Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Саңлақ 6979 3 пікір 31 Шілде, 2019 сағат 12:24

Әділбек Ниязымбетов: Қазақ боксы өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатыр

«Қыран бүркіт көтерер ердің нарқын, қыран жігіт асырар елдің даңқын» деп тектен-текке айтылмаса керек. Бұл сөзді байрақты бәсекелерде қазақ елінің абыройын асырып, талай жасқа үлгі болған спорт саңлағы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке қаратып айтсақ болатындай. Жақында ғана «Қазақстанның құрметті азаматы» атанған Әділбекпен жолығып, аз-кем сұхбат құрған едік. Назарларыңызға ұсынамыз!

- Әділбек, жақында «Қазақстанның құрметті азаматы» атандыңыз. Құттықтаймыз! «Құрметті тұлғалардың» қатарына қосылаудың жауапкершілігі де жеңіл болмас...

- Үлкен рақмет! Иә, әрине бұл жайдан-жай берілген дүние емес. Бұның жауапкершілігі өте үлкен. Қай жерде, қай елде болмасын, өзіңе артылған жауапкершілікті сезініп тұрасың. Өзіңді дұрыс ұстап, дұрыс жүрсең, артыңнан ешқандай сөз ермейді, ешқандай жаман іс болмайды. Алдағы уақытта осы артылған сенімнің үдесінен шығып, ел үшін қызмет жасайтын боламыз.

- «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» дейді. Осы жасқа дейін біраз жетістіктерге қол жеткіздіңіз. Ендігі мақсат қандай?

- Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдім. Жаңа жұмысқа орналастым. Жұмыс бабымен биыл шетелде оқу жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда, Лондон қаласына оқуға баруым керек еді. Бірақ қазір таңдаған мамандығым Сочи қаласында да бар екен. Енді қыркүйек айында екі қаланың біріне барып, «Спорт менеджері» мамандығы бойынша білім алмақпын. Қазіргі мақсат – білім жетілдіру, жаңа дүниелер үйрену, тәжірибе жинақтау.

- Жаңа қала, жаңа жұмыс, жаңа орта. Қазіргі жұмысыңыз жайында аз-кем айтып өтсеңіз.

- Әрине, бұл – басқа өмір. Қазір көбісі бірден бастық болғысы келеді. Бұрын соңды қағазбен жұмыс жасап көрмегенбіз. Былай алып қарағанда жұмыстағы жетістігің де, спортта жеткен жетістігің сияқты болу керек. Мысалы,  Қазақстан чемпионатын ұтасың, одан әрі Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты бар деген сияқты. Бұл да осылай өз сатысымен келу керек. Адам өз мақсатына біртіндеп қол жеткізеді. Сондықтан, қазір ешқандай асығыстық жоқ. Компьютер алдында құжаттармен жұмыс жасаймын. Ағаларымыз жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп келеді. Тәжірибе жинап, көрген-білгенімізді ойға түйіп жатырмыз.

Картинки по запросу professional boxing

- 2018 жылы ресми түрде бокспен қоштастыңыз. Сол уақытқа дейін бокстан кетемін деген ой  болды ма? Бокстан кеткеннен кейінгі сезім қалай болды? 

- Екі олимпиадалық ойындардан кейін, үшінші олимпиадаға қатысып көремін деген ой да болды. Бірақ денсаулығым сыр берді. Жаттығуды қиындатып жіберсем, беліме зақым келіп жатты. Сонан соң нақты бір ойға келіп, шешім қабылдадым. Әрине, біреуге жақсы, біреуге жаман, бірақ іштей бір өкініш болды. Үшінші олимпиадаға қатысу туралы да түрлі ойлар болды.

Әрине, ешқандай өкініш жоқ. Бұл – өмір. Өмір болған соң барлығы да болды. Сондықтан бәріне шыдап, төзе білу керек. Осы жылға дейінгі спорттағы жетістігіме шүкіршілік айтамын. Осындай жақсы көңілде нүктесін қойғанды жөн деп санадым.

