Жұма, 19 Сәуір 2024
Алаң 24654 17 пікір 8 Тамыз, 2019 сағат 13:20

Арыстағы апатқа "мектеп меңгерушісі" ғана кінәлі...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне салғырттық танытып, Арыс қаласында орналасқан әскери қару-жарақ қоймасындағы апаттың туындауына жол берген бірқатар шенділерді жазалады.

Өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны және қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысындағы, Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасын іске асыру кезіндегі елеулі кемшіліктері, соның салдарынан Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынына ұшыратқан ауқымды апатқа жол бергені үшін:

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі болып қызмет атқарған Сәкен Әділханұлы Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінен шығарылды.

Ал Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Кәрібайұлы Бектанов пен бұрын Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болған Мұрат Жәлелұлы Майкеевке қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар, бұрын Қорғаныс министрінің орынбасары болған Талғат Жеңісұлы Жанжүменовқа да дәл осындай жаза тағайындалды.

Бейбіт күнде бомбы жарылып, бейғам отырған халық үйін тастап босып кеткен жарылыс үшін біреу жауапқа тартылғаны жөн-ақ. Сол үшін де ел Президенті Қорғаныс министрлігінде бұрын және қазір қызмет істеген шенділерді жазалап отыр.

Енді біздің айтпағымыз, осы апатқа тек Сәкен Жасұзақов пен оның командасы ғана кінәлі ме?! Президент жарлығы бойынша, бұрынғы министр мен оның екі орынбасары жазаға ілігіп отыр. Қазіргі министрлік өкілдерінен бір шенді ғана қатаң сөгіс алды. Ал министрлікті Жасұзақовқа дейін басқарғандардың бәрі "судан құрғақ шықты".

Сәкен Әділханұлы аталған ведомствоны  2016 жылы 13 қыркүйтен 2018 жылы 7 тамызға дейін басқарды. Екі жылға анық толмайды. Еліміздің әскери саласында мол тәжірибеге ие сақа маман өткен жылы министрліктен кетіп, университет меңгерушісі лауазымына тағайындалған. Ол кісінің Қорғаныс министрлігіндегі екі жылдық қызметіне тәуір баға беретіндер көп. Бірақ, айналасы екі жылда Арыста отыз жыл бойы жатқан қару-жарақ қоймасын тазалап үлгірмеген екен. Сол үшін жауап беріп отыр, міне!

Ал одан бұрынғы және кейінгі министрлер ше?! Жасұзақовтан бұрын еліміздің қорғаныс саласында сегіз министр ауысқан. Тіпті, Мұхтар Алтынбаев бұл қызметті екі кезек атқарып, министр креслосында 9 жыл отырған. Бұдан бөлек, Даниал Ахметов, Әділбек Жақсыбеков, Серік Ахметов, Иманғали Тасмағамбетов қатарлы кісілер осы терінің пұшпағын илеп көрген. Бұлардың ішінде Әділбек Жақсыбеков бес жыл бойы осы қызметтің тізгінін ұстаған.

Екі жыл қызмет істеген Сәкен Жасұзақов ғана емес, тура 20 жыл бойы түк тындырмаған жоғардағы министрлерден де жауап алу керек. Себебі, Арыстағы қоймада жарылыс бірінші рет болып отырған. Бұған дейін де бірнеше мәрте апат болып, адам шығыны орын алған. Сондықтан, Арыс оқиғасына байланысты жауапқа тартылатындардың саны бұндай аз болмау керек еді.

Қазіргі министр Нұрлан Ермекбаевтің бұл қызметке келгеніне бір жыл ғана болуы оны жауапкершіліктен арашалай алмайды. Жұмыс істеймін деген адамға бір жылда аз уақыт емес. Алайда Нұрлан Байұзақұлы бұл бағытта ештеңе істемеген екен. Тіпті әскери қару-жарақ қоймасында жарылыс болу қаупі бар екенін білмеген де секілді. Әйтпесе, Арыстағы оқиғаны "табиғи апат" деп айды аспанға шығармас еді.

"Бұл біздің кінәміз деуге болмайды. Бұл табиғи апат. Әрбір арсеналдың қауіпі бар. Әзірге халықтан кешірім сұраудың еш себебін көріп тұрған жоқпын", - деген Ермекбаев мырза шынымен де жауапкершіліктен құтылып кетті. Оның орнына бір орынбасары қатаң сөгіс естіді. Айдың-күннің аманында атпалдай үш азамат қайтыс болған, Қырық мыңнан аса қала тұрғыны баспаналарын тастап, басқа өңірлерді уақытша паналауға мәжбүр болған ірі апат үшін жауапты шенділердің алған жазасы осы ғана болды.

Арыста алғаш жарылыс болғанда оқиға орнына ел президентінің өзі арнайы барды. Халыққа көмектесуді, қираған үйлерді қалпына келтіруді тапсырды. Осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Үкіметтің есебінше, Арыстағы құрлыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл апатқа мемлекет басшысынан тартып, бүкіл Қазақстан халқы назар аударып, тұрғындарға көмектесіп жатыр.

Бірақ біздің билік қашанғы әдетінше "аттан түссе де, үзеңгіден түскісі келмей" отыр. Жарылыстың себебін анықтап, кінәлілерді жазалап, бұндай келеңсіздікті енді болдырмауды ойлап отырған жоқ. Бұл апаттың туындауына тікелей жауапты адамдар тағы да жазасыз қалмақ. Басқаша айтқанда, ұзақ жылдар бойы бірнеше кезекті ірі шенділердің қателігінен орын алған апат үшін жалғыз "мектеп меңгерушісі" ғана жауап беретін секілді...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

17 пікір