Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 7784 23 пікір 27 Тамыз, 2019 сағат 10:47

Мира Шүйіншәлиева. Қауырсын гүл

(әңгіме)

– Жүз грамм тап дедім ғой мен саған!

Қайдан табам? Алатын жерім қалған жоқ!

Сайра ішке кіре бергенде, арғы бөлмеден айқайлап сөйлеген жеңгесі атып шықты. Даусында зіл бар. Шашы дудырап, өңі бозарып кеткен.

Қапелімде түкке түсінбеген Сайра табалдырық алдында тұрып қалды. Ауыз үйдің есігін шалқасынан қайыра сілкіп, жұдырығын түйе сыртқа ұмтылған көкесі мұны байқамады. Ащы суға сылқия тойып алыпты. Көзі қанталап кеткен. Құдайдай көретін, алыста жүргенде арқа танатын көкесінің мына түрін бұрын-соңды көрмеген-ді ол. Бұрындары «келе жатырмын» деген хабар құлағына тиген бойда-ақ, көкесі перронда тұра-тұғын. Ал осы жолы бұл жұмыстағы адамның мазасын алып қайтем, оның үстіне жаңа қызметке жоғарылағалы қолы қалт етпей жүрген шығар деген-ді. Сөйткен көкесінің мұнысы несі?..

Бөлменің іші көк түтін. Әр жерде шашылған киім. Терезедегі аппақ жабындардың кірі бес елі. Қалың қарағайдан жасалған биік шкафтың бұрышында қорыққанынан қол-аяғы қоса дірілдеп, көкесінің жалғыз баласы Бекес отыр. Байғұс бала бір уыс боп, бүрісіп қалыпты. Түтіннің иісі бұрқыраған бөлмеден үрейге толы жанары ғана жылтырайды. Сайра берекелі үйдің жын-шайтан ойнағандай мерекесі қашып, базары кеткенін бірден сезді. Үстіндегі гүлді халаты әбден тозып, майлық шүберекке айналған жеңгесімен амандық сұрасқанша жалаң аяқ сыртқа жүгіріп кеткен көкесі көп кешікпей қайтып келді де, ықылық атып, босағада біраз отырды. Есіне әлдене түскендей, өз-өзінен күңкілдеді. Сосын “әй, қатынына” қайта басты.

– Жүз грамм тауып берші? Өл, өл-і-іп барамын.

Жеңгесі үндемей құтылайын дегені шығар,  ләм-мим демеді. Сонысын жақтырмады ма, күйеуі еденді жұдырықтап, тағы кіжінді.

– Әй, сен қатын! Мен саған не айтып тұрмын, ә? Айтпақшы, манағы келген кім, Сайрөк пе? Шыныңды айт, Сайрөк пе келген? Өй, көкем сол!

– Иә, иә, Сайрөк келген. Жатып дем алсаңшы, балалар да демалсын бір. Тұршы, төсегіңе апарайын, тұр?

Жеңгесі қиыла сөйледі де, бұған бұрылды.

–Сайражан, келші, көкеңді екеулеп көтерейік... Маған әл беретін емес.

Тұла бойын қорқыныш билеген Сайра еппен көкесіне қарай жақындай беріп еді, буыны кетіп, былқ-сылқ еткен көкесі мұның қолынан шап беріп, ұстай алды.

– Сайрөк! Ақ Сайрөк, мен қор болдым ғой! Мен, мына мен қор болдым, білесің бе? Мына қатын қор қылды мені. Жүз грамм сұрасам, бермейді. Тапқан ақшамды тығады. Сонда мен кіммін?!.. Қор болмай. Кіммін?..

Көкесі етпетінен еденге жатып, өксіп кеп жіберді. Ер адамның осыншама өксігенін өмірінде бірінші рет көріп тұрғаны осы оның.

– Сайрөкжан, сенің аман келгенің үшін жүз грамм ішейінші? Сосын жатамын. Тиын-тебенің болса, берші маған?

