Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 3906 2 пікір 29 Шілде, 2019 сағат 11:48

Хамелеон протекционизм

Қазақстан жағдайындағы протекционизм саясаттанушы Е. Саировтың айтқанындай "басшылар өздерінің туған-туыстарын, қызметтік құзырын пайдалана отырып, шенді-шекпенді орындарға қояды" деген бір мағынаға сыймайды(Abai.kz). Оның ауқымы кеңірек:
1. "Қазақстандық протекционизмнің" (ҚП) негізгі мақсаты - "туыстық қатынастарға", яғни - "туыстарын қарық қылу" емес, ең алдымен "жемқорлыққа", яғни - "мемлекет пен халықтың байлығын тонауға, қалтасына басу".

2. Мұндағы "туыстың ролі" ұры мақсатқа , яғни - "туыстар сатпайды (ұстап бермейді)" деген қазақы сенімге сүйенеді. Бұл жерде протекционистің емешегі "туысым" деп езіліп тұрған жоқ - әділ де шыншыл туысын алты шақырымға "айдап тастауы" да мүмкін!

3.Қазақстандық протекционизм - туыстан өзге "достарды", "курстастарды", тіптен - "дамбал бажаларды" да қабылдай береді... Бастысы - екіарада бір оңаша құпия болуы!

4. Қ. протекционизмі - тоналуы мүмкін қаржының көлеміне толық тәуелді. Соған сәйкес "туыстың" (достың, курстастың, дамбал бажаның және т.т.) адамдық және кәсіби сапасына, біліктілігіне мән беріледі. Бірақ ондағы "адам сапасы" қоғамға, мемлекетке емес, "жеке мүддеге" қызмет етуге бағытталған болуы тиіс.

5. ҚП - тамыры әлсіз құрылым. Ол күшейген сәтте бәрін уысында ұстайтын кейіпке енеді. Ал бір "сәтсіздік" болған жағдайда - бұрынғы туыстар мен достар, бажалар бір-біріне қас жауларға айналады. Бір-бірін түтіп жейді!
6. Олардың өз ішінде үлкен бәсекелестік болады. Ол ҚП-ді іштен шірітетін ірің сияқты сасық нәрсе.

7. Проткеционизм адамзаттың барлық уақытында болған, бола береді. Адам өмірде ол жағымды құбылыс! Адами қатынаста оның астарында мейірімділік жатады. Бірақ, Билік пен Бөлісу кезінде бұл заңдылық - өзінің қарама-қарсы мағынасы - зұлымдық пен қылмысқа айналып шыға келеді. Сондықтан, қоғам үшін тұлғаның тарихи ролі маңызды. Тұлға болмысы - қоғамға әділ қызмет етуге бағытталса - ол қоғам бақытқа кенеледі (Әл Фараби).
Бірақ, көбіне, протекционизмді хамелеон сияқты мың құбылтатындар - адамның (жалған тұлғаның) өзі!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

2 пікір