Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Өзекті 9855 55 пікір 12 Тамыз, 2019 сағат 10:03

«Өткелде ат ауыстырмайды» деген өсиет бар, Тоқаев мырза!

Қоңыр күзбен бірге елдегі саяси өмірдің де қыж-қыж қайнайтын маусымы келе жатыр. Ел Президенті ретінде Қ. Тоқаев қыркүйектің 2-і күні алғашқы Жолдауын жариялайтынын мәлімдеді. Қалай десек те, Қазақ елінде Назарбаевтан кейінгі саяси дәуір басталды. Мейлі, Қосановтың саяси құйтырқылығына көнсек те, сайлаудың қалай өткенін білсек те, дауыс санаудың көпе-көрінеу қалай құбылғанын көз көріп құлақ естісе де, қоғамда шұғыл өзгеріс жасалады деп сеніп, балаша алдансақ та, бәрі өтті, бітті. Енді, сағат тілін кері бұрай алмайсың. Оның үстінде, дәл қазір қоғамды дүр сілкіндіріп, керемет революция жасайын деп отырған да ешкімнің қарасы көрінбейді.

Әрбір саясаткер халықтың қолдауына мұқтаж. Бұқараның қолдауы оған деген сенім болмаған жерде тіпті де мүмкін емес. Қазіргі қазақ қоғамында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген сенім сайлаудан кейін мейлінше, ұлғая бастағаны аңғарылады. Оған ықпал еткен басты фактордың өзі Ә.Қосановтың солқылдақтығы мен саяси әлсіздігі болды. Жұрт үлкен саясатта салмақты-салиқалы тұлғаның орны маңызды екенін түсіне бастағандай. Олай болса, қаласақ та, қаламасақ та, қазіргі Президентті заңды түрде мойындауымызға, бағынуымызға тура келеді. Бәлкім, мойындау дегеннен гөрі мойынсыну деген де жөн болатын шығар.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – ел Президенті ретінде саясаттың ыстық-суығы басылған жаздың жайма-шуақ маусымында таққа нық отырып, әбден жайғасты. Алдағы уақытта, оған көлделең көк аттылардың ықпалы жүре қоймас. Бұлжымайтын шындық, осы. Ендігі жерде «легитимді немесе легитимсіз», пәлен-пәштуан деп дауласудың да, тіпті, сену-сенбеу туралы да ұзын-сонар әңгіме өрбітіп, тіл безеудің  ешқандай пайдасы жоқ.

Таңдалды ма, тағайындалды ма, халықтың қанша пайыз даусын алғанын  сөз ету, ендігі жерде артық әңгіме. Несі болса да, дәл бүгін ауыспалы кезеңнің тарихи аса жауапты миссиясы Қасым-Жомарт Кемелұлына жүктеліп отыр. Мүмкін, бұл да оның пешенесіне жазылған тағдыры болар. «Бұдан да жаман кезімізде тойға барғанбыз» демекші, Мәскеудегі ат төбеліндей саяси бюро таңдап, тағайындаған бірінші хатшыларға да жетпіс жыл бойы сөзсіз бағынып келген жұртпыз. Оған қарағанда, Тоқаевты халықтың бірқатар тобы қолдады, дауыстарын берді, қазіргі күні оның көптеген қадамдарына сенім артып отыр.

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, бүкілхалықтық дауыспен сайланбаса да, атақты реформатор Дэн Сяо Пин Маодан қалған «аш қытайды тойдырып, жалаңаштарын киіндірді», айналасы он жылдың ішінде, елін адам танымастай етіп өзгерте алды.

Сондықтан, ендігі жерде Тоқаевтың жүргізетін саясатына жіті назар аударып, қоғамдық-саяси шынайы реформа жасауына мүмкіндік беріп, лайықты тұстарын қолдағаннан басқа жол жоқ. Бастысы, ол мемлекет басшысы ретінде өткен отыз жылда жіберілген қателіктерді жіпке тізіп, зор дауыспен қатты сынап-сөгіп, популизмге бармаса да, жіберілген қателіктер мен жөнсіздіктердің қайталануына жол бермесе ғана болғаны.

Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың адами бітім-болмысы мен саяси тұлғалық нышаны – көпірген көп сөзден гөрі нақты іске бейім екендігі мемлекеттік лауазымдағы түрлі қызметтерінде аңғарылғаны баршаға мәлім. Сол себептен де, оның бәзбіреулерше, бұлбұлша сайрап, сиқырлы тілімен жұртты алдап-арбағанынан гөрі істің тетігін дөп басып, халыққа пайдалы қызмет еткені әлдеқайда тиімді. Ел Президенті ретінде қызметке кіріскен азғана уақыт ішінде әлеуметтік салада әжептәуір оң қадамдар жасағаны көпшілікке мәлім болғандықтан, оның бәрін тәптіштеп атап көрсетіп жатпайық. Одан гөрі алдағы уақытта нені ескеру керек, істі қай тұстан бастаймыз дегенге жаңа Президенттің назарын аударғанымыз жөн болар.

