Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
2944 0 пікір 21 Тамыз, 2019 сағат 15:04

Қызылордалық құрылысшылар Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын тамамдады

Бүгінгі таңда өңірдегі құрылыс компаниялары Арыс қаласында жарылыс салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын қызылордалық құрылыс компаниялары толық тамамдалды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың 35 кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов:

– 17 тамызда сенбі күні Президент тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин Түркістан облысында жұмыс сапармен болды. Жұмыс сапары барысында Асқар Ұзақбайұлына Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндадым. Сыр құрылысшыларына және халқына қиын жағдайда қолдау жасағаны үшін Премьер-Министр өз ризашылығын білдірді, - деп атап өтті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Арыс қаласындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жылдам әрі сапалы орындағаны үшін қызылордалық құрыш қолды құрылысшыларға алғыс білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні өңір басшысы Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, онда жөндеу жұмыстарының нәтижесін көзбен көріп келген еді. Қызылорда облысына Арыс қаласындағы № 6 учаске бөлінген, онда 14 көшеде 268 тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 10 коммерциялық нысан орналасқан. Бүгінгі күні қалпына келтірілмейтін үйлердің бірі бұзылып, оның тұрғындары үшін жаңа үй сатып алынды, басқа үйдің тұрғындары үшін (93 жастағы әже, оның 60 жастағы мүгедек ұлы және 19 жастағы немересі) және бір аулада тұруға жарамсыз 2 үйдің тұрғындары үшін жаңа тұрғын үйлер сатып алынды. Қалған 264 үй толығымен қалпына келтірілді. Бөлінген үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына Сыр елінен 20 құрылыс компаниясы жұмылдырылған болатын.

Abai.kz

0 пікір