Жұма, 19 Сәуір 2024
Міне, әңгіме! 5081 14 пікір 22 Шілде, 2019 сағат 11:13

Алматының автобустарына қазақ тілі қажет емес пе, Сағынтаев мырза?

Алматы қаласында және қала маңы ауылдарына қатынайтын қоғамдық көліктерде кездесетін кемшілктер аз емес. Ол жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Қала маңына қатынайтын көліктердің көнелігі, жүргізушілер мен кондукторлардың жұмысына салғырттығы жиі сынға ұшырайды. 

Осындай олқылықтардың бірін жазушы Заманбек Абдешев Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Ол кісінің айтуынша, Алматы қаласындағы № 65 автобус аялдамаларды мемлекеттік тілде мүлде хабарламайтын болған.

«Ағайындар! Әлгінде Алматы қаласындағы нөмірі алпыс бесінші автобуспен келдім. Бұрын аялдамаларды магниттік таспамен қазақ және орыс тілдерінде хабарлаушы еді. Кейінгі кездерде соның орыс тілдегісін ғана қалдырып, қазақ тіліндегісін өшіріп тастапты. Кейде «көшесі» деген жарым-жартылай сөздер естіліп қалады да, орыс тіліндегісі саңқылдап қоя береді. Автобус жүргізушісінен сұрасам, өзі қазақ жігіт екен, қазір барлық көліктерде солай істеді ғой дейді. Бұл не басыну?! Құрметті қала әкімі Сағынтаев Бақытжан мырза, мына жөнсіздікке жол болсын. Бұл қазақ тілін, қазақ ұлтын сыйламау ма?! Сендер, әкім-қаралар, қоғамдық көлікке отырмайсыңдар ғой. Бір уақыт соған отырып, осындай жолсыздықтарға мән берсеңдерші! Автобуста осыны айтып, бұл қалай десем, орыс ағайындар маған қарсы сөйлеп жатыр. Ал қазақтар ауыздарына су ұрттап алғандай үндемейді. Осы біз қайда кетіп барамыз?! Шыдамның да шегі бар емес пе?! Айналайын жамағат, үн қосыңдар! Мұндай сұмдыққа жол бермейік», - дейді жазба авторы.

Елімізде мемлекеттік тілге деген құрметсіздік мүлде азаймай тұр. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайлы күнде айтылып жатса да, бұл мәселеге шекесінен қарайтын шенеуніктер аз емес. Мемлекеттік органдардың өзі мән бермеген соң, халыққа қызмет көрсететін жеке меншік мекемелер мемлекеттік тілді аса қажетсінбейді де.

Қоғамдық көлікте аялдамаларды қазақ тілінде хабарламау - мемлекеттік тілге деген құрметсіздіктің бір көрінісі. Ендеше бұған жол берген жауапты адамдарға тиісті шара қолдану керек. Алматы қаласы әкімдігі бұл жағдайға назар аударады деген сенімдеміз...

Abai.kz

14 пікір