Сенбі, 20 Сәуір 2024
Өз сөзім... 4385 5 пікір 26 Тамыз, 2019 сағат 09:00

Барды жоқ десек, әділетсіздік болады...

Барды жоқ десек, әділетсіздік болады, Ырысбек інім!

Мен Ырысбек Тоқтасынұлы інімді өте жақсы білем. Қарғадай кезінде Қазақстанға оралып, қатарға қосылған, ерте есейген азамат. Он жылдай бір қалада -- Алматыда бірге тұрдық. Тәуелсіздік жылдарының қызығы мен шыжығын бірге көрдік. Мен ақын болам деп, Тұмағаның соңына ердім. Ырысбек жеке кәсіппен айналысып жүрді. Отанымыз ұсынған көмектен де іркес-тіркес игіліктендік...

Ырысбек інім соңғы кезде саясатқа араласып, әлеуметтік желілерде өз ойларын активті түрде ортаға салып келеді. "Ұлт аманаты" деген қоғамдық бірлестік құрып, қандастарымыз үшін өте белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жерлес, тағдырлас ағасы ретінде мен Ырысбектің барлық қадамына сәп салып, бақылап отырам. Көбінде қуанып қол соқсам, кейде "әттеген-ай" деп те қалатын тұстарым бар. Жалпысынан алғанда Ырысбекке ризамын. Ешкім аспаннан саясатшы болып түсе қалған жоқ. Айтыса-тартыса жүріп жетіледі. Сүріне жүріп, тәжірибе қорытады.

Байқап отырмын, Ырысбек жұрт көзіне тез түсті. Қазір күнделікті болып жатқан саяси оқиғаларға байланысты БАҚ өкілдері оны сарапшы ретінде шақырып, пікірін тыңдайтын, көзқарасын сұрайтын болды. Інімнің бұл жағдайға жетуін – зор жетістік деп білем. Қатты қуанамын.
"Алға баса бер, өрге тарта бер, Ырысбек!" дегеннен басқа айтарым жоқ.
Жақсы саясатшы, мықты қайраткер болудың бір өлшемі – білімділік болса, екінші өлшемі – әділеттілік.

Елбасының 21 тамызда өткен "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде айтқан «1 миллион [шетел қазағын] шақырдық. Бұлай бірде-бір ел жасамады. Оларға балаларың үйленсін, өссін десек, [оралмандар] маған бер деп ақша сұрайды...» деген сөзіне байланысты Инга қарындасыма сұхбат беріпті Ырысбек батыр.

Мұқият тыңдадым. Ырыстың сол сұхбатта айтқан пікіріне бір-екі түзету бере кеткенді ағалық парызым деп санадым.

Бірінші, Ырысбек Тоқтасынұлы «[ОРАЛМАНДАР] МЕМЛЕКЕТТЕН АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТЕ АЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ. СЕБЕБІ ОЛАРДЫҢ ҚОЛЫНДА ҚҰЖАТЫ ДАЙЫН ЕМЕС!» депті өз сұхбатында.

Бұл мүлде дұрыс емес!
Қазір қолданыста тұрған «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының 26-бабында «Оралмандардың құқықтары мен міндеттері» бекітілген. Аталған баптың 2) -тармағында Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің «жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға; құқығы бар» деп, анық жазылған.

Демек, Бұл – «Оралман» мәртебесін алған ағайын әлеуметтік жеңілдіктерден Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде игіліктене алады деген сөз!

Ол аз десеңіз, аталған Заңның 23-бабында Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары бекітілген. Онда мынадай жеңілдіктер қарастырылған:

1. Этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылады.

2. Оралман мәртебесiн алған адамдар мен олардың отбасы мүшелерi:
1) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетумен;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiмен;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi.

3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң жерлерінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және босалқы жерлерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.

Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.

4. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасынан тыс қоныс аударған оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін. Жәрдемақыларды төлеудің тәртібі мен шарттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалар негізінде бекітеді.

4-1. Оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және (немесе) кеден заңнамасына сәйкес, көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден босатылады.

