Сәрсенбі, 21 Тамыз 2019
Тағайындау 2339 30 пікір 13 Тамыз, 2019 сағат 14:40

Дана Нұржігіт: Үлкен диірменге, майданға кетіп бара жатырмын...

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар Сенат депутаттары тағайындалды. Олардың ішінде Қазақстан телеарнасындағы “Дара жол” бағдарламасының жүргізушісі, тележурналист Дана Нұржігіт те бар.

Дана Нұржігіт аталған тағайындауға қатысты әлеуметтік желіде өз ойын жазды.

-Қадірлі оқырмандарым, қымбатты отандастар! Маған жолдаған құттықтауларыңызды оқып отырмын.Көп рақмет! Президент Жарлығымен маған жүктелген міндеттің мәртебесі қаншалықты биік болса,салмағы атан түйеге жүк боларлық соншалықты ауыр екенін жіті түсініп отырмын. Халық аманатын көтеріп,көптің үмітін ақтау енді біздің буынға жүктеліп отыр.Арық сөйлеп,семіз шықсын деймін...Қал-қауқарымша адал еңбек етіп, ел өмірінен ажырамай,кабинет қызметкері емес, халық қызметшісі болуға ұмтыламын. Оны айтып отырған себебім: "Dara jol" хабары тоқтамайды.Сол жердегі кездесулер,үлгі тұтар тұлғалардың ақылы, тәжірибесі, кеңесі халық пен заман тынысын, тіршілік тамырының соғысын сезінуге айтарлықтай септігін тигізері анық. Үлкен диірменге, майданға кетіп бара жатырмын... Атымды ерттеп, Батаңызды беріп,ақыл қосқан баршаларыңызға алғыс айтамын! Алла абырой берсін деймін...
Зор құрметпен:
Дана Нұржігіт

Айта кетейік, Дана Нұржігіт осы уақытқа дейін бірқатар отандық арналарда қызмет атқарды. Соңғы уақытта  “Қазақстан” телеарнасынан берілетін “Дара жол” бағдарламасымен қатар, “Балапан” телеарнасының “Дара бала” атты жобаларын жүргізді.

Abai.kz

30 пікір