Жұма, 29 Наурыз 2024
Дат 8366 12 пікір 5 Тамыз, 2019 сағат 10:35

«Арысты өрт алар, Түркістанды құрт алар...»

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ашық хат

Арыс қаласында әскери қоймалар жарылғаннан кейін арыстықтардан «Ертеде ата-бабаларыбыз айтып кеткен екен, күндердің бір күнінде «Арысты өрт алар, Түркістанды құрт алар...», - деп, сол айтқандарының біріншісі келді», - дегенін естігеннен кейін осы мақала жазылды.

Арысты өрт алары сөзсіз болатын. Бүгін, бүгін болмаса – ертең. Өйткені, жауапты әскер адамдары оқ-дәрілерді сақтау, оларды жою ережелерін сақтамаған. Мүмкін, оқ-дәрілерде асыл металдар болса, соларды алдырып, жоймақ болған шығар. Жоюды жекеменшікке беруде осындай себеп бар шығар?! Үкімет жақтан «диверсия» болуы мүмкін деп айтылды. Еш қандай диверсия болуы мүмкін емес. Бұл сылтау жасап, құтылу. Диверсантты тапсын онда! Арыста бұрын да бірнеше рет жарылыстар болған. Адамдар өлген. Біреуінде қорғаныс министрі сол күні қызметтен кеткен. Ал енді қазіргі қорғаныс министрі болған оқиғаға басымен жауап беруі керек! Бұдан да зор қару-жарақтар сақталған басқа мемлекеттердегі қоймаларда неге өрт шықпайды? Біздікі – салғырттық. Егер қоймадағы барлық снарядтар жарылғанда, Арыс қаласы, өзін қосқанда, жиырма шақырым шеңберінде жер астына опырылып түсіп қалмақ. Бұл ауылдағыларды есептегенде 100 мыңдай адамның өмірі.

Кеңес дәуірінде Арыста үш әскерлік бөлім орналасқан. Біреуінің нысаны есімде жоқ. Біреуі химиялық соғыстан қорғану құралдарының әскери бөлімі. Мұнда противогаздар, химиялық шабуылдарда иіс өткізбейтін киім-кешектердің қоймасы болатын. Әскери бөлімнің біреуі Арыстың солтүстігіндегі алты шақырым жердегі «Егілген» деген төбенің бауырында снарядтарды дембіл-дембіл жарып сынақтан өткізетін. Алты қанат киіз үйдің төмен қараған пішініндегі шұңқырлар ол жерде қазір де көп.

Негізі, Арыс қару-жарақ сақтауға өте ыңғайлы жер болған. Кеңес одағы көршілес мемлекеттермен қырғи-қабақ кезінде бұл тиімді орын еді. Арыс темір жол станциясы – Қытайға Қырғызстан арқылы, Ауғанстан мен Пакистанға Өзбекстан арқылы алып баратын айрық жол. Мен санап көргенмін, бұрын Арыс станциясында вагондарды тиісті қалаларға бөлу үшін қатар-қатар салынған жүз екі жолдың линиясы бар болатын.

Жер жағдайы бойынша да Арыс қолайлы болды. Арыстан солтүстікке қарай он бір шақырым қашықтықтағы «Дермене» ауылына баратын жолдың батыс жағы – қырат. Бұл тұсты жермен тікелей горизонталь қазып, әскери машиналардың қоймасын жасауға болады. Алыстан да, жақыннан да, Ғарыштан да әскерлік база бар екенін ешкім байқай да алмайды. Ондай құрылыстар болса керек.

Жер астынан қорғаныс бекіністерін салу атамзаманнан бар. Арыстың он бес шақырым шығысында «Қалаш» деген қала болған, астында бекініс болған деген аңыз бар. Ал енді оның оңтүстігінде бес шақырымдай жерде «Бөржар» қырлары бар. Баурайында – Бадам өзені. Соның жарларында жер асты әскерлік жолдардың қақпалары болған. Бұл жер асты жолдары сонау Фирдаусидің «Шахнамасында» жазылған Иран-Тұран заманынан бері бар деп айтылады.

Осы Бөржарда «Төлебай» деген қорған төбе бар. Төлебай батыр –  Аңырақайдағы жоңғарларға қарсы шайқасқа Қоңыраттардың мың үздік жауынгерін басқарып барған қолбасшы. Қорған осы кісінің атынан аталып қалған. Биік қыратты үңгіп салынған қорған бұрын салынып, кейіне «Төлебай» деп құрметтеп жергілікті ел атаса керек. Өйткені, осы кісінің тұсында қыраттың қапталында жер асты қорғаны іске жарап, шауып келе жатқан аттылы жауынгерлер қорғанға кіріп кетіп, қақпасын жауып алатын болған. Қақпасын балшық пен жыңғылдан шөпті көмкеріп жасаған. Соғыста осындай маневр болған. Жау бұларды таппай қалған. Сосын қазақтар аңысын аңдып, қорғаннан шыға қалып, тұтқиылдан шабуыл жасаған.

Қараспанда ауылында Бадам өзені (қазір жиделер өсіп тұрған жағалауда бір кездерде «бадам, орысшасы – миндаль ( мың тал)» деп аталған пісте ағаш өссе керек) Арыс өзеніне құяды. Арыс жағалауындағы жарларда да жер асты жолдарының есіктері болған. Жазушы Дүкенбай Досжановтың жазғандарын оқығандар Отырардан Ташкентке қарай кеткен ежелгі жер асты жолдары туралы толық мағлұмат ала алады. Арыс – Ташкенттің жолында. Қараспандағы жер асты жолы соның бір айрығы болса керек.