Көкесінің үні бұрынғыдан да бетер жалынышты шықты. Бір ауданның білдей басшысы боп, дүркіреп тұрған көкесінің біреу айтса, нанғысыз мына кейпі жүрегін қан жосытып барады...

– Берме! Берме! Үйге кім келсе де, мұның айтатыны осы.  Жатпайт та! Қоймайт та бұл!.. Жалғыз балаң анау. Бағанадан бұрышқа тығылып, бозарып отырған! Бір күні  айтпады деме, сол баланың жүрегін жарасың сен! Үйдегі заттың бәрін араққа сатып тауыстың! Құдайдан да қорықпайтын адам болады екен-ау?!

Жағы ішіне кіріп, сөйлеген сайын екі ұртының арасынан  селдіреген тістері көрінген жеңгесі тамырлары сыртына шығып, күлбіреп кеткен алақанымен бетін басып, жылап жіберді. Өлердегі сөзін айтып, ақыры қоярда-қоймай мұның, қарындасының бар тиын-тебенін сыпырып алған көкесі сол кеткеннен мол кеткен еді. Сессиясын ертерек тапсырып, көкеснің төрінде біраз аунаймын деп келген Сайраның сағы сынып, екі-үш күннен соң ирелеңдеген пойызға отырып, оқуына жол тартқан. Көкесінің бейбастақ қылығына ұялып, кірерге жер таба алмай, кейін одан біржолата ат құйрығын үзіп кеткен. Тек күндердің күнінде көкесінің білдей қызметтен, бармақтай бақ пен беделден көз жазып, айдалада қаңғып қалғанын, ал жеңгесі Сандуғаштың үйге қара құлып салып, жалғыз ұлды жанына алып, қалаға көшкенін білген-ді.

***

 

Бұдан көп жылдар бұрын осы көкесінің үйленгені әлі көз алдында. Онда кішкентай-ды, есінде еміс-еміс білетін.

- Мына гүлді қазір көкеңнің тәтәй апасына бересің.

Үйдегі үлкендердің мұқияттап айтқан тапсырмасын Сайра қалт жібермей орындауға асықты. Асықпай қайтсын! «Көкең тәтәй апа әкеледі» дегелі бала жүрегі қуаныштан жарылумен болған. Көрші қыздарға да майын тамызып, көкесінің той қамын жыр қылады. Сөйтіп, көптен күткен той күні де келіп жетті. Ауыл сыртындағы жол үстінен машинаның жарығы көрінген сайын көңілі өрекпіп, үш тал гүлді қайда қоярын, сосын тәтәй апасы келіп қалғанда, оған қалай берерін білмеді. Біресе үйге кіріп-шығып, біресе түбіт қолбағының ішіне жасырып, гүлдерін үлпілдетті де жүрді. Түннің бір уағы түгілі, таң ата келсе де ұйықтап қалмай, үш тал гүлді тәтәй апасына қалайда беруі керек.

Ауылды азан-қазан қылып көкесі де келді-ау әйтеуір. Түн ішінде тойшыларды ақ шағаладай боп өзіне таңдата қаратқан тәтәй апасына гүлін алып, Сайра да құрақ ұшты. Бала көңілі ақ мақтадай боп, алақанға үлбірей қонған қар тәрізді.

Ал Биғазы көкесінің қасында көлбеңдеген тәтәй апасы тіптен сұлу! Алма жүзі жымыңдасқан жұлдыздармен шағылысып, ақ туфлиі ақша қарды сықырлата басып келеді. Екеуі де мәз-мәйрам.

- Сандуғаш апа, мынау сізге!

Сайра жүгіріп келіп, қолындағы үш тал гүлді тәтәй апасына ұстата салды.

- Мынау қауырсын гүл ғой... Өзің ала ғой. Жаман ырым болады.

-  Ала салсаңшы, бала ғой, қайдан білсін. Ұят болар. Қасындағы жолдас қызы жәймен ғана құлағына сыбырлады. – Ауылда тірі гүл қайдан болсын.

