Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ел іші... 5814 14 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 14:10

Омаров "бесінші түліктің" беделін арттырып жатыр

Қазақстан әлемді шошқа етімен асырамақ па? Бұлай деп бажайлауымызға, өткендегі Қазақстанның Ауылшаруашылық министрі  Сапархан Омаровтың баяндамасы себеп болды. Министр мырза Үкімет отырысында арнайы баяндама жасап, өзі басқаратын министрліктің шаруасы туралы айтқан. Сол жиында Омаров мырза шошқа өсіруді екі есеге ұлғайту жаспарланып жатқанын мәлімдеген

Қазақстанда шошқа шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған даму жоспары бар-мыс. Онда шошқа өсіру технологиясын екі есе көбейтуді көзделген. Оған “Шошқа фермалар Одағы” қауымдастығының төрағасы Виктор Лим деген адам жауапты екен.

Аталған бағдарламаға сәйкес, шошқа етін өндіруді 91,9 мыңнан 200 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Бұл бағдарламаға мемлекет тарапынан қолдау да аз емес. Мәселен, шошқа шаруашылығындағы инвестициялық шығындар үлесін өтеу, оның ішінде қайта өңдеуге +10,65 млрд.теңге бөлінген. Ал, жанама субсидия: сыртқы инфрақұрылымға  +10,2 млрд теңге, сақтандыру сыйақысын субсидиялауға 3,78 млрд теңге тағы бөлінген.

Үкімет отырысында ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров, 2025 жылы шошқа етінің экспортын өткен жылмен салыстырғанда 43% -ға арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.Одан бөлек, Омаров басқаратын министрлік сиыр мен қой етінің экспортын 37% және 32% -ға арттыруды жоспарлаған.

Министрдің айтуынша, агроөнеркәсіп өнімдерінің өсімін экологиялық таза, бәсекеге қабілетті қазақстандық өнімдер арқылы көбейтуге болады.

Сонымен қатар, құс шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, өндірісті үш есе арттыру үшін кәсіпорындар желісін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл арқылы еліміздің құс етін еркін импорттау көзделген.

Естеріңізде болса, өткен жылы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өңірде шошқа өнеркәсібін дамыту үшін 200 гектар жер бөліп, құны 16 млрд теңге болатын жобаны мақұлдаған еді. Ол үшін АҚШ-тың AGCO Corporation компаниясының өкілі Томас Ф.Велкемен келіссөздер жасады. Бұл жоба Қазақстанға жаңа экспорттық мүмкіндіктер береді деген Қошанов мырза, егер мемлекет қолдап, қаржыландырса Бұхар жырау ауданы, Шешенқара ауылының маңынан шошқа өнеркәсібінің құрылысы басталатынын айтқан болатын.

Қошановтың айтуынша, бұл кәсіпорын іске қосылса Қазақстан келешекте Вьетнам, Филиппин елдерімен бәсекеге түсе алатын көрінеді. Ал, әзірге бұл корпорация шошқа етін Қытай мен Ресейге экспорттайды. Бірақ, ол үшін субсидияларды қаржыландыру мен алуды ойдағыдай жүзеге асыру қажет деген болатын.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

14 пікір