Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қайраткер 7023 26 пікір 5 Тамыз, 2019 сағат 15:02

Тәуелсіздік үшін алғаш ту көтерген азаматтың мемлекет тарапынан еленбеуі - қоғам үшін ащы сабақ

Хасен Қожа Ахметтің есім-сойын естіп-білмеген қазақ жоқ шығар-ау. Ол қазақтың нөмірі бірінші патриоты. Ол қазақтың азаттығы жолында кеңестік жүйе озбырлығына қарсы атқа қонып, атойлатқан азамат. Ол қазақ диссиденттерінің көшбасшысы. Бүкіл Орта Азия елдері ішінде ұлт-азаттығына шақырғаны үшін сотты болған алғашқы қазақ.

1970-1990 жылдар аралығында үш мәрте сотталған. Ол 1970-жылдары Совет әскерiндегi ұлттық, нәсілдік кемсiтушiлiкке қарсы шығып, бұл туралы жоғарғы басшылыққа баяндамақ болғаны үшiн қамауға алынады. Ол кезде Хасен Қожа Ахметтің жасы небәрі 23-те болған екен. 1975-77 жылдары жеке өзі өкіметке қарсы үнпарақтар шығарумен айналысқан. 1977 жылы Хасен Қожа Ахметтің есімі Хелсинскідегі саяси тұтқындар тізіміне енген.

1972 жылдан бастап астыртын үгіт жұмыстарын жүргізуді бастап, 1975 жылдың күзінен бастап Совет үкіметіне қарсы мақалалар мен үнпарақтар шығарып тарата бастайды.  Осы кезде Хасен Қожа Ахмет өзінің «Одақ па, әлде отар ма?», «Халықтардың ассимиляциялануы жайында», «Ұлттардың ассимиляциялануы кімдерге қажет?» және «Ұлт мәселесінің тарихи шешімі» секілді мақалаларын жариялайды. Ол жерде Кеңес одағының отаршылдық саясатын, одақтағы республикалардың ұлттық байлығына әпербақандық жасап жатқанын, интернационализм деген желеумен ұлттарды және ұлттық шекараларды атымен жоюды мақсат етіп отырғанын, орыстан басқа ұлттарды, оның ішінде қазақтарды да ассимиляциялау, орыстандыру саясаты жүргізіп жатқанын әшкерелеп жазады.

Ол саяси қайраткер ғана емес, жазушы, композитор. «Жас қазақ», «Желтоқсан», «Азат» ұлттық қоғамдық ұйымдарының басшысы. Хасен Кәріпжанұлы Қожахметов – қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер тұлға. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы.  9 тамыз күні қазақтың біртуар батыр ұлы, саяси қайраткер тұлғасы мерейлі 70 жасқа толады.

"Тәуекелшілдік деген қасиеттерді Хасеннен үйрендік"

Дос Көшім, саясаткер: 

- Меніңше, Хасеннің азамат ретіндегі тұлғасы – әрбір қазақ үлгі алғандай деп айтар едім. Ең бастысы - ол өзінің азаматтық көзқарасын тұмшаланып, дірілдеп, артық сөз айтуға, жеке пікірін жеткізуге болмайтын заманда айта білді. Біздің қатарымыз да өздерін «батырмыз» деп айтар, олардың еңбегін де төмендеткім келмейді, бірақ біздер қоғамға жылымық келіп, тоталитарлық жүйенің іргесі шайқалып, саяси өзгерістердің жақындап қалғаны анық болғанда, 1988-1990 жылдары ғана қоғамдық-саяси өмірге араластық. Және біздер бұл кезеңде топтасып, бас қосып қалған болатынбыз. Ал Хасеннің ұран салып шыққан кезеңі 70-жылдардың ортасы, коммунистік идеологияға қарсы бір сөз айтылмақ түгіл, ымдауға да болмайтын қапас заман болатын және ол – жалғыз болды... Азаматтыққа баға бергенде, сол кезеңнің сипатын, жағдайын ескере білу керек.

Мен Хасенмен 1989 жылдары таныстым, кейін бірлесе жұмыс істеп кеттік. Сондықтан бір жағы ұлтшылдық бағытыма ұстаз ретінде сыйласам, екінші жағынан «майдандас» жолдасым есебінде де жақын тартамын. 90-жылдардың басында Хасен ағамыз саясаткер ретінде екі қозғалыстың басы-қасында жүрді; біріншісі – «Желтоқсан» қозғалысы болса, екіншісі – Қазақстанның Азматтық «Азат» қозғалысы. Демек, осы ұлттық бағыттағы екі құрылымның жетістіктерінде Хасекеңнің де үлкен еңбегі бар. Мойындауымыз керек, ол уақытта біздерге ақыл айтып, саяси тәжірибе бөлісетін адамдар жоқ болатын, бірақ күрескерлік, қайсарлық кейде тәуекелшілдік деген қасиеттерді Хасеннен үйрендік. Айтпақшы, саяси күрескерлікпен қатар, Хасеннің қырықтан астам әндері мен саяси өткір мысалдарын (сатирасын), тарихи, тілдік бағыттағы зерттеулерін қайда қоясың...

