Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 9036 7 пікір 23 Тамыз, 2019 сағат 13:10

«Балам етікші болса да аман жүрсін»

Алаш ардақтыларының ішінде Ілияс – артында қаламынан туындаған мол мұрасымен қатар ұрпақ та қалдырған бақытты жан. Себебі жазықсыз жазаға ұшыраған жандардың көбінің артында кіндігін жалғайтын ұл да, қыз да қалмапты. Алысқа бармай-ақ «Үш бәйтеректің» бірі Сәкеннің кіндігінен туған жалғыз ұлы Аян әкесі айдауға түскен жылы-ақ пәк періште күйінде шетінеп кете барған. Онымен салыстырғанда Ілиястың Фатима есімді жарынан Саят, Ильфа, Үміт, Болат есімді ұл-қыздары болды. Ақынның тұңғышы Саят өз өмірі жөнінде былайша сыр шертеді:

Ілияс және қос Фатима

–  Менің анам Төребаева Фатима мен әкем Ілияс екеуі отасқаннан кейін көп ұзамай, ажырасып кетеді. Онда мен есімді де білмейтін жас нәресте едім. Шешем мені алып, Түркістан қаласында тұратын ағасы Сәдуақас Оспановтың қолына кеткен. Ол кісі елге танымал, өте беделді адам болған. Сонау Патша заманында Ташкентте интернатты басқарады. Қазаққа белгілі Үрия Тұрдықұлова, Нұртас Оңдасынов сынды тағы біраз қайраткер тұлғалар осы интернатта оқып, тәрбие алған. Негізі әу баста әкем мен шешемнің танысуына сеп болған осы нағашымыз болса керек. Ол кезде Қазақстанның астанасы – Ақмешіт қаласы, яғни, қазіргі Қызылорда, нағашыларым сол жақта тұрған. Әкем қазақтың музыкаларын, ән-күйін жинастырушы Затаевичпен бірге жүрген, оған көмектескен. Сондай сапарларында нағашым Сәдуақас Оспановтың үйіне қона-жатып жүрген. Ал, шешем музыкадан хабары бар, әнші болған. Сөйтіп ән салып жүрген жерінен әкем анама ғашық болады. Анам 1912 жылғы, яғни екеуі танысып, үйленген 1928 жылы небары 16 жастағы қыз болса, әкем 34 жаста болған екен. Екі жылдан кейін, яғни 1930 жылы мен дүниеге келдім, араға жыл салып Сайра деген қарындасым туған екен, бірақ сәби күйінде шетінеп кетіпті. Одан кейін көп ұзамай әкем мен анам тағдырдың екітарау жолына түсіп жүре береді. Анам мені көтеріп Түркістандағы төркініне кетеді.  Онда жүргенде де ән салуын жалғастыра береді. Сол уақытта республика бойынша дарынды өнерпаздарды Алматы қаласына жинастыратын болады. Анам солардың қатарында 1934 жылы қайтадан Алматыға оралады да, филармонияға әнші болып жұмысқа тұрады. Сол маңдағы шағын қонақүйде тұрғанымызда әкем мені еркелетіп, ойнатып кететін. Ол кісінің ұзын бойлы, денелі қара сұр жүзі менің көз алдымда бүгінге дейін сол қалпында тұр.

Өзі жас, өзі көрікті әрі әнші Фатимаға сөз салушылар да көп болады.  Солардың бірі, яғни өзімен бірге жұмыс істейтін Тәукелов Ибади деген әртіс жігітке тұрмысқа шығады. Сол тұста Ілияс екінші Фатимаға, яғни Фатима Ғабитоваға үйленеді.

«Балам етікші болса да, аман жүрсін»

– Менің өгей әкем де Алаш ордашылармен жақын болғандықтан, қудалауға ұшырады, - деп еске алады Саят Жансүгіров ағамыз. – Содан біз отбасымызбен Шығыс Қазақстанның Абыралы деген жеріне қоныс аудардық. Ол жақта да бізге тыныштық болмады. Ақырында сонымен не керек, өз әкем Ілияс та, өгей әкем Ибади де репрессияға ұшырағандардың қатарында қара тізімге ілініп кете барады. Мен өгей әкемді алып кеткен кезін өз көзіммен көрдім. Бірақ, өз әкемнің де басынан өткен жағдай дәл сондай болған шығар деп ойлаймын. Бірінші сыныпқа енді барған кезім, бір күні мектептен үйге келсем, бейтаныс екі кісі үйдің астын-үстіне келтіріп тінтіп жатыр екен. Біреуі менің ойыншық тапаншамды алып қайта-қайта қарап қоймайды. Не болғанын ұға алмай, үй ішімізбен үдеріп қалдық.