- Бокстан кетуіңізге денсаулығыңыз басты себеп болған екен. Қазір жағдайыңыз қалыпты ма?

- Аллаға шүкір, жақсы! Қатты қинап жатқан ешкім жоқ. Тек жұмыс жасаймыз, бұрыңғыдай ауыр жаттығулар да жоқ. Белге күш салып жатқан жоқпын. Барлығы бір қалыпты.

- Әуесқойдан кәсіпқой боксқа ауыссам деген ой болды ма?

- Менде мүлдем ондай ой болған жоқ. Боксты қойсам тек осы әуесқой бокста аяқтаймын деп шештім. Кәсіпқой боксқа ауысамын дегенді ойлаған емеспін.

- Тұлға болып қалыптасуыңызға бірден-бір себепкер әкеңіз болғанын айтып жүрсіз. Әкеңіз  қолдау білдірмегенде, Әділбек қандай адам, қандай маман болар еді?

- Иә, әкемнің қолдауы өте зор. Ол кісі өзі спортты қатты жақсы көрді. Үйінің үлкені болған соң өзі спортқа баруға мүмкіндігі болмады. Сондықтан біздің спортпен айналысып, жетістікке жетуімізді қалаған бірден-бір жан – әкеміз.

Спорттан бөлек жол таңдар болсам, бәлкім ғалым болар ма едім. Себебі, мектепте сабақты жақсы оқыдым. Қыздар бес алса, менде бес алып, жарысып оқитынмын. Мектеп кезінде оқу-білімге ынтық болдым. Егер одан өзге жол болса, футболшы болар ма едім. Өйткені теңбіл допқа ықыласым бөлек. Қазірдің өзінде бұл менің сүйікті бір ісіме айналған.

- Иә, жақында жастардан құралған футбол командасын ашты деп естідік. Жұмыс қалай жүріп жатыр?

- Негізі бұл Ержан Ауғалиев деген жақын досымның бастамасымен құрылған команда. Өзі маған ұсыныс айтып, осы командада ойнағанымды қалады.

Қазіргі таңда командамызбен жарыстарға қатысуды бастап кеттік. Ержан бауырымының туған жері Қорғалжың ауданы, Абай ауылы болғандықтан, команда атауын «Абай» деп қойдық. Команданың атын өзгертуге де ұсыныс айтылды. Бірақ мен оны қаламадым. Қалай іс басталды, солай ешқандай өзгеріссіз қалғанын қаладым. Енді сол аймақатағы ауыл жастарын өзімізге тартып, демушілер қарастырып жатырмыз.

Бүгінде құрама сапында 25 жас спортшы бар. Қазір әр жексенбі сайын Астана футбол лигасына қатысып, бақ сынап келеміз. Жастардың жігері мықты, барлығынан жақсы үміт күтуге болады.

- Алғаш рет 2007 жылдың жазында Алматы қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеттіңіз. Алғашқы жеңістің әсері қалай болды, қандай сезімде болдыңыз? Есіңізде ме?

- Иә, әрине. Алматы қаласында өткен алғашқы жарыстан алған әсерім әлі күнге дейін есімде. Ол кездегі қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Алғашқы алтынды алу мен үшін үлкен мақсаттың алғашқы сатысы болды. Ерекше сезім, толқыныс болды. Менің спортқа деген жігерім, талпынсым артты. Ол жерде ата-анамның да қолдауы бар. Жарысқа шығып жатқан кезде сен үшін ерекше қуанатындар да сол жандар. Қасыңда бапкерің бар. Таң ертеңнен кешке дейін қасыңда жүргеннен кейін олардың үмітін ақтау деген керемет сезім. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

- «Сын – ерді шыңдайды, қорқақты қинайды» дейді. 2009 жылы сіз үшін ең ауыр жылдың бірі болды деп ойлаймын. Себебі, Миланда өткен әлем чемпионатына жол түспеді. Осы сәттен бастап сізде спорт әлеміндегі тоқыру жылдары басталды. Сол кездегі бозбала Әділбек өзін қалай шыңдады, қалай тығырықтан шыға білді?