Меніңше, қоғамға, келешек ұрпаққа үлгі боларлық тұлға керек. Оның өмір жолы, қазақ қоғамын өгерту бағытындағы іс-әрекеттері, шын мәнісінде, үлгі болуға тұрарлық деп ойлаймын. Екіншіден, осындай жанды – қазақ тәуелсіздігі үшін алғаш ту көтерген азаматтың мемлекет тарапынан еленбеуі- бұл да қоғам үшін ащы сабақ. Бұл – баяғы Хасен күрескен тоталитарлық қоғамның шапаны ғана өзгергенінің, ал сол шапанның ішіндегі адамдардың сол қалпында қалғанын көрсетеді. Қоғам үшін, қоғамдағы көзі ашық азаматтар үшін бұл да – маңызды!

"Хасекең әділетсіздікке шыдамайтын"

Қалдыбай Әбенов, режиссер: 

- Хасекең 70 жылдары жиырмадан енді асқан бала болса да, саясатқа тікелей араласып кетті. Оның себебі – өзінің өскен, тәрбиеленген ортасы деп ойлаймын. Хасеннің әке-шешесі өте білімді ортадан шыққан кісілер болған. Ал, анасы Варшавада туып өскен поляк қызы болатын. 30 жылдары Гитлердің басқа ұлттарды  қудалаған фашистік саясатының салқыны Хасеннің анасына да әсер етеді. Сөйтіп ол кісі Варшавадан Ресейге, одан Қазақстанға жер аударылады. Мен Хасекеңнің өзі туралы да, анасы туралы да көп бейнеролик түсірдім ғой. Сонда бір риза болатыным, Хасекеңнің анасы қазақ тілінде өте әдемі сөйлейтін.

Ал, Хасен 70-жылдардағы ең жас саясаткер, ең жас дисидент болды. Ол қазақ тілінің артта қалып бара жатқанына, қазақ ұлтының өз жерінде кемсітушілік көріп отырғанына қарсы сол кезде-ақ ашық күреске барды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде де атойлап алаңға шықты. Мен “Аллажар”  фильміндегі сьемкаларды Хасен отырған Жаңатас түрмесінде түсірдім.

Ал ол кісімен алғаш рет 1989 жылы таныстым. Сол жылдың наурыз айында “Қазақфильм” киностудиясына Желтоқсан көтерілісі туралы “Аллажар” фильмінің басталғанын естіп Хасен Қожахметов, Аманжол Нәлібаев, Бақтыбек Иманқожаев, Құрбанбай Қалмұратов, Ерлан Декелбаев, Жармұхамбет Тілегенов, Құттыбек Аймаханов, Өткірхан Мүлкібаев сияқты желтоқсандықтар келді. Мен оларға “Аллажар” фильмінің жобасын, идеясын айтып бердім. Ол кісілерге ұнады.

Хасекеңдер менің алғашқы жолықтырған желтоқсандықтарым еді. Сол күннен бастап, біз қандай аштық акцияларын ұйымдастырсақ та бірінші Хасекең қолдап жүретін. Алматының ЖООларында Желтоқсан көтерілісі туралы кездесулер өткізгенде де Хасекең маған көп қолғабысын тигізіп, қасымда жүрді. Әрине, біздің көптеген жоспарларымыз іске аспай қалды. Бірақ ол Хаскеңнің де, менің  де қателіктерім емес, сол кездегі саясаттың қателігі еді. Өкінішке қарай, біздің Желтоқсан көтерілісіне қатысты көп жоспарларымыз іске аспай қалды. Бірақ, біз сол істелінбей қалған жұмыстардың өзінде де біршама жеңістерге жетіп отырдық.

Сол жылы “Желтоқсан” қоғамдық бірлестігі де құрылды. Өкінішке қарай, ол жерде ауызбірліктен гөрі, өзінің ықпалын жүргізуге бақталастық басталып кетті. Бірақ, Хасекең ондайға онша араласпайтын. “Жігіттер маған кресло керегі жоқ, маған қазағымыздың  рухын көтеретін іс-әрекеттер жасағанымыз керек” дейтін. Айтайын дегенім, біз сол кезде Хасекеңе тікелей сенім артып, бағалай білгенімізде  бұл кісі сол кезде-ақ, көп жұмыс істер еді. Бірақ, біз нағыз саясаткердің жолын бөгедік десек те болады. Бұл – бір-бірін бағалап, көтере алмайтын қазақтың менталитетіндегі тағы бір керексіз қасиет еді.

Тағы бір мінезі - әділетсіздік болса шыдамай бірден көтерілетін. Меніңше, оның осы мінезі кейін өзіне кедергі жасады. Өйткені ол қай ортада да өзінің тік мінезін көрсетіп, шын сөзін айтатын.  Ал, саясаткерлер оның бұл мінезін қабылдаған жоқ, өкінішке  қарай.