Сол кеткеннен Ибади бірнеше жылдар өткен соң қайтып оралды, бірақ Ілиястан мүлдем хабар болмайды.

Әлі ес білмейтін шағында қалғандықтан, әке бейнесі есінде еміс-еміс қалғаны болмаса, ол жайлы жарытып ештеңе білмейтін Саятқа Ілиястың кейінгі алған жары Фатима Ғабитқызы көп көмек көрсетеді.

– Әкемді алып кетіп бара жатқанда «Қайда, не үшін әкетіп бара жатырсыздар?» деп жендеттердің қолтығына жармасқан тәтемізге олардың бар айтқаны: «Кейінірек мынадай жерге келіңдер, сонда айтамыз» болыпты. Содан айтылған жерге барса, ылғи бір орыс әйел қарсы алып, «жұбайыңыз он жылға сотталып кетті, іздеп келе бермеңіз, онымен хабарласуға тыйым салынады» деп шығарып салады екен. Сөйтіп жүргенде Фатима тәтеміздің құрсағында қалған Болат айы-күні жетіп, дүниеге келеді. Соны көрсетіп, тым құрыса батасын алып қалайын деген ниетпен әзер дегенде рұқсат алып, әкемізбен жолығады. Сонда Ілекең жаңа туған баласын маңдайынан иіскеп тұрып, «Мен сияқты жазушы болам деп қор болғанша, одан да етікші болса да, аман жүрсін» депті. Осы ең соңғы кездесу болған екен. Содан кейін де бірнеше рет артынын іздеп бара-бара, әлгі қарсы алушылардың қайтаратын жаттанды жауабынан шаршаған адуын мінезді Фатима тәтеміз бірде орыс әйелдің жағасынан алып «Адамды алдағандарыңды қашан қоясыңдар? Аш қане ана подвалыңды, менің күйеуімнің сүйегі сонда жатыр» деп айғайлапты. Содан кәдімгідей ығып қалған әлгі әйел іздестіріп, сұрастыратындарын айтып, жұбатқансып, шығарып салыпты. Артынша «сіздің күйеуіңіз лагерде жүрген жерінен инфаркт алып, қайтыс болды» деген хабар жеткен. Оны әрине, қолдан ұйымдастырып, ойдан шығара салған ғой. Әйтпесе, шын мәнінде олардың барлығын қазір ескерткіш қойған Жаңалық деген жерге түнделетіп апарып, атып тастаған ғой. Естігенім, ол кісілердің көзін жауып, жаман, бұзылған тамдардың ішіне кіргізіп атады екен де, үстеріне топырақ та салмай, жай ғана үйді құлатып тастап кете береді екен. Кейін сол жерге балалар барып, біздің талай-талай ардақтыларымыздың бас сүйектерімен футбол ойнаған көрінеді. 

«Күйеуіңіз көп ұзамай келеді...»

Сондай қиын замандарда да адамдардың басындағы жағдайды пайдаланып, алдап кеткен алаяқтар болыпты. 1954 жылы бір күні Фатима Ғабитова тұратын Ілиястың үйіне бейтаныс ер адам келіп: «Мен сіздің күйеуіңізбен бірге сонау Тынық мұхитының бір аралында айдауда болдым. Күйеуіңіз тірі, түрмеден босады. Бірақ онда кеме атаулы ат ізін сала бермейді, мен солардың біріне әйтеуір ілініп кеттім. Сіздің күйеуіңіз келесі кеменің келуін күтіп қалып қойды. Сіз күдеріңізді үзбеңіз, ол келеді. Мен оның осындай аманатын жеткізуге сіздерді арнайы іздеп келіп отырмын» деген хабарды жеткізеді. Мұндай сүйінші хабарды естіп, төбесі көкке жеткендей болған Фатима күйеуінің келуіне кәдімгідей дайындалып, жоспар құра бастайды. Сүйіншіні жеткізушіге ақша беріп, сый-сыяпат жасауды да ұмытпайды. Бірақ, бірді-екілі адамға айтса, олар «Соған сенген сен де ақымақ екенсің, қазір ел ішінде сондай алаяқтар қаптап жүр ғой» дейді. Не әлгі адамға, не жұртқа сенерін білмей, әрі-сәрі күйде жүргенінде бір күні базарда үйіне сүйінші хабар алып келген әлгі адамды ұшыратады, Араққа әбден тойып алып, қисалаңдай басып әрең келе жатқан оны көргенде қаны басына теуіп тап береді. Ол қорыққаннан қаша жөнеліпті.

Сол оқиғадан 3 жыл өткен соң барып 1957 жылы Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы ату жазасына кесілгендігі жөнінде қағаз келеді.