- Қас қағым сәттегі сол бір өкініш, арада көп жыл өткеннен кейін оның ойына тағы оралды. «Қайырсын гүлдей қаусап қалыңдар» дегендей болыпты-ау! Үйдегілер де қызық, тірі адамға қауырсын гүл сыйлауға болмайтынын білмейді ме? Әлде ауылдық жерде гүл болса, болғаны ма еді? Бәрі де сол қауырсын гүлдің кесірі шығар. Әлде, аузын ашса, көмекейі көрінетін көкемнің тым көпшілдігі, тым бауырмалдығы ақыр соңында ақылына арақ боп жабысты ма? Сандуғаш жеңгем қандай еді! Онда біреудің сөзін кек тұту деген болмайтын. Менің қауырсын гүлімді де ешуақыт әңгіме қылмап еді. Басқа адам болса, «қауырсын гүл сыйлап» деп кек тұтар еді... Сірә, бәріне кінәлі көкемнің өзі. Сосын екеуінің балдай тәтті тіршілігін мерт қылған менің қауырсын гүлім шығар.

* * *

Жер сыз. Ауада дымқыл бар. Күздің күңіренген күндері Сайраның көңіліне сая таптырар емес. Бүгін де жан-жағына ұрлана қарап, құмырсқадай құжынаған базарға келді. Қылдай тамағының қамымен емес, көптен көз алдынан кетпей қойған, көптен тұрса да, жүрсе де, ойынан шықпай қойған сол бір бөгде адамды аңдуға келді. Шулаған базарды басына көтеріп, “Ыстық «беляши» алыңдар” деп, зар қақсайтын семіз сары әйелден келген сайын екі-үш «беляши» алып, темір қақпаның кіре беріс қиылысын мекендеп алған, бет-аузы жүн-жүн бейтаныс адамға ұстатып кетеді. Ондайда ол байғұс жерден жеті қоян тапқандай қуанып, әлгілерді қауып-қауып, бір асайды.

Бұл бейтанысты ол жаз шығысымен байқаған. Кеудесі ішіне кіріп, арқасы бүкірейген ол көбіне басын жерден алмай, күржиетін де отыратын. Өткен-кеткенге бұралқы иттей тілін қайта-қайта жалап, жер-жерін құрт-құмырсқа әбден жеп тастаған қара бөркін күннің аптап ыстығында да басынан бір елі тастамай, мүләйімсіп, тарам-тарам, күс-күс алақанын созатын. Бір күні бар шаруасын ысырып қойып, жатақханадағы жайсыз бөлмесінің бітпейтін тірлігін тастап, Сайра базарға тағы келген-ді. Келісімен бейтанысын іздеген. Неге екенін қайдам, сол күні жүрегі алқымына тығылып, бір нәрсеге көзі жетердей-ақ болған-ды. Тосын бір күш: «Анау темір қақпаға қаққан қазықтай боп қатып қалған жанның кім екенін қазір білесің. Ол – сенің көкең. Ол сені танымақ түгілі, білмейді де. Сен түгілі бұл фәнидің жүзінде жалғыз ұлының да бар-жоғын ұмытқан ол. Басқасы басқа, осы жерден күніне жүз қайтара өтетін жалғыз ұлы Бекестен туған немересін де білмейді. Анау қасапта тұрып ет сататын келінін де көрген емес. Оны қайдан танысын, Бекесті танымағанда?! Жүрек дертіне шалдығып, әлдеқашан жер қойнына кеткен әйелінен де бейхабар... Ендігі жерде көкеңе деген көңілің үшін бұл маңға анда-санда келіп-кетіп, бар-жоғын біліп-кетіп жүрмесең?! Қасына барып, мазалаудың да қажеті жоқ. Ол сенің иілуіңе көнуден, жетегіңе еруден баяғыда кеткен» дейтін тәрізді.