Бадам өзенінің Арысқа құяр сағасында Қараспан ауылы бар. Қараспан тауы деген де осы жер. Тасты тау емес, топырақты төбелер (Түркі тілінде «тау» мен «төбенің» түбірі бір).

Сонымен, біз әскерилердің немқұрайдылығынан қазақ тарихындағы қасиетті жерлер – Арыс пен Қараспаннан айрылып қала жаздадық. Арыс пен Қараспанның арасы жиырма шақырым.

Қараспан – Қорқыт бабаның туылған жері. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның еңбектеріне үңілейік. «Анасы Қорқытқа жүкті кезінде құланның жаясына жерік болып, жерігі бір жылда әрең басылыпты. Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп, жылына бір рет толғақ қысып отырыпты. Ең соңында, туатын жылы тоғыз күн толғатып, жер дүниеге үш күн, үш түн қараңғылық түсіпті, қалың қара жаңбыр жауып, сұрапыл қара дауыл соғып,біреуді біреу көре алмай, ел-жұрты қатты қорқынышқа батады. Ол туылып жатқан кезде Сыр бойы мен Қаратауды қараңғылық басып, ол тауды «Қараспан» деп атаған. Сол қараңғылық қорқынышта туылғандықтан, оның атын «Қорқыт» қойыпты, - деп:

Қорқыт туар кезінде,
Қараспанды су алған,
Қара жерді құм алған.
Ол туарда ел қорқып,
Туған соң әбден қуанған, -
деген жыр жолдарын келтірген академик Ә.Марғұлан.

«Қобланды батыр» жырында «Қараспан тауын жайлаған қарақыпшақ Қобланды» деп айтылады. Бұл да осы Қараспан. Қобландының дұшпанмен айқасқан жері – Арыс.  Жырда:

«Ел жайлауы – Арыс-ты,
Ерлер қылды намысты», - делінеді.

Арыс жағасы арыда Екінші Аристотель (Арыс тоты ел) аталған Әл-Фарабидің туған жері. Арыс жағасы беріде аяулы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туған жері.

«Арыс» деген сөздің өзінде талай сырлар бар. Соның бірегейі – «арыстай азамат». Бұл сөзде негізгі екі мағына бар. Арбаны (жүкті) тартатын арыс (кім біледі, мүмкін ерте-ерте заманда ата-бабаларымыз атты емес, арыстандарды арбаға жеккен шығар)  және жануарлардың патшасы Арыстан. Аристотельдің тілі - грек тілінде де арыс «ең күшті» деген мағынада. Лингвисттер «тотель» сөзінің мәнісін әлі күнге дейін айта алмай келеді. Бұл көркемдеп айтқанда, қалың жасыл, ну тоғайда арыстандары өмір сүріп, тоты құстары сайраған Арыс сияқты өзеннің жағасында жасаған ел.  Арыс та, Аристотель туылып өскен грек жері де бағзы замандарда сондай әсем,  әдемі жер болса керек-ті. Біз осындай жерден (әрине, ең бастысы – Арыстағы елден) айрылып қала жаздадық емес пе! Арысты ыстық от, арымызды ыс баспасын!

Сонымен, мақаланың басында айтылған мақалға қайта оралып, ойлануымыз керек. Болары болды. Арысты өрт алды. Енді Түркістанды құрт алып жүрмесін! «Түркістанды құрт алары» несі? Жер құрты ма? Құрт-құмырсқа, жылан-жыбыр, бақа-шаян ба... Жоқ әлде ауру, өкпе құрты – туберкулез бе? Осылардан сақ болайық, Қазақстанның ден саулық саласының мамандары мұны зерттеп, алдын алуы абзал! Ден саулықтың бірден-бір кепілі – ауыз сумен шаһар қаласын қамсыздау ойдағыдай жүріп жатыр ма? Түркістан – базарлы қала. Тазалық мәселесі қалай? 

Ата-бабаларымыздың ілгеріде болашақты меңзеп, не тікелей айтып кеткен жоғарыдағыдай сөздерін растайтын ұқсас дәлелдер көп. Оларды айта берсек, халықаралық саясатқа кіріп кетерміз. Арыс пен Түркістан туралы айтылғанды естен шығармайық! Бір ғана мысал, осыдан жүз жылдан астам бұрын, электр қуаты» келмей жатып-ақ,  Арыстың бір 95 жасқа келген қариясы немересін алдына алып, әлдилегенде айтады екен: «Лә-иллаһа-илла-алла, илла-алланың қазаны от жақпастан қайнайды», - деп, міне оны көріп отырмыз.

Дәл осы күнде Арыстағы қару-жарақтар ескіріп, стратегиялық мәнін жоғалтқан. Олардың түкке де керегі жоқ. Тағы бірдеңе болып кетпеуі үшін ол жерде қалған оқ-дәрілердің бәрін елсіз жерге көшіру керек, керек емесін жекеменшік мекемеден алып, әскери мекемелер жоюы керек. Арыс халқының өкілдері қатысқан комиссия құрылғаны дұрыс.

Назарбек Байжігітов 

журналист,
Арыстың тумасы,

Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616