Жұма, 19 Сәуір 2024
3546 4 пікір 7 Тамыз, 2019 сағат 14:41

Солтон-Сары кенінде қытай компаниясының қызметі уақытша тоқтатылды

Қырғызстанның Нарын облысында орналасқан Солтон-Сары алтын кенінде Қытайдың Zhong Ji Mining компаниясының қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы бірінші вице-премьер-министра Кубатбек Боронов хабарлады.

Мұндай шешім Мемлекеттік экология және техникалық қауіпсіздік жөніндегі инспекция қорытындысы негізінде қабылданды. Бороновтың хабарлауынша, соңғы күндері алтын кенінде тіркелген оқиғаларға қатысты тергеу жүргізіледі.

"Үкіметтің арнайы комиссиясы жұмыс жүргізеді. Соның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады", - деді бірінші вице-премьер-министр.

5 тамызда алтын кенінде болған жанжалдан ондаған адам зардап шекті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Нарын облыстық ауруханасына 21 адам түскен, олардың жиырмасы - қытайдың Zhong ji Mining компаниясының қызметкері. 6 тамызда 19 адам ауруханадан шықты, жергілікті бір тұрғын емделіп жатыр. Бұған қоса, Бішкектегі травматология және ортопедия медициналық орталығына қытай компаниясының 28 жұмысшысы түскен. Алғашқы медициналық көмектен соң олардың барлығы амбулаториялық емге көшірілген.

Қытайдың Қырғызстандағы елшілі Солтон-Сарыдағы жанжалға қатысты мәлімдеме таратты.

"Біз қырғыз тарапынан зардап шеккендерге барынша медициналық көмек көрсетуді, оқиғаны түбегейлі тексеруді, кінәлілерді қатаң жазалауды, оқиғаны әділ және дұрыс реттеуді талап етеміз. Қытай тарабы Қырғызстан үкіметі мен тиісті ведомстволарынан қытай компанияларының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайтын, Қытай азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермейтін пәрменді шаралар қабылдауын сұрайды" делінген елшілік мәлімдемесінде.

5 тамызда Қырғызстанның Нарын облысындағы Солтон-Сары кен орны маңына жүздеген жергілікті тұрғын жиналып, кенішті игеру жұмыстарын атқарып жатқан қытайлық Jhong ji Mining компаниясы жұмысшыларының Солтон-Сарыдан кетуін талап еткен.

Abai.kz

4 пікір