Жұма, 26 Сәуір 2024
3582 1 пікір 12 Тамыз, 2019 сағат 10:02

Каспий форумы басталады

Түркіменстан бірінші Каспий экономикалық форумын өткізуге дайындалып жатыр. Форум болатын "Аваза" ұлттық туристік аймағында жексенбі, 11 тамызда "Түркімен сахра – 2019" инновациялық технологиялар көрмесі ашылады. Форумның өзі 12 тамызда басталады.

Каспий экономикалық форумына Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Түркіменстанның бизнес пен үкімет өкілдерінен бөлек, Каспий елдеріне жақын елдерден делегациялар да қатысады деп жоспарланған.

Форумда негізінен экономика, кәсіпкерлік, ірі жобаларға жағдай жасау, инвестиция тарту мәселелері талқыланбақ. Қазақстан жағынан әзірге оған нақты кім қатысатыны белгісіз.

Бұған дейін форум аясында Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердіммұхамедовтің кездесетіні жайлы хабарланған. Медведев форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеп, инновациялық технологиялар көрмесіне қатысады.

Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде қарапайым азаматтар үшін туристік аймақ жабылған. Апта ортасынан бері туристік орында демалып жатқандарды қонақ үйден шығара бастаған.

Түркімен қызметі тілшілерінің хабарлауынша, "Авазаға" жақын Түркіменбашы қаласы мен оның маңындағы елді мекендерде қозғалыс шектелген. Қазіргі кезде "Авазаға" Түркіменстанның барлық билік өкілдері келген. Олардың арасында президент Бердімұхаммедов пен үкімет мүшелері де бар.

Түркіменстанның экраннан түспейтін президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов соңғы бірнеше апта бойы ресми жаңалықтан көрінбей қалып, оның өлімі жайлы, денсаулығының сыр бергені туралы түрлі сыбыстар тараған.

Сыбыстарды жою үшін 4 тамызда елдің мемлекеттік телеарнасы президенттің демалысын қалай өткізіп жатқаны туралы жарты сағаттық телехабар көрсетті. Президенттің бір айға созылатын демалыс уақыты ресми түрде 15 тамызда аяқталады.

Abai.kz

1 пікір