Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5327 10 пікір 28 Тамыз, 2019 сағат 14:02

Бірқатар паразиттік аппараттарды тарату керек

Паразит кім?

Тағы да, экс-президенттің бір сөзі туралы. Жалпы халыққа арнап айтылған әңгіме болғандықтан, «іште пікір өлмесін» дегеніміз ғой. Келісу-келіспеу әркімнің өз еркі.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары совхоз-колхоздарды таратып, ауылды жермен жексен ету науқаны басталды. Негізі, қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ететін, табиғи таза әрі қауіпсіз тамақ өнімдерін жасайтын жалғыз тетік осы ауыл болуы керек еді. Алайда, сол тұста өз қастарына бір-бір шетелдік кеңесші жалдап алған біздің басшылар ауыл шаруашылығына соның ішінде ата кәсібіміз мал түліктеріне қырғидай тиді. Басшы біткеннің бәрі совхоз-колхоздарды неғұрлы тез таратып құртсақ, соғұрлым капитализмге тез жетіп, Австралиядан ұшақпен қой тасып жейміз деп ойлады. Жетпіс жыл бұрын большевик бабалары сол совхоз-колхоздарды құру үшін қалай жанталасып, халықты аштан қырса, бұлар да сол қателікті сыпайы түрде тағы да қайталап шықты.

Шын мәнінде советтік жетпіс жылды қанша жерден жамандасақ та, сол совхоз-колхоздар арқылы ұжымдық еңбектің тиімді тұстары пайда болып қалыптасқан еді. Әрине, қателесе жүріп олар да өмірлік тәжірибе жинады, оның артықшылықтарын да, ұжымдық еңбектің жемісін де көре бастаған. Сол еңбек ұжымдарын қалай да сақтап қалу керек болатын. Астана іргесіндегі «Родина» секілді сақталып қалған совхоздардың қазіргі хал-жағдайының көш ілгері екенін көріп, біліп отырмыз.

Ал, ел көлеміндегі кешегі совхоз-колхоздардың мал-мүлкі, техникалары, ауылдық елді мекендері қайда? Бәрі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Қаңырап бос қалып, жермен жексен болғандары қаншама? Осының бәрін қолдан жасап, құрдымға кетірген қай паразит? Ауылдықтар өздері ме, әлде, сырттан жау шапты ма?

...Ауыл тұрғындары әлі де паразит емес. Егер жайылымдық жерін әлдекімдер жекешелендіріп алып, қорып отырмаса, қорадағы азғана малын ұрлап кететін баукеспелер мен сұғанақтарды тырп еткізбей ұстайтын полициясы адал болса, ондай ұры-қарылардың басын сипамай жазасын әділ кесетін соттары «тура биде туған жоқ» деген өлшемге сай болса, әлі де ата кәсібімен бизнес жасайтын қазақ баршылық.

Ол үшін отыз жыл бойы ғаламдық жиын өткізіп, еш пайдасыз іспен далақтап шапқылаудың орнына елді дамытудың, адал еңбекті қастерлеудің жолын қарастыру керек болатын. Сонда, екі сиыр емес, ауылдықтар екіжүз сиырды, мың басты қойды, бірнеше үйірімен жылқыны қорасынан өргізіп, масыл-паразит чиновниктерге лық толып кеткен, шын мәнінде, істері мардымсыз, жұмыстың сегіз сағатында қалғып-мүлгіп отыратын аппараттарды қиналмай-ақ асырап отыра берер. Ұлттық қордағы ақшаға чиновниктер қол салмас та еді. Мұнайға тәуелді болмайтын және бюджет туралы заңын қайта-қайта шимайламас болатын.

Олай болса, мемлекет қаржысын үнемдеу үшін бірқатар паразиттік аппараттарды ықшамдап, кейбірін үкімет қаржысымен асыраудан бас тартып, өзін өзі қаржыландыратын жүйеге көшірулері керек:
1. Бір палаталы парламент құрып, Сенатты тарату;
2. Қазақстан Халық Ассамблеясын үкімет бюджетінен шығару;
3. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Самрұқ-Қазына» әл-аухат қорын тарату;
4. Зейнетақы қорын таратып, әр азаматтың осы қордағы ақшасын өздеріне дербес депозит етіп ашып беру, жинақталған қаржыны инфляциядан қорғай отырып, қамсыз қарттықты кепілдендіру;
5. Министрліктердің санын күрт қысқартып 18 миллион халыққа сай 5-6 министрлік етіп ықшамдау;
6. Ақпарат құралдарын мемлекеттен қаржыландыруды доғару;
7. Түрлі үкіметтік ұйымдар қасынан құрылған ешбір пайдасыз акционерлік қоғамдарды, салалық артық құрылымдарды ықшамдау немесе біржолата тарату.

Қуандық Шамахайұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563