Алаш қайраткерлері осыдан бір ғасыр бұрын Қазақ елін ұлттық демократиялық мемлекетке айналдырмаққа ұмтылған асыл армандарына жете алмай отаршы империяның қанды қолынан ажал құшты. Өздері кетсе де арттарында «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейтін» идеялары мен арман-мүдделері қалды. Бірақ, сол асыл мұратқа  тәуелсіз дербес мемлекет болған отыз жылға жуық мерзімде қол жеткізе алмадық.

Әрине, тарих үшін бұл мерзім қас қағым сәттей болғанымен, уақыт өлшемімен қарасаң, тепсе темір үзетін жігерлі жастың «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» тұсы. Алайда, тәуелсіздіктің асыл арманын алақанға қондырған қазақ баласы әлі күнге дейін бұғанасы қатпаған әлжуаз бозөкпенің тірлігін кешіп отыр.

Еліміздің табиғи байлық қоры мол екендігіне көз жеткізген соң, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ тез дамып, әлем өркениетінің  көшінде алдыңғы қатарға шығып кетерміз деп сенгенбіз. Әлемде бір ел көркейсе, тәуелсіздік жылдарында біз гүлденіп-ақ кетер едік қой. Бірақ, өкінішке қарай олай болмады. Мұндай байлық сыбайлас-жемқорлық деген індетті ерте жүріп, экономикалық дамуды тіпті кері тартқанын көрдік. Табиғи байлықтың молдығы бақ емес, сорға айналды.

Инвестор деп аталатын шетелдіктер қазақ жерінің байлығын аяусыз тонап алып, ақыр соңында  бананды жеген соң қабығын тастайтыны секілді лақтырып кететін түрлері бар.  Экономикалық түрлі көрсеткіштер, пайда мен табыс туралы жасалатын санқилы баяндамалар және билік өкілдерінің мақтанып-шаттанған жалынды сөздері қарапайым халыққа түсініксіз әрі аса қатты толғандыратындай дүние  де емес, шындығын айтқанда.

Қатардағы қазақ үшін мәселені «табиғи байлықтан түсетін табысты неге тең бөліспейміз?», «қазба байлық таусылған соң жағдай қалай болады?» деп қана қарапайым түрде көтерген әлдеқайда тиімді. Елдің экспорттық өнімдерінің көп бөлігін табиғи байлық, яғни, толықтай өңделмеген шикізат иеленеді. Үкімет  бюджетті жоспарының өзін әлем нарығындағы мыстың, мұнайдың, алтынның өсімі мен кемуіне лайықтап келеді. Сонда, Әлихан Бөкейхан айтқан «қазақ жерінің әр тасы кеудемізге түйме болып қадалуы» туралы өсиеті қайда қалды?

Табиғи байлықтың елге ақша әкелгенімен даму қарқынын арттырмайтынын, шикізатқа аса бай болсақ та, ішкі өндірісіміз құрыдымға кеткеніне көз жеткіздік. Елдегі ат төбіліндей ғана топтың байып, халықтың көбі кедейшілік күй кешіп отырғаны айтпасақ та белгілі. Экономикалық өсім бұрын болмаған ірі көрсеткішке жеткенімен игілігін аз ғана топ көріп келеді.

Ғажайып жетістіктерімізбен мақтану үшін көзге көрінетін, қарапайым халық тікелей сезінетін бірдемелер болуы керек қой. Айлық жалақымыз қаншалықты өсті, тұрмыстық қажеттілігімізді толықтай өтеуге жетіп тұр ма, өндіріс саласында ілгерілеу бар ма, тәуелсіздік жылдарында әлемдік нарыққа шығарған брендтік қандай дайын өнімдеріміз бар?

Табиғи байлықты сатудан түскен қыруар ақша ішкі өнім өндіруге кері әсер етіп жатыр. Айталық, аз шығынмен олжалаған табиғи байлықты шикі күйінде экспорттайды, одан түскен ақшамен қажеттілігін өтейді, тіпті оңды-солды шашады. Соның салдарынан мемлекеттік орындардың бюджетінен нәтижесіз ағылып-төгілетін шығын көбейді, сыбайлас-жемқорлық кәріне мінді. Есесіне, жасампаздық пен нақты істің тетіктері әлсіреп, өндірістік қабілет төмендеді, тіпті жансыздана түсті.

Табиғи байлыққа тәуелді болмаудың, дамудың басқаша жолдарын қарастыра алмаған үкімет кабинеті қайта-қайта тағайындалып келді.  Шын мәнінде, сол кабинет Ұлттық қордағы қаржыны тиімді пайдаланудың жолдарын да таба алған жоқ. Енді, зейнетақы қорына қол салып жатыр. Реті келгенде, айта кетейік. Осы зейнетақы қорын таратып, жинақталған қаржыны әр азаматтың атына жеке депозиттік шот етіп ашса, оны тек зейнеткерлікке шыққан соң ғана ай сайын алатын етіп қойса, тиімді болар еді. Сонда ғана ол біріншіден, талан-таражыға түспейді, екіншіден, пайыздық өсімі арқылы белгілі деңгейде болса да теңгенің қүнсыздануына төтеп беріп, сақталып тұрар еді.

Жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, тауар өндіру, қызмет көрсету, әлеуметтік қорғау секілді елдің ең бір өзекті мәселелерін қағаз жүзінде ғана керемет көрсеткіштермен алаулатқанымыз болмаса, іс жүзінде сын көтермейтін халдеміз. Жағдайлары бізден көш ілгері жұрт дабыл қағып жатса, өзімізді әлемдегі ең бай елдер қатарына қосып «бізде бәрі бар» деп мақтанумен келдік.

Бір анығы, қазіргі жағдайда ортақ қазаннан қаншалықты мол қарпып жеп қалсаң, соншалықты әл-ауқатың көтеріліп, қазынадан ұрлаудың арқасында баюға болатындай ұғымның қалыптасқаны рас. Керісінше, «ұрлық түбі қорлық» дегенді ұғатын күн туса игі еді. Майлы жіліктің басын ұстап отырғандардың көбінің қандай жолмен байығанын бүгінгі күні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бес саусағындай білетін жағдайға жеттік. Бірақ, ештеңе де, ешқашан сұраусыз, жауапсыз қалмайтынын ескерсек, игі еді.

Жалпы әр қазақ үшін еліміздің тәуелсіздігі мен саяси тұрақтылығынан қымбат ештеңе жоқ дейтін болсақ, азғана топтың ел мен жердің байлығын білім-пайымымен, моралдық құндылықтарымен қоса ту-талапайын шығаруына жол бермесек екен. Халықтың жайбырақаттығы мен жайбасарлығының салдарынан бүгінге дейін бай мен кедейдің аражігі барған сайын алшақтап барады. Бұл әрине, бүкіләлемге тән үрдіс болғанымен халқы аз, жерінің асты мен үсті байлыққа толы,  біз секілді мұнайлы елдер үшін кедейшілікке жол бермеуге мүмкіндік зор.

Алайда, қазіргі күні кең өріс алған жұмыссыздық, қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас-жемқорлық пен асқынған парақорлық, әлеуметтік теңсіздік халықтың отаншылдық сезіміне селкеу түсіріп, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретіндігімен қатерлі.

Кедейшіліктің тағы бір негізгі кілті – барған сайын өршіп бара жатқан инфляция мен коммерциялық банктердің ақылға сыймайтын пайыздық өсімдерінде болып тұр. Осының бәрі қазақ халқының  сенімі мен үмітіне қаяу түсіріп отыр.  Барша қазақ ел тәуелсіздігіне барынша сенген, одан жақсылық күткен. Енді, қайда кетіп бара жатқандығын бажайлайтын, ойланатын жағдайға жетті. Тәуелсіздікті нығайту, оны баянды етіп ұстап тұрудың маңыздылығы барған сайын өткір сезіліп отыр. Ол үшін ең алдымен, әлеуметтік теңдікті, әділдікті қалыптастыруға тиіспіз.

Кез келген мемлекет өз азаматтарының қарны тоқ, иығы бүтін, қолайлы баспаналы болуын қамтамасыз етуге міндетті. Біз демократиялық зайырлы қоғам құруды Конституция арқылы бекіткен елміз. Мұндай қоғамда мемлекеті өз тұрғындарының ішер асы мен киім-кешегін, баспанасын сатып алуына қолайлы жағдай тудыратын жұмыс орнымен қамтуға тиіс болса керек. Осы мәселені шешкеннен кейін барып, саясат, экономика, геосаяси мәселелер жөнінде әңгіме айтып, халықаралық іс шаралар ұйымдастыруға болатын шығар.

Ел экономикасының дамуына құрғақ уәделер мен орындалмайтын түрлі бағдарламалардан гөрі нақты іс қызмет, жеткілікті жұмыс орындары, білімді де білікті азаматтар ғана керек. Сондай-ақ, ел азаматтарының барлығы заң алдында тең болуы іс жүзінде қамтамасыз етілсе. Қысқасы, қылмыс жасағандар жазадан құтылмайтын, ешкім жазықсыз жапа шекпейтін ахуалдың қоғамда қалыптасуы бәрінен маңызды болып отыр.

Сөз соңында айтарымыз, елдің екінші Президенті ретінде тарихи міндетті мойнына алған Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің өкілеттік мерзімін толықтай атқара отырып, келесі сайлаудың әділ әрі демократия талаптарына сай өтуіне өлшеусіз үлесін қосқаны абзал. Себебі, біз бүгінге дейінгі сайлаулардың бәрін дерлік уақытында өткізген жоқпыз. Ал, дәл қазір ауыспалы кезеңде тұрмыз. Бабаларымыз «өткелде ат ауыстырмайды» деп өсиет етіп кеткен.

Қоғамдағы саяси тұрақтылықтың сақталуы үшін қандай жағдайда болсын, елдің заңды Президенті өкілеттік мерзімін толықтай аяқтауының маңыздылығы айтарлықтай зор.  Халықтың ендігі үміті мен сенімі осыда!

Қуандық Шамахайұлы

Abai.kz

55 пікір