Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алаң 13249 9 пікір 27 Тамыз, 2019 сағат 11:14

Сауда соғысының соңы өркениеттер қақтығысына ұласа ма?

Америка Құрама Штаттары (АҚШ) мен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) арасындағы сауда соғысы енді біртіндеп өркениеттер арасындағы, ашығын айтқанда, Марксизмге сенім артқан, ешқандай дінді мойындамайтын көз-қарастағылар мен христиан дініне мойынұсынатын, ұлттық ақшаларында «In God We Trust» (Біз Құдайға сеніп, үміт етеміз) деп ашық жазған ұстанымдағылар арасындағы   теке-тіреске өтетін тәрізді. Оған соңғы бірнеше күн ішіндегі шиеленіскен жағдайдан себеп табуға болады.

Бәрімізге белгілі, Жапонияда өткен үлкен жиырмалықтың саммитінде «2019 G20 Osaka summit» екі ел арасындағы келісім нәтижелі болмады. АҚШ тарапы 300 млрд АҚШ долл. тұратын Қытай тауарлары мен өндіріс өнімдеріне кедендік салықты үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегінен бастап 10 пайызға өсіретін болған еді. Оған қарымта ретінде, Қытай тарапы ұлттық валютасы юаньды құнсыздандырды. Сонымен бірге, тамыздың 22 күні АҚШ-тың 75 млрд. АҚШ долларлық құнға ие тауарына кедендік салықты 10 пайызға көтерді әрі АҚШ-тың автокөлік қосымша бөлшектері мен ауылшаруашылық өнімдерін елге кіргізуге тыйым сала бастады. Осыған орай, Трапм билік командасымен тамыздың 23 күні шұғыл жиналыс өткізіп, сол күні түстен кейін былайша шешім қабылдады: қазіргі атқарылып отырған 250 млрд. АҚШ долларлық құнға ие Қытай тауарлары мен өндіріс өнімдеріне салынған 25 пайыздық салықты бірінші қазаннан бастап тағы 5 пайызға арттырып, 30 пайызға жеткізді. Содан соң, қыркүйектің бірінен бастап көтеруді қарастырып отырған 10 пайыздық салықты бірден 15 пайызға арттырды. Бұл туралы Трамп Twitter парақшасында жазды[1]. Қытайға қаратылған экономикалық соққы бұнымен шектелмеді. Трамп Қытайда жұмыс жасап жатқан АҚШ-тық кәсіпорындарды елге қайтуға бұйырды. Конгресстің шешімінсіз, оларды елге қайтуға бұйыруына  қандай құқығыңыз бар деген журналистің сұрағына президент: 1977 жылы қабылданған «Халықаралық төтенше жағдайлардағы экономикалық өкілеттілік» жөніндегі заңды (International Emergency Economic Powers Act) қарауын айтты. Алайда, кей бір саясаттанушылар мен экономистер  президент бұл сөзі арқылы Қытайда қазір істеп жатқан кәсіпорындарды емес, оларға ендігі құйылатын қаржы көздерін тоқтатуды айтты десе, енді бір тобы, оның бұл сөзі аталмыш заңдық актінің аясынан  алшақ кетті деп отыр[2].

Трамп  Қытай тауарлары мен өндіріс өнімдеріне кедендік салықты 45 пайызға көтеру әділетті әрі дұрыс шешім деп есептейді.  Егер бұған көнсе сыртқы сауда жасалады, көнбесе қарым-қатынас мүлде тоқтатылады. Оның бұлай сөйлеуіне өзінің сауда жөніндегі кеңесшісі, экономист Питер Наварроның пікірі негіз болды. Питер Наварро Мұндағы 45 пайыздық өсімнің де өзіндік негіздерін мына екі  себеп бойынша түсіндіреді: Біріншіден, ҚХР Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүшелікке өткен 2001 жылдың желтоқсан айынан бері, тауарлары мен өндіріс өнімдерін саудалау арқылы АҚШ-тан шамамен 300-400 млрд. доллар пайда тапқан. Бұл қаражаттарды  зияткерлік құқықты ұрлау, әскери техника мен қару-жарақты дамыту мақсатында жұмсаған. Соның нәтижесінде енді айналасындағы елдерге сес көрсете бастады. Екіншіден, Қытай үкіметі өздерінің кәсіпорындарын мемлекет тарапынан қолдап, өндіріс өнімдері мен тауарлардың өзіндік құнын 5 пайыз көлемінде төмендетіп, әлемдік ашық бәсекелестік заңдылығын бұзған. Оның үстіне, экологиялық зардаптарды ауыздықтауға жеткілікті қаржы бөлмей келеді. Бұл да өзіндік құнның 5 пайызға төмендеуіне себеп болған. Қолдан ұлттық ақшасын құнсыздандыру (қазір 1 долл. = 7,1 юань), жұмысшылардың еңбек-жалақысының төмен болуы т.б. себептерді жинақтай келе тауарлар мен өндіріс өнімдерінің өзіндік құны 45 пайызға арзандаған. Сол үшін 45 пайыздық салықты енгізу әділетті әрі халықаралық сауда шарттарын қорғаудың әдісі[3].