Ал, адамдығы туралы айтар болсақ, ол кісі 1986 жылдары қазақ телевидениесінің музыкалық редакциясын басқарған жылдары қазақтың жас композиторларын, ақындарын көп қолдады. Олар туралы хабарлар жасап, бірталай жастың жолын ашып берді...

Мен Хасекеңе жаздың аптабындай ыстық ықыласыммен алдағы мерейлі 70 жасың құтты болсын деймін! Денсаулық, байлық тілеймін! Әр кез жанұясында арман-тілегіне жетіп, үбірлі-шүбірлі бола берсін!

"Тәуелсіздік жолындағы қажырлы күресін бір сәтке де тоқтатпай келе жатқан диссидент"

Жұмаш Кенебай, публицист: 

-Алдымен Хасен Қожа-Ахмет досымды келе жатқан 70 жылдық мерейлі туған күнімен шын көңілден  құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Қазақ тәуелсіздігі жолындағы қажырлы күресін бір сәтке де тоқтатпай келе жатқан әрі қазақтан шыққан санаулы саяси диссиденттердің бірі әрі бірегейі екенін баса айтқым келеді.

Хасенмен жақын таныстығым - сонау 90-жылдардың басынан басталғанын, сол кезде өзім бас редактордың орынбасары ретінде Қазақстандағы тұңғыш саяси әрі тәуелсіз саяси газет - «Азат» газетін марқұм Батырхан Дәрімбет екеуміз шығарғанымыз белгілі. Сондай-ақ, біз органы болып саналатын Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы  Алматыдағы сол кездегі үкімет үйі алдында бір топ «азаттықтар» Желтоқсан қахармандарын абақтыдан босату туралы саяси талап қойып, айлар бойы сол жерде аштық жариялап жатқаны да бүгінгідей көз алдымда...

Ол кезде нағыз демократия еді ғой! Үкімет үйі алдында күнде митингі, күнде жиналыс дегендей, бізде де бір тыным болмайтын.

Ақыры біз талабымызды сол кездегі жоғарғы совет депутаттарына орындатып, желтоқсандықтарды босату жөнінде шешім қабылдатып, арада көп өтпей абақтылардан шыға бастаған желтоқсан қахармандары «Азат» қозғалысы қатарынан көріне бастаған кезінің өзі керемет шақ еді ғой...

Айтпақшы, «азаттықтар» сол кездегі Совет одағының «Одақтық шарт» дегеніне ашық қарсылық ретінде күнде митингі әрі аштық жариялайтын едік. 1991 жылғы әйгілі ГКЧП-ның қарсаңында Борис Ельцин Қазақстанға келіп, мен, Батырхан Дәрімбет, Хасен Қожа-Ахмет, Советқазы Ақатай, Марат Шорманов және тағы басқа  күрскерлер қанша кедергіні бұзып Ельцинге жолыққанымыз, Н.Назарбаевтың қарсылығына қарамай өзіміздің «Одақтық шарт» дегенге қарсы екендігімізді ашық білдіргеніміз ұзақ әңгіме...

Абақтыдан босаған Хасен Қожахмет біздің сапымызға келіп қосылып, көп өтпей «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігін құрғаны, оған өзімнің қатысқаным, арада бір жыл өткенде Хасеннің  республика президенттігіне кандидат ретінде қатыспақ болғаны, билік тарапынан небір қысымдар көргені – бүгінгідей көз алдымда. Хасен қанша қиындық көрсе де қажығанын, талғанын көрген емеспін. Досым Хасен Қожа-Ахмет шын мәніндегі ұлт патриоты еді, қазір де солай...

Хасеннің бір ерекшелігі – қандай жағдайда да шырылдаған шындықты айтатыны, қысымның қандайынан да қорықпайтыны дер едім. Ең алдымен Хасен туған ұлты, қазағын жанындай сүйді және бүкіл ғұмырын ұлт азаттық күресіне арнаған азамат екенін ашып айтуым керек.

Хасен тек қана саяси күрескер емес, журналист, жазушы әрі сазгер екендігін де ұмытпағанымыз жөн. Хасеннің бүгінде тарихи ғылыми, публицистикалық еңбектері жеке кітаптар болып жарық көріп жатса, ол шығарған көптеген әндері, басқа да музыкалық шығармалары қалың жұртшылыққа жақсы таныс екендігі де ақиқат.

Мен марқұм Заманбек Нұрқаділовтың тұсында (1991-1995жж) Алматы қалалық әкімдігінде қызметте жүргенімде Хасен досымның өтінішімен Талдықорған облысының Ақсу ауданына барып, сонда «Азат» қозғалысын құрғанымыз, аудандық «Азат» қозғалынының төрағалығына, қазақтың дарынды ақыны Жамау Бұқарбайды сайлағанымыз, небір тартысты жағдайлар болғандығын Жамау марқұмның жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны, т.б. саяси әрі шығармашылық сапарларымыздың көп болғаны туралы да алуан түрлі естеліктер жетерлік.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

26 пікір