Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 4147 1 пікір 24 Шілде, 2019 сағат 12:07

Мұхтар Жәкішевтің босап шығуын бүкіл қоғам болып талап етуіміз керек!

Криминалистика мен сот сараптамасы саласында лазерлік әдісті пайдаланудан Мұхтар Жәкішев 1992 жылы заң ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақ алған. Сол жылы оны Америкадағы халықаралық идентификация (анықтау) қауымдастығының 77-ші конференциясына шақырып, қауымдастыққа мүше етіп қабылдады. Қауымдастыққа әлемнің 177 елінен 12 мынан астам адам мүше болып кірген екен. Ол жақта Мұхтардың әріптестерімен бірігіп ойлап тапқан ерекше жаңалығына шетелдіктер қатты қызығады.

Кейін оны қылмыстың бетін ашу үшін нақты жұмысқа тартып, әлгі құралды іс жүзінде сынап көреді. Осы кезде Мұхтар жаңағы құралдың көмегімен Атлантик-Ситиде содан 15 жыл бұрын жасалған саяси қылмысты ашып, сондағылардың бәрін қайран қалдырыпты. Америкадағы Род-Айландта Мұхтар лекция оқи бастайды. ФББ (ФБР) қазақ жігітінің осы еңбегін жоғары бағалап, жылына 110 мың доллардай айлық алып отыратын мықты маман болып, Америкада қалуын өтінеді. Бірақ Мұхтар олардың өтінішінен бас тартады. Қазақстанға қайтып оралып, елге, отанына қызмет еткісі келетінін айтыпты.

Содан ол тоқырап, тұралап тұрған уран өндіру саласының қан тамырына қайта қан жүгіртіп, оны аз уақытта дүние жүзіндегі ең үздік өндіріске айналдырып, «Қазатомпромды» әлемдік деңгейдегі болашағы бар табысты компаниялардың қатарына қосады.

Отанына, еліне қызмет еткісі келген осындай патриот 14 жылдан бері темір торда торығып жатыр. Мұхтардың кезінде не үшін түрмеге отырғанын, кім отырғызғанын жақсы білеміз. Енді мұндай азаматты ары қарай қамауда, қапаста ұстап отыра беру – елдігімізге де, азаматтығымызға да үлкен сын.

Мұхтардың босап шығуын бүкіл қоғам болып, күллі қазақ қоғамы болып талап етуіміз керек, ағайын!

Жолымбет Мәкіштің жазбасынан

Abai.kz

1 пікір