Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Өнер 7044 15 пікір 29 Шілде, 2019 сағат 15:16

Айтыскер ала болса, айтыстың қадірі кетеді...

2012 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Алтын домбыра» айтысын биыл Ақ Жайық өңірі қабылдайды. VIII кезекті аламан айтыс Орал қаласында өткелі отыр. Бұл туралы халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман мәлімдеді.

Жақында Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында ақындар айтысы өткен болатын. Осы кешке құрметті қонақ ретінде қатысқан Жүрсін Ерман биылғы «Алтын домбыраның» Оралда өтетінін айтып, жергілікті жұртшылықты қуантып қайтты.

Алғаш рет, 2012 жылы алты ақын Астанада бас қосып, «Алтын домбыраға» таласқан еді. Ол кезде Мұхтар Ниязовтың жолы болған. Содан бері жеті мәрте өткен аламан айтыстың қызығы мен шыжығы көп болды. Дау-дамайға қалған кезі де аз емес. Әділқазылар алқасына айтылар сын өз алдына, кейде тіпті айтысты ұйымдастырушылар мен айтысқа қатысқан ақындардың өзі жанкүйерлердің сынына қалды. Мәселен, 2017 жылы Ақтөбеде өткен айтыс төңірегінде айтылар сөз көп. Тіпті, бұл аламанға айтыстың жанашыры Жүрсін Ерманның өзі қатысқан жоқ.

Оралда өтетін «Алтын домбыра» айтысы жайлы, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман ағамызға хабарласып, пікірін сұраған едік.

- Батыс Қазақстан облысына келген сапарымызда өңір басшысы Ғали Есқалиевтің қабылдауында болып, сегізінші «Алтын домбыра» айтысын Оралда өткізу туралы ұсынысымызды білдірдік. Облыс әкімі мұны қолдады. Енді жыл соңында еліміздің ең мықты ақындары Ақ Жайықта бас қосатын болады. Айтыс желтоқсан айынның басында өтеді. Айтыс жылдағыдай «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтеді.

Айтысқа бұрынғыдай бір жыл көлемінде өткен айтыстарда өзін жақсы қырынан көрсеткен, іріктелген жүлдегер ақындар қатысады.

- Болатбек Оразбай қатыса ма?

- Болатбек биыл ешбір айтысқа шыққан жоқ, егер жыл соңына дейін айтысқа қатысып жүлде алса, «Алтын домбыраға» да жол ашылады.

- Ал «Алтын домбыра» иегерлері Балғынбек пен Жандарбек ше?

- Бұл ақындар жайлы да айтарым сол. Биыл жақсы айтысып жүрген, жүлде алған ақындар «Алтын домбыраға» қатысады. Ешкімнің ат-атағына, бұрынғы жетістігіне қарамаймыз. Биыл кім бабында, сол ақын жылдың қорытынды айтысында өнер көрсетеді.

- Жақында Алматы облысы, Жансүгіров ауданында Балғынбектердің қатысуымен айтыс өтіпті. Біз тыңдаған кейбір айтыс үзінділеріне қарасақ, бұл айтыстан гөрі "шоуға" жақын секілді. Осындай айтыста жүлде алғандар «Алтын домбыраға» жолдама ала ала ма?

- Жоқ, бұндай айтыстар есепке алынбайды. Біз тек Одақ өзі ұйымдастырған республикалық деңгейдегі айтыстарды назарда ұстаймыз. Ал жаңағыдай ауыл арасындағы айтыстарды біз айтыс деп санамаймыз.

Шынын айтқанда, ақындар айтысы қазіргі қазақ қоғамы секілді "алты бақан, ала ауыз" болып жүргелі көп болды. Тіпті бір жылдары кейбіреулер айтыстың тізгініне жармасып, өз қарамағына алғысы келгенін де байқаған едік. Ғасырлар бойы қазақ халқының "Парламенті" болған ақындар айтысын қолына алып, өзінің идеологиясын дәріптеуге әркім әуес. Халықтың мұң-мұқтажын айтуы тиіс ақындарымыз жолынан жаңылып, әрқайсысы өз "иесінің" идеясын нәсихаттаса айтыста не қасиет қалмақ?

Кейде сырт көзге айтыскерлердің өзі жік-жікке бөлінгендей көрінеді. Арқада өткен айтысқа қатысқан ақын, Жетісудағы жыр бәйгесіне жоламайды дегендей. Басқаша айтқанда, Одақ ұйымдастарыған айтыстарға қатысатын ақындар бір бөлек, өзге айтыстарға қатысатындар бір бөлек?!

Оның үстіне, айтысты шоуға айналдырғысы келетіндер де бар. Сахнада домбырасын сабалап, ән салып, "концерт қоятындар" көбейіп кетті. Айтысты қанша жерден жан-жақты өнер дегенімізбен, өз шеңберінен шықпағаны жөн. Көркемдіктен жұрдай бұралқы сөздермен көрерменді күлдіруді ғана ойлайтын ақындар айтыстың сапасын түсіреді. Онсыз да қазақ өнерін сайқымазақтар жаулап алды. Кино да сайқымазақ, әзіл-ысқақ театрлары да сайқымазақ, телеэкран мүлде әнші-сайқымазақтардың ордасына айналған.

Сол үшін айтысты жұлмалауды қою керек. Қолына домбыра ұстаған сайқымазақтарды сахнадан қуып түсетін кез келді деп есептейміз. Айтыс - қазақ үшін ұлық өнер. Оны әркім өз идеологиясын дәріптейтін құралға айналдырмағаны жөн. Сөз соңында "айтыскер ала болса, ауыздан асыл сөз кетерін" айтқымыз келеді.

«Алтын домбыра» иегерлері:

2012 жыл – Мұхтар Ниязов (Астана)
2013 жыл – Жандарбек Бұлғақов (Астана)
2014 жыл – Балғынбек Имашев (Астана)
2015 жыл – Аспанбек Шұғатаев (Алматы)
2016 жыл – Мұхтар Ниязов (Алматы)
2017 жыл – Жандарбек Бұлғақов (Ақтөбе)
2018 жыл – Жансая Мусина (Астана)
2019 жыл –
(Орал қаласы)

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

15 пікір