Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 3289 8 пікір 19 Шілде, 2019 сағат 13:29

Суицидті азайтудың басты шешімі - халықтың жағдайын көтеру

Қазақстан суицидтeн көш бастады дейді. ОА елдері арасында. Әрине, сұмдық жағдай. Суицидтің басты себебі неде?

Табиғатта бурундуктар мен тиіндер суицид жасайтыны кездеседі. Не үшін дейсіз бе? Қос кеміргіш жаз бойы жаңғақ теріп, оны қысқа сақтайды. Ал жауыз адамдар олардың бар жиған-тергенін күзде келіп, алып кетеді. Бұны көрген бурундуктар мен тиіндер қыстa жейтін азық таппайтынын және балаларын асырай алмайтынын сезіп, ағаш қабығына яки шөпке, жіңішке майысқақ бұтаққа асылып өледі-міс. Сұмдық иә. Жауыз адамдар-ай.

Бірақ сол жауыз адамдар аң біткенді қойып, адамды да қырып жатыр. Қарапайым халықтың кейде тиін мен бурундуктан айырмашылығы шамалы. Өзіне тиесілі үлесі бір арсыз жегіштің қалтасында, яки тойымсыз ашкөз парақордың әмиянында кетіп жатады. Бұл әділетсіздікке шыдамаған кей жандар, тиін мен бурундуктың жолын қайталайды.

Әрине, суицидтің себебі өте көп. Психологиялық ауытқу, ішкі эмоцияны тежей алмау және т.б. Алайда, менің ойымша басты себептердің бірі ол әлеуметтік жағдай.

Баспананың болмауы, бала-шағаны дұрыс киіндіріп, қажеттілігімен жүз пайыз қамтамасыз ете алмау, ертеңгі күнге деген сенімсіздік пен үсті-үстіне қосылған қарыздар мен несиелер, ай сайын келіп тұратын салықтар, пәтер ақысы, оқу ақысы, бір кірген қаржылық қиындықтың торынан шыға алмау - осының бәрі адамдарды түрлі ойға жетелейді. Бірі қылмысқа барады, енді бірі осы мәселелердің бәрінен өзіне қол жұмсап құтылмақ болады. Кейде адамдар тығырықтан шығудың жалғыз жолы қыл арқан, биік ғимарат, құты толы дәрі не кесілген тамыр деп ойлайды. Аянышты әрине...

Бұл жағдайды реттеудің жолы "дін арқылы уағыз айту керек, жан деген аманат, оған қиянат жасамау лазым" деген пікір айтылып жатыр. Келісемін, бірақ оны шешім санамаймын. Суицидті азайтудың басты шешімі халықтың жағдайын көтеру деп ойлаймын. Ол суицидті жойып жібермейді, бірақ айтарлықтай төмендетеді.

2008 жылғы дағдарыстан кейін, біраз кәсіпкердің өздеріне қол жұмсағанын оқып едім. Олардың кейбірі "Өй, джиппен жүрген Мәкең таксимен жүріп қапты", "Ананың бизнесі күйіп кетіпті", "Мынау банкрот бопты" деген өзара бақталастықта айтылатын понттық эгодан туындайтын әңгімеге шыдамай қол жұмсапты. Олар байлардың суициді.

Ал енді айлығы бір аптаға әрең жететін қарапайым халықтың қандай психологиялық күйде жүргенін ойлай беріңіз. Оның психологиясын қоғамдағы әділетсіздік төмпештеп жатқаны тағы бар.

Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан

Abai.kz

8 пікір