Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Алашорда 9736 14 пікір 26 Шілде, 2019 сағат 12:44

Жер қорыған қызғыш құс

Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, заманының дүлдүл азаматы, алғашқы математика профессоры Әлімхан Ермекұлы туралы айтып-жазу – өте қиын іс. Біздің бүгінгі күнімізге дейін жақсы зерттеліп, бірнеше іргелі монография жазылған тарихи тұлға жайлы тәжірибесі аздау біз секілді талапты жастар үшін қалам тербеу қылкөпірден өтумен бірдей. "1932 жылы көзіммен көрдім", - деп естелік қалдырған талайлы тағдыр иесі Жайық Бектұровтың «Үш Әлекең» атты классикалық мақаласын, Алаш ардақтыларының ақтық өмір жолдарын түзіп шыққан қарымды қаламгер, біртуар ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» түрме әпсаналарындағы қажетті үзінділерін және «Естеліктегі Алаш» атты тың дүниесін оқырманға ұсынған профессор Сағымбай Жұмағұл құрастырған көл-көсір естеліктерді еркін пайдаланған біз сонда да осы мақаламызды жазуға тәуекел еттік.

Ат үстіндегі ата

Әлімхан ертеден ел басқарып, билік жүргізген текті әулеттен шығады: арғы атасы Жиынбай, оның баласы Ермек өз заманында ел билеп, ақыл айтқан адамдар екен. Олар Қарқаралы өңіріндегі жалғыз Темірші болысына ғана емес, Сарыарқаға, Орта жүздің қазағына құрметі өткен, аты әйгілі адамдар болған деседі. Ұсақ шоқылардан тұрады делінетін Сарыарқада Ақсораңнан биік тау жоқ. Тарлан тарихтың қарт шежіресі ақ жал, көк толқынды Ақсораңның күн батысындағы өркешті сілемді таулар арасында Үшқараның Бөріктасы менмұндалайды. Бұл өлке – Әлімхан-Әлидің атамекені.

Қазақ деректі прозасының майталманы Медеу Сәрсеке «Семей қасіреті» атты кітабында Ермек баласы Әбеу жайлы мынадай қызықты тың деректі келтіреді: «Абыралы ауданын құраған бесінші болыс – Темірші. Қамбар руының ұрпақтары «Ақтабан шұбырындыдан» бергі замандарда қоныс еткен Көкшетау, Татан, Қусақ және сол тауларға таяу Дағанделі елінің де басын біріктірген, жері жайсаң, ну орман, бұлақтары арындаған мол сулы, аңы мен малы аралас жайылатын, байлыққа тұнған жер. 1871 жылы осы болыста 1912 шаңырақ болып, 4800 жан иесі тұрған. Осы болыстағы халық саны XIX ғасырдың аяқ шенінде екі есеге жуық көбейген. Темірші болысын 1905-1911 жылдарда екі мәрте правительдікке сайланған Әбеу Ермекұлы (қазақтың тұңғыш математик-профессоры, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Әлімхан Ермековтің әкесі) басқарған. Ескі көздердің айтуынша, сол жылдары «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дерлік тыныштық туып, Дағанделі мен Көкшетау елінің арасындағы жер мен билікке таласқан дау-дамай біржола тоқтаған» [1].

Ел арасында өз дәуірінің айтулы болыстары Әбеу мен Абай Құнанбайұлы үш жүздің игі жақсылары бас қосқан Қоянды жәрмеңкесіндегі төтенше съездерінде, жиындарда мәжілістес болып, небір түйінді мәселелерді бірге шешкен деген аңыздай айтылатын естеліктер жеткілікті.

Тұқымынан болыстық үзілмей келген Әбеудің үш ұлы Әмірхан, Әлімхан және Әлихан бәрі де өз заманына сай білім алған, оқыған-тоқыған азаматттар болып өседі. Алайда ағайынды үшеудің арасынан Әлімханның жұлдызы ерекше жарқырайды.

Әлімхан Әбеуұлы 1891 жылы қазіргі Қызыларай аулының бұл күнде ағасы Әмірханның есімімен аталатын қыстақта өмірге келеді. Әбеудің "үшқарасы" алғашында Қарқаралыда 2 басқыштық орысша мектепте оқиды. «Әкесі Әбеу 1911 жылы қайтыс болғандықтан Әмірхан Семейдегі оқуын тоқтатып, шаңырақ шаруашылығын басқаруға елге оралады. Әлімхан 1905 жылы түскен Семейдегі семинарияны тәмамдап, 1912 жылы Том технологиялық институтының тау-кен факультетіне қабылданады, оны алтын медальмен бітіреді» дейді естелік авторы Мәдениет Қожамбаев [2].

Жас оқушы Әлімхан Ермекұлының (Алаш кезеңіндегі құжаттарда осылай берілген) өзі секілді қазақ жастарымен қатым-қатынасы өте жақсы деңгейде болғанын осы тарихи фотосуреттен көруге болады. Жиырмаға жуық тұлғаның алдыңғы қатарында ардагер азамат Ахметжан Қозыбағаровпен қатар отырған Әлімханның семинария шәкіртінің киім үлгісіне сәйкес киінгені білінеді. Қайратты қалың шашын артқа қайырып, еңсесін тік ұстап отырған отырысының өзінде байсалды, салмақты, зиялы жас азаматты аңдағандаймыз.