4-2. Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделетін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

5. Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне осы бапта көзделген мемлекеттік қолдау шараларынан басқа тұтыну кредитін және тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы беріледі.

5-1. Оралмандар немесе оның отбасы мүшелері оларды оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізгеннен кейін қайтыс болған жағдайда, мемлекеттік қолдау шаралары оралмандарға немесе отбасы мүшелеріне олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанына қарамастан ұсынылады.

6. Осы баптың 4-2-тармағында аталған оралмандар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірдің шегінен тыс жерге өзінің ерік қалауымен бес жыл ішінде өз бетінше көшіп-қонған не Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқан жағдайларда, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген, өздері алған мемлекеттік қолдау шараларын мерзімінен бұрын толық көлемде өтеуге міндетті.

Қазір Заңда «Оралман» мәртебесін алуға, тұрақты тіркеуге тұруда, азаматтыққа құжат тапсыруға ешқандай кедергі жоқ. Бәрі шешілген. Тек, қандастарымыз батыл шешім жасап, сауатты, ширақ қимъылдаса болғаны.

Екінші, Ырысбек бауырым осы сұхбатында тағы да «[ОРАЛМАНДАР] ЗЕЙНЕТАҚЫ ДА АЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ. СЕБЕБІ, ОЛАРДЫҢ ЕҢБЕК ӨТІЛІ БҰЛ ЖАҚТА САНАЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ!» депті, бірден кесіп.

Бұл да дұрыс айтылған сөз емес!
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы»
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Заңының 13-бабына биыл 18) тармақ етіліп жаңа толықтыру енгізілді. Соған сай, 18) «Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек өтілі есепке алынатын болды.

«Ештен кеш жақсы» дейді ғой дана халқымыз. Кеш болса да бұл мәселе де мемлекттік деңгейде шешілді.
Зейнет жасына толған қандастарымыз өзі келген елінен өңбек өтілін растайтын бір жапырақ анықтама әкелсе болды, зейнетақысы қайта есептеліп, көбейтіліп беріледі. Беріліп те жатыр.

Бұл – Елбасымыздың, мемлекетіміздің алыстан оралған қандастарына жасап отырған зор қамқорлығы, Ырысбек! Біз бәрін сыпырмайым жоққа шығарудан аулақ болғанымыз дұрыс.

Барды жоқ деп ауызды қу шөппен сүртсең, ол -- əділетсіздік болады, Ырысбек інім!

Сен секілді жас қайраткердің аузынан шыққан бұл сөзіңді алыстағы ағайын естісе, қандай көңіл күйде болады? Шынында да тұк жоқ екен ғой деп, сеніп қалуы бек мүмкін. Көш тағы тосылып қалуы ғажап емес.

Атқарушы билік тарапынан Заң өз деңгейінде барлық өңірде біркелкі атқалылмай жатыр десең, кішкене келісуге болады. Бірақ, оны да біржақтылы қарастыру – тағы тура емес!!

Ал, түсіндіру жұмысы жоқтың қасы десең, онымен толық келісер едім!!!
Егер, жоғарыда аталған жеңілдіктерден қандастарымыз толық игіліктене алмай жатса, ол – ағайындарымызға дұрыстап сауатты түрде түсіндіре алмаған, атқарушы билікке өз деңгейінде атқаруға ықпал ете алмаған, басқа емес, сен екеуіміздің кемшілігіміз!

Ал, Заңдар мен нормативтік құжаттарда кемшін тұстар болса, ол да заң шығарушы органға дұрыстап ұсыныс беріп, өткізе ете алмаған тағы екеуміздің осалдығымыз бен сауатсыздығымыз, Ырысбек!

Біздіі міндет – қандастарымыздың заңдық сауатын көтеру. Ол үшін, алдымен өзіміз сауатты болуымыз тиіс! Əсіресе, сен секілді жұрт алдына шығып, сөз ұстап жүрген жігіттер дұрыс ақпарат беруге тиіс. Сен қателессең, ел қателеседі...

Мен сенің алдағы барша қадамыңа табыс, береке және жеңіс тілеймін!

Ізгі ниетпен,
Ауыт Мұқибек

Abai.kz

5 пікір