Улы Сталиннің кесірі...

Саяттың туған анасы Фатима Төребаеваның кейінгі тағдыры не болды екен деген сауалдың туындайтыны заңды ғой?.. Бір емес, екі бірдей «халық жауының» жары деген сөздің өзі-ақ қайран арудың өмірінің соңына дейін жетерлік қайғы арқалатып еді. Ұлы Саят пен кейінгі күйеуінен туған қызын асырау үшін жұмыс сұрап бас сұқпаған жері қалмайды. Ақыры газеттердің бірінде қатені қалт жібермей қадағалап отыратын корректорлық жұмыс табылады. Соны да малданып, соған да алданып, балаларын аш қалдырмау үшін жанын салып жұмыс істеп жүрген жерінен бір күні қырсық аяқтан шалады. Бір ғана қаріп қате кеткені үшін бір-ақ күнде жұмыссыз қалады. Бірақ ол қате болғанда да қандай қате еді десеңші?.. Ұлы Сталин дегеннің ұ-сы у-ға айналып, Улы Сталин болып кеткен ғой. Жеке басқа табынушылық заманында ол дегеніңіз...  «Сен әдейі істедің, өйткені «халық жауларының» әйелісің, өшіңді осылай алайын дегенсің ғой» деген жалған жала Фатиманың жанына жазылмас жара салып, ақырында ажал аузына апарып тынады. Қос құлыны жетімсіреген күйі көздері боталап қала береді. Ендігі жерде қатігез тағдыр олардың ата-анасына айналады.

«Мұз қаласы» және «Кіші қазан»

– Әкеңіз қазақтың оқыған ер азаматтардың басына осындай зобалаң шақ туатынын сезді ме, қалай ойлайсыз?

– Негізі сезген сияқты. Әкемнің «Құлагер» поэмасы негізінен ат туралы емес, қазақ туралы, халқымыздың тағдыры туралы. Ол заманда шындықты тура айта алмаған әкем сондай астарлы түрде, поэзия арқылы жеткізуді мақсат тұтқан. Поэма сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған. Әкемнің күллі шығармаларын арбаға тиеп алып, көзін жоюға әкетіп бара жатқан жерінен қолына іліккен «Құлагерді» ала қашып, одан оны жиырма жылдай жастығының астарына тығып сақтаған – Сапарғали Бегалин.

Одан кейін әкемнің «Мұз қаласы» атты поэмасы болған, бірақ ол еш жерге жарық көрмеген. Онда ол кісі Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісін» астарлап, әшкерелеуді мақсат тұтқан. Поэманың оқиғасы мынадай: Бір елді басқаруға келген басшы елдің тұрмысын көріп: «Мыналар не деген бай халық, түк істемейді. Бұларды бір жерге алып барып, жер жыртқыздыру керек» дейді. Оларға баспананы қайдан тауып береміз деген басшылыққа, «бұларға баспана не керек, әлгі эскимостар секілді мұздан үй жасап берейік, сонда өмір сүре берсін» дейді. Сөйтіп ол ойын жүзеге асырып, адамдарды бір қап тары беріп, мұздан үй жасап беріп, айдалада тастап кетеді. Содан келесі жазда бір-ақ есіне түскен басшылар хабар алуға келсе, бір қап тарыларын да тауыспастан халық түгелдей қырылып қалыпты.

Сол кезеңнің шындығын зерттеп, Қазақстан тарихын жаңа заман көзқарасы тұрғысынан жазып жатқан тарихшы Талас Омарбеков өзінің «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері» кітабында: «Күн көріп отырған малын тартып алған соң, көп кешікпей 1921 жылы қазақ даласын алапат аштық жайлады. 1917-1923 жылдар аралығында мал басы 79 пайызға кемісе, қазақ халқының саны 981.314 адамға кеміп кетті» дейді. Сол кезде Жазушылар Одағын басқарып отырған Ілияс Жансүгіровтың «Мұз қаласы» поэмасының астарында жатқан мағына да Кеңес үкіметі қазақ халқының өлігінің үстіне тұрғызылғанын айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізу болды. Себебі ел ішінде «ананы алып кетіпті, мынаны алып кетеді екен» деген дүрбелең шақ туғаннан-ақ күндердің күнінде өзіне де тықыр таянатынын сезді. Сондай-ақ жазған туындыларының да тағдыры талауға түсетінін сезді. Бірақ сонымен қатар ол өз шығармаларын іздейтін саналы ұрпақтың өмірге келетініне сенді. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың, яғни біздің алдымызда  арыстарымыздың сондай сенімінің үдесінен шығу мұраты тұр.

Мәриям Әбсаттар

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3568