Жұма, 19 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 4995 32 пікір 8 Тамыз, 2019 сағат 20:21

Атамбаев ұсталды

Қырғызстанның күштік құрылымдары экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстады. Қырғызстанның күштік құрылымдары кеше сәтсіз аяқталған Атамбаевты ұстау операциясын бүгін қайта жалғастырған еді.

"Атамбаевпен бірге көлікте оның жақтастары Құндыз Жолдыбаева және Фарид Ниязов та бар", деп жазады Tengrinews.kz.

24.kg мәліметінше, Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевпен арадағы келіссөздер ұзаққа созылған. Ақырында Атамбаев өзі берілген. Ал оның жақтастары көліктерді жібермей тосып тұрған көрінеді. Тіпті мылтық дауысы да естілген.

РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Алмазбек Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев өз қорғауындағы экс-президентті қай жаққа алып кеткенінен хабарсыз қалған.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қырғызстанның күштік құрылымдары елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын бастаған. Ол кезде Атамбаевты ұстауға 200-дей адам келген. Ал Атамбаевты жақтаушылардың саны 400-ден асқан. Екі тарап арасында қақтығыс болып, 52-ден астам адам жарақат алған. Және 1 сарбаз қаза тапқан. Операция Қырғыз астанасынан 20 шақырым жердегі Қой-Таш ауылында өткен.

Алғашқыда экс-президентті тұтқындау мүмкін болмаған. Одан кейін Алмазбек Атамбаев баспасөзге шығып болған оқиғаға қатысты пікір білдірген. Ал Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Жоғарғы Кеңестің шұғыл отырысына қатысып, Алмазбек Атамбаевты айыптап сөйлеген.

"Атамбаев осыған дейін сотқа куәгер ретінде шақырылса, енді ол қылмыскер ретінде жауап беретін болады. Ол Конституцияны өрескел бұзды", деген еді Жээнбеков.

Айтпақшы, Қырғызстандағы осы оқиғаға қатысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдірген.

"Бұл Қырғызстанның ішкі шаруасы" деген ресми мәлімдемеде.

Кейіннен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээенбековтің телефон арқылы сөйлескені белгілі болды.

Abai.kz

32 пікір