- Расымен мен үшін ауыр жылдар болды. Қатарынан бірнеше жарыста ұтылған сәттерім болды. «Сен неге олай жасайсың, бір бастағаннан кейін соңынан дейін жеткізу керек» деп бапкерім шыңдай түсті. Содан кейін іште бір ой туды. Шынымен адам деген бір істі бастағаннан кейін шыңына жеткізбей қойып кетпеу керек. Оның үстіне, біз ер адам болғанан кейін жарты жолдан кетіп қалу ауыр болар еді. Адам бір істі бастағанан кейін, алдына мақсат қойғанан кейін соңына дейін жету керек. Соның шыңына жеткенше еңбек ету керек. Боксқа қатысып, бірден әлем чемпионы болып кету мүмкін емес. Барлығы қиыншылықпен келеді. Сондықтан осы қиыншылықтардың бәріне төзе білдік, күрестік. Шүкір, біршама жетістіктерге жеттік.

Иә, Азия чемпионатында қателік жасадым. Сол қателігімді көріп, бапкерлер мені жұдырықтаса алмайды деп те ойлады. Ол кездегі жеңілісіме өкінбеймін. Мен үшін үлкен сабақ болды. Неге десеңіз, 2009 жылы чемпион болып кетуім де ықтимал еді. Ең жас Әділбек чемпион болып, ертеңгі күні боксты қойып кетуі де мүмін бе еді?.. Сондықтан сол жеңіліс, менің әрі қарай шыңдалуыма, биіктерден көрінуіме себеп болды деп ойлаймын.

- Қазақ боксшыларының соңғы кездегі сәтсіздігі жиі сөз болады. Мұны немен байланыстыруға болады? Расында, қазір бокс саясатқа айналып кетті ме, әлде қазақ боксы жаңару кезеңінде ме?

- Сәл шегініс жасасақ, 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін екі олимпиада өтті. Қазір сол кездегі мықты құрама ауысып жатыр. Барлығы жаңарып, құрама сапына жас спортшылар келді. Алғашқы олипиададан жеңіліс табу қорқатындай дүние емес. Барлығы тәжірибемен келеді, әлі талай шыңнан көрінеді. Мұндай жағдайлар әр елде болады. Мысалы, 2006-2008 жылдар аралығындағы кубалық боксшылар қандай мықты болды. Оларға қарап қызығатынбыз. Қазір тек қана куба не өзбек боксшылары мықты деп айта алмайсың. Барлық елде бокс жақсы дамып, бәсеке артып келеді.

Жалпы айтқанда, қазақ боксы өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Құрамада буын алмасқан кезде уақытша құлдырау болады. Бұл әр салаға тән құбылыс. Бірақ одан қорқудың ешқандай да қажеті жоқ. Біздің ендігі жас буынның талай жарыстарда топ жаратынына сенімім мол.

- Олимпиада ойындарының да ауылы алыс емес. Токиода кімдер топ жарады деп ойлайсыз?

- Құрамада Қайрат Ералиев, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев секілді жігіттерден үлкен үміт күтуге болады. Бұл жігіттердің тәжірибесі мол. Жастардың да қалысып тұрған ештеңесі жоқ. Күштері де, өздеріне деген сенімдері де зор. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді. Бабы мен бағы келісіп, жастар арасынан да жеңімпаздар шығуы мүмкін. Бұл жерде қазір нақты айтуға әлі ерте. Себебі, олимпиадаға бір жылдай уақыт бар. Уақыт жақындаған кезде тұжырым жасауға болады.

- Сұхбатыңызға көп рақмет! Алдағы уақытта жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

 Сұхбаттасқан: Марфуға Қараман 

Abai.kz

 

3 пікір