Сенбі, 20 Сәуір 2024
Сатира 4393 14 пікір 29 Шілде, 2019 сағат 11:12

Қарт коммунист һәм Ленин

Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт коммунист Есіл қаласының вокзалынан түсе сала такси ұстамақ ниетпен зəулім ескерткіштің қасынан өте бергені сол еді.
– Жолдас Владик Осарев, сəл-пəл аялдасаңыз? — деген ежелден таныс, пір тұтатын дауыс селт еткізген. Аңырап артына қараса ешкім жоқ. Маңайын шолып шыққан, тірі жан көзіне шалынбады. Тастай қараңғы меңіреу түн. Бірақ өктем шыққан дауыс шыңылдап құлағында əлі тұр.

Сөйткенше, тас төбесінен: «Жолдас Владик Осарев, еңсеңізді түзеп, жоғары қараңыз!» – деген дауыс қайта саңқ ете қалған. Жалма-жан шалқайып аспанға көз салған. О, ғажап! Аппақ мəрмəр тасқа қашалған алып ескерткішке жан бітіпті. Қасқа басы жарқырап, қой көзі күлімдеп, ерекше мейіріммен өзіне қарап тұрған Владимир Ильичті көріп шалқасынан түсе жаздаған. Тəуелсіз қазақ жерінде күтімсіз қалғанына өкпелі ме, əйтеуір қабағанда сəл-пəл кейістік, кірбің бар секілді көрінген...

Қарт коммунист еңсесін түзеп, есін жиғанша күн көсемнің үні жаңғырығып жетті:

– Ей, қарт большевик! Мені « Пайғамбарға» теңеген ақындары мен «Ай мен күнге балаған» қайраткерлері болған қазақ өлкесінде шынымен - ақ басымнан бағым тайды ма? Неге бəрі үнсіз? Құрмет пен қошемет қайда кешегі?!

Ғұмыр бойы пір тұтып келе жатқан көсемінің зілді сұрағына не дерін білмей тұтыққан қарт коммунист:

– Ке - ші - р - і – ң – і - з, жолдас Владимир Ильич, алай-бұлай заман болды ғой... Қарағай басын шортан шалды ғой, — деп тамағы құрғап, əл-дəрмені құрып, екі аяғынан əл кетіп, екі көзі жасаурап отыра кетті.

– Ей, қарт коммунист, тұр орныңнан! Маған көрсеткен адалдығың осы ма? Алға ұмтыл, құлама, жылама! Көтер басыңды! Сенің сүрінгеніңді, жылағаныңды ешкім көрмеуі тиіс! Саған партия артқан міндет үлкен. Жауапкершілік зор!

Мына бұйрық араласқан, жігерге толы қуатты сөздер — жүрегіне жебедей қадалып, қарттық жеңген Владик үш ұмтылып орнынан əрең көтерілді.

– Большевиктердің қызыл қанымен боялған қызыл туы қайда? Кедей мен жалшының қорғаны — орақ пен балға неге көрінбейді? Ұрандатқан ұлы сөздер қайда? «Байларды, қойдай қу, қамшымен...» деген ақынның талабы неге іске аспай жатыр? Бай мен кедейдің арасы неге айшылық жол? Біздің мұратымыз осы ма еді?...

– Жодас Владимир Ильич, — деді Владик, ауып қалған есін лезде жинап, кінəлі кейіпте дауысы дірілдеп: – Сіз білмейтін мəселе көп... Сізден кейін 70- ақ жыл дəурен сүрдік қой... «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды, даланы кезіп жүрген «коммунизм елесін» аңғармай қалыппыз. Бізді кешіріңіз, күн көсем? Бүгінде қоғам бөлек. Адам басқа, заң қасқа. Қандай жолмен болса да баюға жол ашылды. Ұры-қары көбейді... Бірақ сізге адал, əр сөзіңізге имандай сеніп келген большевиктер ғана туыңызды құлатпай, сеніміңізді «жылатпай» көтеріп келеміз! Санымыздың аздығына қарамай...

– Мені ештеңені білмейді, ештеңені көрмейді, ештеңені сезбейді десең қатты қателесесің, жолдас Владик! Алайда менің, маған имандай сенген революционерлердің əр ауыл мен қаладағы ескерткіштерінің саны азайғаны жаныма батады. Бірақ тəубə деймін, басқа одақтас республикалардағы секілді мойнымызға қылбұрау салып құлатып, үнімізді шығармай сұлатып тастаса қайтер едік?.. Əлі күнге атымызды жаңғыртып, ең жоғарғы заң шығарушы органнан депутаттық мандат беріп құтыртып отырғаны үшін қазақ билігіне алғысым шексіз! Біздің тəрбиемізді көріп, партиямызда шыңдалып, адалдығынан таймаған олар жасай берсін!

–Жолдас Владимир Ильич, неткен сұңғыла едіңіз! Рақмет сізге! Айтпақшы, ғафу өтінемін, мұрсат берсеңіз, ескерткіштер жайлы алаңдауыңызға байланысты айтарым бар еді?