Халықаралық сарапшылардың пікірінше: Егер осы шаралар іске асатын болса, ҚХР-ның экономикасында өте қиын жағдай орын алуы мүмкін:

  • Экономиканың өсімі баяулайды немесе тоқтайды;
  • Шетел қаржысы және шетелдік кәсіпорындар елден кетеді;
  • Елдің ең негізгі экономикалық тірегі саналатын тұрғын үй нарығы құлдырайды;
  • Инфлация өседі;
  • Жұмыссыздық артады;
  • Қылмыс көбейеді, қоғамдық тыныштық бұзылады. т.б. келеңсіздіктер пайда болады.

Трамптың бұлайша сес көрсетіп, қатаң экономикалық шара қолдануға ниет етуін кейбір саясаткерлер, келесі жылғы өтетін президенттік сайлау алдында, бейне Кеңес Одағын ыдыратқан Рональд Рейган секілді ұлы президенттердей мәртебеге көтеріліп, бедел жинау деп есептеп жатыр. Ал Дональд Трамптың сөзінше: Оның Қытаймен арадағы сауда мәселесінде бұрынғы ешқандай президент істемеген істі қолына алуы, өзін Құдайдың таңдауы және қалауымен болып отырғаны деп түсінеді.  Оның бұл сөзінің астарын  кейбір сарапшылар  Інжілмен байланыстырып, «Адамзаттың тұтас сапары Құдайды танумен өтеді»-деп түсінетін христиандық мәдениет пен көсемдерін «мың, мың жыл жасасын» -деп дәріптейтін  коммунистер арасындағы ақырзаман алдындағы күрес деп түсіндіріп жатыр[4].

«Жер шары уақыты» газетінің жазуынша Трамптың осы сауда соғысы мәселесіне келгенде үнемі екі жақтылы пікірде болатынын айтады. Оған үлкен жетілік басшыларының кездесуінде бір журналистің қойған «Сіз бұлайша тарифті өсіргеніңізге өкінбейсіз бе әрі бұл мәселе туралы қайта қарауға бола ма?» - деген сұрағына «Өкінемін, әрине қайта қарастыруға болады. Мен үнемі екі түрлі дайындықпен жүремін» -деп жауап бергенін, артынан АҚШ баспа-сөз  беттерінің Трамп Қытаймен сауда мәселесінде жұмсақтық таныта бастады деп жазуына орай,  қайтадан баспа-сөз өкілі аузымен ол өкінішінің көтерген пайыздық мөлшерлеменің аз болуымен байланысты болғанын айтқан.  Аталмыш газет «Columbia News» сілтеме жасап, Трамптың Америкалық компаниялардың Қытайдан шығуына көптеген кәсіпкерлердің қарсы екендігін және 1,4 млрд нарықты тастап кетудің ақылға сыймайтын шешім екенін де жазды[5].

Ауел баста екі ірі мемлекет арасындағы экономикалық бақталастық негізде қалыптасқан «Сауда соғысы» - деген атпен танылған бұл шиленіс, біртіндеп аумағын геосаяси, мәдени, геоэкономикалық, кісілік құқық және бейбітшілік пен аймақтық төңкерістерге дейін ұлғайған күрделі, күрмеуі көп мәселеге айналып барады. Бұған ҚХР-ның ішкі ісіміз деп  санайтын Гонконг дүмпуі, Тайуан шиленісі, Шынжаң мен Тибет мәселелерімен қатар, Азия-Тынық мұқит аймағындағы өзге елдермен арадағы сыртқы мәселелердің оянған жанар таулардай барған сайын тұтанып отыруынан көруімізге болады. Тамыз айының басында Қытайдың өзекті мәселелерін, түйткілді сұрақтарын кең ауқымда, жата-жастана, еркін түрде талқылайтын «Бый Дайхы жиналысы» өтті. Осы бас қосуда АҚШ-пен арадағы теке-тірестен бастап, біз айтып отырған мәселелердің бәрінің де талқыға түскені анық. Бірақ нақты нендей қаулылар мен шешімдердің қабылданғандығы анық емес. Деседе, Ақ Үйдің айтқанына көне қоймағаны, не болса да «Шешінген судан тайынбастың» күйін  кешіп отырғанын көрсетеді. Алайда, шынында да заманақыр алдындағы жанталас па, жоқ әлде жаңа бір жайлы заманның бастамасы ма оны уақыт көрсетер.  Ал біз тек қана бейбітшілік пен дамудың баянды болуын қалаймыз.

Қастер Сарқытқан,
Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы 

Abai.kz

9 пікір