Алаштың ардагері

Жалпықазақтың ІІ құрылтай жиынына қатысқан тарихи тұлғалардың арасында Әлімхан Ермекұлы да бар. Қазақ даласында жаңа мемлекеттік басқару құрылымы дүниеге келгенін анық аңдатқан, алайда осыны жариялаудың қауіптілігіне байланысты бір айға кейін шегерілген тарихи оқиға шын мәнінде де ғасырлық құбылыс болатын. Аталған  жиында Халел Ғаббасұлы комиссия атынан  баяндама жасап, онда қалыптасқан жағдайды ескеріп, қазақты басқаратын үкімет керектігін баяндады. Осы тарихи баяндаманың негізінде сиез автономия құру туралы қаулы қабылдады.М. Шоқайұлы баяндамасында Алаш автономиясы жарияланып, Түркістан аймағы қазақтарының қосылатындығын білдірді. Бұл қаулыда:

«1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Амудария бөлімдеріндегі қазақ уездер Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес облыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға.

2) Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын.

3) Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын.

4) Алаш автономиясының низамын Бүкілресейлік Учредительное собрание бекітеді.

5) Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі» делініп тарихи шешім қабылданды [3].

Қазақтың ұлттық мемлекетін қалыптастыру жолында жан-тәнімен балаша қуанып, күллі алаш баласынан алғаш болып сүйінші сұраған адам – Әлімхан Ермекұлы болатын.

«Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтарында жарияланған «Жасасын, Алаш, жасасын!» атты мақаласында Әлімхан Ермекұлы: «Декабрьдің 12-сі күні түс ауа сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қазақ-қырғыз жұрты өз алдына ауыл болды; отансыз жұрт отанды болды» деп ағынан жарылады [3].

Оқи отырыңыздар: Әлімхан Ермеков туралы 20 дерек

Аталған тарихи қаулы қабылданған соң құрылтайға қатысушылар Уақытша Ұлт Кеңесінің, яғни  Алаш Орда үкіметінің төрағасын, ағзаларын сайлады. Алаш Орда ағза болған қайраткерлердің қатарында Әлімхан Ермекұлы да жүрді. Автономия астанасы болып құрылтай қаулысына орай Семей қаласының Заречная слободка бөлігі белгіленіп, оның аты «Алаш» қаласы болып өзгертіледі. Алашорда төрағасы Ә. Бөкейхан автономияның жұмысқа кіріскендігі туралы жан-жаққа өзінің жеделхатын жолдады. Осы тарихи Екінші жалпықазақ құрылтайында жарияланған Алаш автономиясы отарланған қазақ елінің өз мемлекетін құруға деген саяси аса маңызды қадамы болатын. Сонымен бірге автономия 1905 ж. басталған Алаш қозғалысы қайраткерлері тарихи күресінің жемісі мен жеңісі еді.

Жер үшін жанталас

Қазақ шекарасын белгілеуде ерен еңбек еткен екі адам болса, біреуі осы – Әлімхан Ермекұлы.

1918 жылдың 15 шілдесінде Омбыда Сібір Уақытша үкіметінің министрлер кеңесі оның «Қазақ және Сібір қарым-қатынасы туралы» жобасын тыңдады. Ал 1920 жылғы 9-17 тамыз аралығында Мәскеу төрінде Бүкілресейлік ОАК-де Қазақ АССР-ның шекарасын нақтылау туралы мәселелер талқыланды. Қазақ АССР атынан 15 адам қатысқан жиын бірнеше мәрте бас қосып, қызу пікірталастың өзегіне айналды. Ал 12 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен мәжілісте Ә. Ермеков баяндама жасайды. «Ұраным – Алаш» үштомдығының авторы Т. Жұртбай деректеріне сүйенсек, қазақ жері үшін талас қазақ оқығандары мен ресейшіл күштердің арасында күшті шарпуға ұласқан [4].

Өз баяндамасында Ә. Әбеуұлы «Қазақтардың бұрын иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылсын және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары қашан орнығып біткенше, Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн» деп есептеп, нақты талаптар қояды. Мұндай батыл қадамға В. Ленин таңырқап: «Қызық екен, орталықтағы жолдас, біздің ЦК-ның мүшесі Сафаров: «Түркістаннан барлық кулак шаруашылығын көшіріп жіберу керек» десе, сіз «тек жергілікті қазақтар мен отырықшылданған орыстар орын тепкенше, қоныс аударуды тоқтату керек» дейсіз. Бұл қалай? Мен мұндай пікірді күтпеп едім» деп қайран қалады.

