Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ел іші... 5697 27 пікір 29 Шілде, 2019 сағат 12:45

Сматулла Әбдіғаппар бостандыққа шықты

"Сопылар ісі" бойынша 14 жылға сотталған Сматулла Әбдіғаппар бостандыққа шықты. Бұл туралы ғалым Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай өзінің "Facebook" желісіндегі жеке парақшасында хабарлап айтты.

Досай Кенжетай:

- Бірі келіп, бірі кетіп жатқан дүние. Біреу базарға бара жатыр, ал біреулер базары тарқаған, қайтып барады. Қу тірлік, құжынаған. Бірақ бір әділет түбі жеңеді екен кеш те болса...Бүгін қасиетті жұма қарсаңында бір бауырым "Сматулла тақсырды абақтыдан босатыпты. Кезінде сіз ол кісі күнәсіз деп жар салып едіңіз" деп сүйінші сұрады.. Ия сүйіншің дайын бауырым... ол кісіден бүкіл ел атынан кешірім сұраймын. Осынша уақыт қиянат жасадық... Бірақ онда елге деген билікке деген реніш жоқ. Бәрі Алладан деп біледі. Бәріне өзім кінәлі дейді. Міне бұл таза сопылық хәл. Аман болсын, Тәңір ұзақ ғұмыр берсін!

Міне Сматулла тақсыр...тоғыз жыл көрген қиянат, тартқан азап дым да әсер етпеген. Рухы асқақ кемел жан. Маған сонау 1959-1969 жылдары итжеккенге айдалған Ишан Сатыбалдиев елестейді. Ишаннан келгесін енді Алланы ұрандатуды қойдың ба десе, жоқ ол - Алла менің болмысым деген екен...

Естеріңізге сала кетейік, Сматулла Әбдіғаппар 2011 жылы сотталған. Ол түрмеде тұп-тура 8 жыл отырды. 2011 жылы Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық соты сопылық ағымның жетекшісі Сматулла Әбдіғаппарды 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құру, заңсыз медициналық қызметпен айналысу, экстремизм секілді бірқатар айыптар тағылған.

Бір жылдары зиялы қауым өкілдері Сматулла Әбдіғапарға араша сұрап Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат та жазған. Хат жазғандардың қатарында Шерхан Мұртаза, Тұрсынбек Кәкішев, Мекемтас Мырзахметов, Ғаббас Қабышұлы, Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Дәутаевтар болды.

Abai.kz

27 пікір