Айтқандай-ақ оның қасынан бір елі ұзамайтын арықтау келген ұзын сары бұлғаңдатып  ескі сырнайын тарта жөнелді. Сырнайдан шыққан мұңды үн көңілдері бостау кей пенделердің жүйкесін босатып жіберді.Сырнайшыға тиын-тебендер түсе бастады. Сол сәт «Менің де үлесімді берсеңдерші» дегендей, бөгде адам басындағы бөркін тізесінің үстіне тастай салды. Сосын сәл-пәл иегін көтеріп, айналасынан өтіп бара жатқандарға жалынышпен қарады.

Екі көзі добалдай боп іскен, қырау-қырау шашын баяғыдай сол жағына қайтарған ат жақты бөгде адамды Сайра жазбай таныды. Маңдайын әжім аямай-ақ осыпты. Көзінің жалыны әбден өшкен.

Тосын күш оны өңменінен итеріп, темір қақпаның сыртынан бір-ақ шығарды. Адамның өңі өзгерсе де, көз жанары өзгермейді  деген рас  екен-ау! Көкесінің көзі түк те өзгермепті...

Базардың шығыс беттегі темір қақпасын әлсін-әлі күзетумен Сайра жылыстаған жазды өткізіп, тұнжыраған күзді қарсы алды. Көкесін көрген сайын дүниенің қызығы қоңыр күзбен қиырға ұшып кеткендей, көңілі шөге берді. Әке орнына әке, шеше орнына шеше боп қалған, кіндіктен жалғыз көкесінің өмірі жанын жегідей жей берді...

* * *

Күндегідей есік алдына бейтаныс бір адамның келгенінен хабар бергендей, ауладағы ит шәуілдеп, біраз үрді. Оған құлақ асқан бейтаныс жоқ, күн ұзағына бөркіне түскен аз-мұз тиын-тебенін шұқшиып санаған болды, есебіне жеткен-жетпегені белгісіз. Үнемі осы қиылыстан күтіп тұратын орыс қызынан бір жартыны сатып алды да, тапқан  ырыздығының дәмін көрейін дегендей, қысқа мойын бөтелкені түбіне дейін бір көтеріп, қылқылдата жұтты. Тіптен шөлдеп қалыпты. Төрт құбыласы енді-енді түгелденгендей, саз балшық иеленген қара жерге бір қырынан қисая кетті. Көшенің бұралқы иттері оның қарасынан ағы көп ұйпаланған сақалын иіскеледі. Бұтақ басында мияулап тұрған сары мысық мамық төсегін қайта көргендей, ұйпа-тұйпасы шыққан қоңыр тонның үстіне секіріп түсті.

Сәлден соң Бекестің ауласының жарығы жанды. Біреу «кі...кі...» деп дыбыс беріп, аулаға шықты. Сыртқы қақпадан басын қылқитқан кішкентай Нұраш кенет айқайлап жіберді:

– Папа, папа, ана мас біздің үйдің алдында тағы жатыр!

– Жатсын, құдайдың кең жерін аяйсың ба?

– Соны сендер жаман үйреткен тиын-тебен беріп... Қане, сен бала, кір ішке! Қатқан нанға дейін сол қартқа бересің де тұрасың! Сосын мында келмей қайтсін ол?! Біледі, кімнің есік алды тыныш екенін... Көшедегі алқаштың бәрін дәніктіріп! Баяғы базардың қасы ғой деп ем, енді көрінген көк иттіні төбеме ойнататын болдым, қасқа басым! Бекестің әйелінің даусы түнгі ауамен өктем-өктем естілді. – Осы жерден қайдан алғызғанымды бұл үйді!

Бірте-бірте жаңғырған дауыс та тынды. Сыртқы есік тарс жабылды. Ауладағы жарық та өшті. Қараңғы түнді тыныштық биледі. Екі аяғын бір-біріне соғып, ұзақ тұрған Сайра жылы үйінде ұйқыға жатқан Бекеске: «Сорлы бауырым-ау, бұл жатқан сенің өз әкең ғой», - деп тағы да айта алмады.

Жаман бөркін көзіне дейін түсіріп, сары мысықпен бірге қорылға басқан көкесі мұның бірінен де қаннен-қаперсіз еді.

Мира Шүйіншәлиева

Abai.kz

23 пікір