– Құлағым сізде, жолдас Владик!

– Күні кеше ғана ҚР Парламенті Мəжілісінде «Тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды... (сəл үнсіз қалды)

– Тоқтамаңыз, жолдас Осарев, айта беріңіз! Партбилетке адал жан ештеңені жасырмайды.

– Сұрақ-жауап барысында мəжілістегі «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі ретінде Мəдениет жəне спорт министрі Арланбек Махамбетовке кеңестік дəуірден қалған ескерткіштерді сақтауға қатысты сауал жолдадық. Заң жобасында тек көне тарихи мəдени ескерткіштерді ғана емес, кеңестік замандағы ескерткіштерді де сақтау тетіктері болуы тиіс деген талап қойдық.

– Жарайсыңдар! Қырандарым! Жақсы жұмыс істеп жатқандарың байқалады! Осы беттеріңнен қайтпаңдар!

– Рақмет, жолдас Владимир Ильич! Сол жиында «Бізде кеңестік уақыттағы ескерткіштерді сақтау үшін қандай моральдық жауапкершілік қарастырылған? Лениннің ескерткіші қоқыста жатқан қалада өмір сүруге болмайды ғой. Ал бізде қоғам мəдениетіне жауапты Мəдениет министрлігі бар», — деп дөң-айбат көрсетіп қойдық.

– Партияға деген адалдықтарың үшін рақмет! Бірақ мінез көрсету, шектен шығу коммунистке тəн қылық емес...

– Жолдас Владимир Ильич, уəде береміз енді қайталанбайды!

– Сөзіңізді бөлейін, жолдас Владик Осарев, осы Мəдениет жəне спорт министрі қандай адам өзі? Біздің идеядан мақұрым, бертінде дүниеге келген «сары ауыз балапан» емес пе?

– О не дегеніңіз, жолдас Владимир Ильич, ол өзіміздің адам! Кеңестік жүйеде тəрбиеленген сарбаз. Əттеген - айы, қазір басқа партияның мүшесі... Əйтсе де, Сіздің кемеңгер ой-толғамдарыңызды оқып есейген басшылардың бірі.

– Ə, бəсе! Сөзге шешен! Нағыз біздің кадр секілді жалаңдап тұр... Тфə-тфə, тіл көзім тасқа! Оның кешегі Мəжілісте айтқан: Ленин өмір сүрді, өмір сүріп жатыр жəне өмір сүре береді», — деген əзіліне ішім əжептəуір жылып қалды...

– Дұрыс аңғарыпсыз, жолдас Владимир Ильич! Жалпы отырыста Арланбек Махамбетов кеңес тарихының ескерткіштерін сақтау бойынша жұмыс жүріп жатқанына сендірді. Жəне бізді өзіңіздің ескерткішіңіз орналасқан Алматыдағы Сарыарқа саябағына шақырды.

– Жайша ма?

– Жолдас Владимир Ильич, сіздің туған күніңіз қарсаңында саябаққа барып, гүл шоқтарын қоюға.
Жəне «22 сəуір күні біз бəріміз сол жерде болуымыз керек» дегені əзілге жақын болса да, шындыққа жанасатын ұсыныс деп қабылдадық.

– Жə, сене беруге болмайды, кекесін болып жүрмесін жолдас Владик Осарев. Тап дұшпандарының аражігін ажырытау қиын болып кетті ғой қазір! Айтпақшы, ұлы орыс тілінің тəуелсіз қазақ мемлекетіндегі хал - ахуалы қалай? Көңіліңіз тола ма?

– Тап баяғыдай деп айта алмаймын, жолдас Владимир Ильич! Қазақ тіліне жанашыр адамдар баршылық. Алайда биік мінберлер мен Министрліктерде, сондай - ақ Парламент секілді құзырлы органдар да ұлы орыс тілінің мəртебесі биік.

– Бұл да болса көңілге жұбаныш! Осы бағыттан таймау керек, Владик жолдас! Алыс жақындағы, əсіресе, Ресейдегі Коммунистік партиямен байланысты үзбеу керек. Керісінше, жандандыруға күш сал! Бар сенім өзіңде....

– Əрине, əрине, жолдас Владимир Ильич, — деп жаны қалмаған қарт коммунист Владик Осарев дəл қасына келіп тоқтаған жеңіл көліктің қатты «ысқырығынан», «өзімен сөйлесіп тұрған» «Күн көсемнің» басы мен иығына қонақтап отырған бір топ көгершіннің дүр етіп шошына ұшқанын көріп жүрегі шаншып кетті. Ырыс пен бақ бірге ұшқандай күйге түсті. Манағының бəрі құр елес екеніне сонда ғана көзі жетті. Өзі ырымшыл жан еді. Бұл көріністі жақсылыққа жори алмай, жеңіл көліктің есігін аша берді.

Нағашыбай Қабылбек

Abai.kz

14 пікір