ретінде “Абай болмысының негіздері туралы” тақырыбын талдап көрейік. “Жаратушының әлемдік көрінісі” сабағын автор былайша түсіндіреді: “Алла тағаланың жоғары тұлғасы өзінің денесінен түрлі энергияларды бөліп шығарады. Оларды Ведаларда санскрит тілінде Браһман немесе браһмаджьоти (Браһман – жан, джьоти – сәуле) “Жанның сәулесі” дейді. “Жан. Жанның сипаттары мен қасиеттері” сабағында да “Бұл күрделі сұраққа Веда ілімінен жауап табуға болады екен. Веда ілімінде санскрит тілінде тірі жанды “Атма” деп атайды. “Атма” – болмыстың бөлінбейтін ең кішкене бөлшегі” деп тәптіштей жөнеледі. “Жанның қайтадан дене алу заңдылығы” сабағында: “Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында әрі әділет, әрі махаббат” дейді Абай. Бұл тазартудың ұзақ жолы. Көбінесе жан иесі бұл жолды бір өмірде өтіп үлгере алмайды. Ол бір денеден екінші денеге ауысып, көптеген өмір түрлері арқылы өмірдің жетілу жолындағы сатылармен біртіндеп тазару барысында рухани әлемге жете алады» деп Д. Омаров сенімді қорытады. Осылайша бұл тақырыпты 15 сабаққа бөліп өткізеді. Д. Омаров қай сабағында болсын, Веда іліміне сүйенеді, онсыз бір қадам да аттап баспайды, сізді де егер “Абайтанудан” дәріс бергіңіз келсе Веда ілімін көбейту таблицасындай жатқа білуге мәжбүр етеді…

Қазақтың қара сөзінің майын тамызып, тылсым дүниеге енуге құштарлық танытқан, тарлан жазушы Тәкен Әлімқұлов “Жұмбақ жан” кітабында Абай мұрасына жауапкершілікпен қарауды ескертеді: “Абай мұрасы асығыстықты, ұшқарылықты, дәлсіздікті көтермейді. Бұл мұраны ұғынуға дарын жетпесе шара жоқ, ал дарын жетсе, оның қатарында жауапты ізденістер, терең толғаныстар, байсалды пайымдаулар болуы шарт. Жақсыға сүйсінудің тамашаға тамсанудың арғы жағында құнарлы да қосалқы дүниеліктер дәмділігі екі ұшты”,– дейді.

Қазіргі күні де Абай “жұмбағын” шешуге талаптанушылар көбеюде, қуанарлық жағдай, бірақ солар Абайдың “жеті жұмбағының” шешуін Досым Омаровтың тапқанынан хабардар ма екен?..

Амалсыз қайталап айтуға тура келеді, Д. Омаровтың “Абайтану курсы” кітабы жүйесіз жазылып, үзік-үзік ойлардан құралған, пікірлері қайшылықты. Автор Абайдың аузына Алла тағаланы салып, Ең Жоғары Рухтың күйін ұзын сонар сарынмен айтады. Бірақ, Ислам ілімімен Веда қалай үндессін, автор өз айтқанына өзі қарсы шыққаны байқалады.

Қарапайым бір мысал: «Бұған дейінде тиіп-қашып өлең жазып, жазғандарын Көкбай сөзі деп таңбалап келген ойшыл енді халқын ағарту, надандақпен күресу жолындағы күшті құрал ретінде ақындықты мықтап қолға алды» деп Абайдың ақындыққа ешкімнің күштеуінсіз саналы түрде барғанын айтады, ал енді жоғарыда келтірілген бесінші себебінде “өлең жазу Абай үшін негізгі мақсат емес. Ол өлеңді жазайын деп ұмтылмаса да, ақын жаны нәзік әлемге енгенде өлең өзінен өзі тууы мүмкін” деуі қалай? Кітапта “Абай мұрасының мемлекет құрылысын жетілдіру­дегі рөлі. Мемлекеттік өркендеу жолдары” деген үлкен тақырыппен сабақ өту ұсынылады. Тақырыпқа дендеп еніп, оқып шыққанда Қазақстанның мемлекеттік құрылысы туралы мүлдем сөз болмай, тақырыпқа қатыссыз басқа мәселелерді айтқан: “Веда ілімдері көне дәуірлерде жоғары рухани деңгейіндегі мемлекеттің болғанын және ондай мемлекеттің сипаты болғандығын айтады» деп келеді де “белгілі бір бағыт алу үшін Веда дәуіріндегі мелекет құрылысына көз жүгіртіп өтейік” деп алып, одан әрі кітаптың алты бетін – Браһмандар – рухани адамдарды; Кшатрийлер – патшалар, әскер басылар, ел басқарушыларды; Вайшийлар – шаруалар, саудагерлер, банкир, қазіргі сөзбен айтқанда бизнесмендерді; Шудралар – басқаларға қызмет жасайтын адамдарды білдіретінін түсіндіруге арнайды. Соңында “Өкінішке қарай, Үндістанда Варнашрама адамдарды туған отбасына байланысты бөлетін касталық жүйеге айналып кетті” деп автор қатты қынжылады.

Аталмыш кітапты қолға алған мұғалім автордың кітапты М. Әуезовше өмірбаянымен бастап, соңын қазіргі күнгі еліміздің саяси жағдайымен, сөз арасында Елбасының 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясын белгілеген бағдарламасын айта отырып бітіруін көргенде тәуекел деп осы оқулықтағыдай оқытуға кірісері хақ және Д. Омаровтың жазған “Абайтану курсын” негізге алып түсіндірсе, қазақ ұлтының оның рухани құндылықтарын өркендетуге емес, керісінше оқырмандарының түсінік – танымын мүлде басқа арнаға бұратындай әсерде қалдық, себебі бұрын қазақ әдебиетінің ешбір саласында айтылмаған атаулар мен түсіндірмелер көптеп кездеседі».

Мінеки, академик аға, біз әліміз келгенше Досым Омаров оқулығына осылайша талдау жасадық, осы талдауымызға әлі күнге дейін «Сенікі дұрыс емес» деп қарсы талдау жасаған не философты, не дінтанушыны кездестірмедік. Біз сіздің мақалаңызды көргенде 2013 жылдан бері жалпы білім беретін мектептерге Қ.Р.Білім және ғылым Министрлігінің бұйрығымен таңдау пән ретінде енген «Абайтану» пәнінің қандай дәрежеде беріліп жатқаны туралы жан-жақты, салиқалы пікір айтқан екен деп ойлап қалдық.

Қазақты дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен ажыратуды көздеген шетелдік дұшпандарымыздың тұзағына түсіп қазақ ұлтына мүлде жат құндылықтарды Абай мұралары арқылы әдейі бұрмалап жазған кітаптарды бұрқыратып шығарып жатқан «адасқан қазақтар» ағайынды Досым және Асан Омаровты қолдаушы болғаныңыз, қандай өкінішті? Айтарыңыз болса пікірлесуге, санасуға дайынбыз, артық кетсек кешірім сұраудан да арланбаймыз академик-аға..?

Жабал Шойынбет,
«Хакім Абай» ғылыми-зерттеу
орталығының директоры, ф.ғ.к.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3546