Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
46 - сөз 1760 7 пікір 21 Тамыз, 2019 сағат 13:19

Хемингуэй көздеген мақсатының бәріне қол жеткізгенде неге өзіне-өзі қол салды?

Биыл әлемге танымал қаламгер Эрнест Хемингуэйдің 120 жылдық мерейтойы. Сүйікті жазушымның негізгі шығармаларының бәрін оқығаныммен, «Сенімен үнемі бірге болатын мейрам» автобиографиялық шығармасын оқып шығудың сәті түспей қойған еді. Әрі бұл ұлы жазушының Парижде өмір сүрген кездегі көзімен көргендерін қағаз бетіне түсірген өмірбаяндық туындысы болған соң да Хемингуэйдің өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған талай еңбектерді оқығандықтан, оған аса қатты мән де бере қойған жоқпын.

Жұма күні жұмыстан соң үйреншікті әдетіммен «Керуен» сауда үйіндегі «Меломан» кітап дүкеніне бас сұғып едім, көптеген шығармалардың арасынан Хемингуэйдің осы бір романы көзіме оттай басылды. Сатып алдым.

Сенбі күні таңертең 286 беттік романды оқуды бастадым да, кешкі сағат сегізде қалай соңына жеткенімді байқамай қалдым. Шығарма бұлақтың суындай таза шынайылығымен, ештеңені де оқырманнан жасырмайтын адалдығымен жанымды баурап алды. Адамды терең ойға батыратын, стилі қандай жеңіл еді, Хемингуэйдің!

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Парижге бақыт іздеп келген «жоғалған ұрпақтың» тағдыры көз алдыма елестеді. Көп сөзділіктен ада, кейіпкердің мінезі іс-әрекет арқылы ашылатын туындыдан сол замандағы өмірдің мол шуағы жарқырайды. Онда Хемингуэй өмірінің ең бір бақытты кезеңінің сүгіреті кестеленген.

Романда сипатталатын ұрпақтың тойып ішетін тамағы да, жібу түзу киімдері, де тұрақты баспаналары да жоқ. Бірақ олар шарапқа, ат жарысына, кітап пен саяхатқа ақшаларын аямай, суша шашады. Расында да бар-жоғы жиырма бес жастағы және бойыңдағы талантының арқасында көздеген мақсатына сенімді адамға осындай ұсақ-түйекке бас қатырудың не керегі бар, тәйірі? Ең бастысы жаныңда сүйетін жарың болса, ал өзің сұлу Парижде саяхаттап жүрсең, одан артық қандай бақыт керек.

Шығармада қаланың келбеті аса көп суреттелмеген. Бірақ соған қарамастан романның әр бетінен Париждің лебі аңқып тұрғандай.
Мен бұл романды оқып отырып Парижді ғана емес, ақын шығармашылығына шабыт беріп, үміттерін жаққан қалада серуендегендей әсер алдым. Хемингуэйдің көзімен мен де сол қаладағы ақын-жазушылармен бірге сүйікті жазушыларымның туындыларын талқылап, ойша пікір таластырдым. Бүгінгі таңда есімдері аңызға айналған Гертруда Стаин, Фрэнсис Скот Фицджеральд, Джеймс Джойстармен бірге жүріп, дәл өзімізден айнымайтын қарапайым пенде болған олардың тағдырларын тереңірек тани түстім.

Бірақ шығарманы оқып шыққаннан кейін қайта-қайта бір ой жанымды мазалап тыныштық бермей қойды. Неліктен, азғантай нәрсеге ғана қуанып, өмірдің әр лебінен бақытты бола білген Хемингуэй көздеген мақсатының бәріне қол жеткізгенде өзіне-өзі қол салып, атылып өлді? Мүмкін өмірдегі көздеген мақсатыңның бәріне қол жеткізу – адамның ең үлкен бақытсыздығы да шығар.

Амангелді Кеңшілікұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

7 пікір