Әңгімеге есімі тиек болған Сафаровтың Түркістанның жағдайын жақсы білетінін, ол сол жерде ұзақ уақыт қызмет істегенін айта келіп, Әлімхан Қазақстанның жағдайында қоныс аударуды тоқтату ұсынысын жанталаса қорғайды. "Орыс тұрғындарын көшіріп жібереміз" деген шенеуніктердің шешімнің орындалу мүмкіндігіне сенбеймін, себебі, ұлттар арасында алауыздық туу қаупі бар" деп тұжырады Ә. Ермекұлы.

Тосын әрі нақты талапқа тосылған В. Ленин өз маңайындағы топтардың ойлану керектігін еске салып, Әлімханнан «тағы да қосымша айтарыңыз бар ма?» деп сұрайды.

Бұл сұраудың орайы кеп тұрғанда «Біздің республиканың территориясына Каспий теңізінің солтүстік жағалауы – Астрахань губерниясынан Қазақстанға қайтарылғаны тиімді» дейді Ә. Ермекұлы.

Бүкілресейлік ОАК бюро мүшелері Н.П. Брюханов, Н.Н. Крестинский, Г.И. Сафаров секілді мансап иелері Ә. Ермекұлының талабын астамшылық деп санайды. Олар керісінше «Қазір Ресейде аштық әлі қабындап тұр. Атыраудың балығы астанамызға – Мәскеуге, Петроградқа қажетті азық-түлік. Сондықтан бұл алқапты РКФСР-де қалдыру керек!» деп қатаң үн қатады.

Дау-талас өршіп тұрған тұста В. Ленин Астрахан губерниялық атқару комитетінің председателінен аталған жағалаудағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы қандай екенін білмек болып сауал тастайды. «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар?» деп емес, «Осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым?» деп сұраған сәтте аймақтың басшысы  «Қазақтар басым секілді» деп мұрын астынан міңгір ете қалады. Расында да бұл өлкенің көп үлесін қазақтар құрайтын еді.

«Қай халық көп болса, жер соған берілсін!» деген В.И. Ленин 26 тамыз күні Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қойды. Нәтижесінде қазіргі Батыс Қазақстан және Атырау өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды. Атырау мен Оралда қаланың қақ ортасынан еңселі ескерткіш қоюға лайық екі тұлға болса, соның бірі – Әлімхан Ермекұлына қойылуға тиіс.

«Республика шекарасын белгілуде досым Әлімхан Ермеков екеуміздің В.И. Лениннің бір күнде екі рет қабылдауында болып, Свердловпен жаға жыртыса салғыласқанымыз есімде» деп естелік қалдырған ұлт қайраткері Уәлитхан Танашұлы алаштың ақиық азаматтарының қатарынан көрінген еді.  «Өзекке түскен өкініш көп. Өзіміздікі деп жүрген көп жер өзбек бауырларға кетті. Орман-тоғайлы Омбы мен Орынбор, терістік арқа орыстарға өтті. Енді қалғаны Еділдің төменгі сағасы. Свердлов болса, "Ордаңнан Гурьевке бір-ақ тарт" деп жеңістік бермейді. Тіпті, өзара кесіп-пішіп қойған, біз болсақ, Әлімхан екеуміз әр сүйем жерді дәлелдеп, қазақша қойылған жер атауларын тілге тиек етеміз. Ноғайлы заманы жырауларының жырларын оқимыз: ақыры Владимир Ильич «Олай болса, мына жер қазақтікі» деп қызыл қарындашпен Қиғаш өзенін бойлай Каспийге төте шықты. Бұл біз үшін соңғы үміт. Ал, мен үшін осыған дейін Ресей территориясына кіріп келген Екінші Теңіз жағалауы округі – туған ауылымның Қазақстан құрамына мәңгілік енуі еді. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Екі көзім жасқа толы. «Ең болмаса, осының өзі!» мен шап беріп, Әлімханды құшақтай алдым. Ол болса «Өкініш көп қой, ағатай. Өкініш» деп жылап тұрды» деп тебірене еске алады [5].

Қазақ жерінің көркем де құпиялы өлкесі Қарқаралыдай ғұмыр сүрген Әлімхан Ермекұлын замандастары «Әли аға» деп атап, құрмет биігіне көтерді. Өйткені ол өз маңайының ғана емес, күллі алты алаштың қамын жеген ердің сойынан еді. Бүгінгі күні тілімізде балдай татыған Атырау мен Алтайдың арасын сақтап қалған ұлы адамға, тарихи тұлғаға қашанда құрмет көрсету лазым болмақ. Ұрпақ пешенесіне ғасырлар ауысқан сайын парыз да, қарыз да болып жазыла беретін бақыт осы ғой.

Заңғар Кәрімхан

Әдебиеттер:

  1. Сәрсеке М. Семей қасіреті. Астана: Фолиант, 2013. 140-б.
  2. Қожамбаев М. Әли аға туралы. // Орталық Қазақстан. 12.11.2011.
  3. Алаш қозғалысы. Анықтамалық. Астана: Сардар, 2013.
  4. Жұртбай Т. Ұраным – Алаш. Астана: Ел-шежіре, 2003.
  5. Жұмағұл С. Естеліктегі Алаш. Қарағанды, 2018.

Abai.kz

14 пікір