Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 6858 3 пікір 13 Тамыз, 2019 сағат 11:43

Балалық шақтағы айт мерекесін сағынамын

Балалық шақта, біз жақта айт үш күн болатын, үйдің бір бөлмесінде үлкен дастархан үш күн бойы жайылып жататын. Дастархан толы алуан түрлі дәмдер, басында әр үйдің әйелі самаурынмен шәй құйып отыратын.

Айт - балалар үшін ең үлкен мереке еді. Айтқа қарсы әке-шешеміз бүкіл балаға жаңа киім алып беретін. Айт күні тәңертең, ең бірінші ауылдағы мешітте үйдегі барлық ер адам намаз оқып, намаздан шыққасын бірден ауылдағы мазарға тартатынбыз. Әр әулет өзінің өмірден өткен үлкендерінің мазары басына барып құран оқып, дұға бағыштап, сосын үй-үйіне тартатын.

Үйге келгесін құрбан шалып, қазанға салғасын, үйдегі барлық адам айт дастарханының басына жиналатынбыз, әкеміз немесе дастархан басындағы ең үлкеніміз құран оқып, сосын барып айт дастарханынан асықпай отырып шәй ішетінбіз. Бұл кезге дейін сағат 11-ге жақындайды. Содан балалар 5-6-дан бірігіп, үлкендер 2-3-тен бірігіп, ауылдың бір шетінен бастап айттаймыз. Екі күнде туыс-туған, нағашыдан еш үй қалмау керек. Балаларға кей үй есіктен тәтті дәмді беріп, жолға салады. Кей үй дастархан басына отырғызып шәй, ет береді. Шәй берген үйді мақтап, қуана жалғастырамыз.

Енді біз өскен ауылда мыңнан астам түтін тұратын үлкен ауылдар ғой, соның екі күнде кемі 200-ге жуығын түгендейміз, жаңа киім қара киім болады.

"Ұятсызға үш күн айт" деп, көбінде үшінші күні айттамаймыз, үшінші күні көбінде ауылда тек әйелдер айттайды. Айтта туыстардың үйіне бармай қалсаң кәдімгідей ренжиді. Аралап шығу парыз еді.

Үш күн кәдімгідей мереке, көше толы адам, дастархан толы дәм. Құрбандыққа сойылған қойдың етінен үш күнде ештеңе қалмайды. Бәрі қазанға салынып асылады, үш күн айттап келгендерге табаққа тартылады. Тіпті, соңына жетпей жататын, ысырап болған ет көрмейтінбіз. Айтта ешкім "айттаңыз" деп шақырмайды, кез келген үйге айттап кіре бересіз, айт дастарханын дайындамауы мүмкін емес-ті.

Қазір сондай дәстүр ол жақта да қалды ма, жоқ па, кім білсін?!

Қалаға келгелі "айттаңыз" деп шақыратын болды, шақырмаған үйге баруға болмайды. Себебі айт дастарханын жасамайды, тіпті айт мерекесі туралы түсінік басқаша. Айтта мерекелік дастархан, көңіл мерекелік күй болмайды. Құрбан шалуға да бұрынғы көзқарастан басқа көзқарас, кейбірін мүлде қабылдай алмайсың.

Бүгін құрбан айт мерекесіне байланысты еске түсіп жатқан жағдайлар ғой. Құрбан айттарыңыз құтты болсын! Дұға тілектеріңіз қабыл болсын!

Аятжан Ахметжанұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516