Жексенбі, 22 Қыркүйек 2019
46 - сөз 2241 5 пікір 19 Тамыз, 2019 сағат 15:25

"Қазақша жақсы біледі екенсің" деді бір қазақ...

"Қазақша жақсы біледі екенсің" деді бір қазақ. Қуану керек пе, жылау керек пе?
"Мен қазақпын ғой енді" дедім.
Тауда бұлақтың болатындығы сияқты, ол бұлақтың бойында жайқалып ағаш, құлпырып гүл өсіп, сылдырап су ағатыны қаншалықты заңдылық болса, әр ұлттың өзіне тән тілі мен ділі болуы да соншалықты заңдылық қой.

Ағылшынға барып ағылшынша білгеніне, французға барып французша білгеніне, орысқа барып орысша білгеніне таңдану біздің санамызда қаншалықты абсурд саналса, қазақ тілін білетін қазаққа таңдану да соншалықты абсурд саналатын күн туса ғой шіркін.

Әрине жетпіс жыл мылтық төсеп, тамаққа қанжар тақап ми шаю процесі жүрді. Оның салдарын кетіру де оңай емес. Бірақ терезені бір аш. Далада XXI ғасыр, "халықтар түрмесі" құлаған. Ол түрме тек кей жандардың басында ғана жасап жатыр.

Қазір саған тіл үйренуге кедергі жоқ. Мүмкіндік көп. Күніне 10 сөз жаттасаң, жылына Ана тіліңде 3650 сөз біліп шығасың. Былайша айтқанда тілді толық үйренесің.

Миымызда бір сылтау бар. Ол билік орыс тілінде, қоғам орыс тілді деген. Бірақ күніне он сөз жаттауға билік қолыңды байлап қоймайтынын мойындау керек.

Қазақ тілінің мәселесі биліктің құзырымен шешілмеу керек. Халықтың ішкі ынтасымен реттелуі тиіс. Шындап келгенде халықтың 80% қазақ тілінде сөйлеп кетсе, Парламентте шүлдірлеп, орыс тілінде заң қабылдап отырған депутаттар ертең-ақ мемлекеттік тілде заң қарай бастайды.

Сайып келгенде "Қазақ тілі үшін не істедің?" десе, "Ана тілімді жақсы білемін" деп жауап қатсаң ол сенің өз ұлтыңа қосқан үлесің. Ал қалғанын биліктің ары мен ұжданы шешсін. Мың жыл бұрын өліп қалған тілін тірілткен еврейден кем емес шығармыз.

ПыСы: Өзге тілді де үйрену керек.

Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан

Abai.kz

5 пікір