Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 4766 1 пікір 19 Шілде, 2019 сағат 11:10

Қазақ даласында қылмыскерге қолданылған жаза түрлері

1) Қасқа жазасы
Бұл жазаға ұшыраған адамға өшпес таңба салынып, елден қуылады. «Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйіп, қаһарға қатты мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Содан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайынан сол самайына дейін тіледі. Басына жарғақ тымақ, үстіне айналдырған тон кигізіп қолына таяқ ұстатады. «Енді қайда барсаң онда бар, сендей арам ағайыннан адал арым артық» деп, теріс батасын беріп, ата қоныстан аластап шығарған екен. Ол заманда қарғыстың ауыры теріс бата, жазаның үлкені қасқа етіп әйгілеп, елден қуып қаңғыртып жіберу болыпты ғой» (Б.Момышұлы, «Ұшқан ұя»). Мұндай ауыр жазаға ұшырағандарға жұрт қараң батсын, келмеске кет деп қарғыс айтып, артынан топырақ шашқан.

Қазақтың бұдан өзге де түрлі жазалары бар. Мәселен, олардың қатарына мыналар жатады:
• бетіне күйе жағып, мойнына құрым киіз ілу.
• қолын артына байлап, қара есекке немесе сиырға теріс мінгізу.
• Арақ ішіп өлгендерге немесе өзін өлтіргендерге жаназа шығарылмайды, бөлек жерленеді.
• Ат құйрығына байлап өлтіру.
• Әйелдің шашын кесіп, талақ ету
мал мүлкін талауға салу.
• Үйін ауылдан бөлек тігу.
• Мал сияқты көгендеп қою.
• Тас атып өлтіру.

2) Мығау жазасы
Ол опасыздарға, сатқындарға қолданылған. Жазаға ұшыраған адамның аяқ - қолын байлап, ағашқа (керегеге) таңған, ал соғыс кезінде найза астына керген. Барлық жиылған жұрт оның бетіне түкіріп, лағнет айтып, қарғыс жаудырған. Қарттар теріс батасын беріп, ел-жұрт оны адам қатарына қоспай, қаңғыртып жіберген. Олардың отбасы болмаған. Көбінде олар жасырынып, аты-жөнін жасырып, шын атын айта алмаған, олар көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетіп қалуға тырысқан. Туған туыстары да іздемеген.

3)Бәжі басу
Қызған темірді адамның майқұйрығына басқан. Ол қылмыскердің ар-ұятына басылған өлмес, өшпес таңба. Бәжі басу дегеніміз сол. Ел арасында мұндай оқиғалар өте сирек ұшырасқан. Сондықтан, оны ел ауыцздан ауызға таратып, әңгіме ететін болған. Ол қылмыскердің ұрпақтарына да зор таңба. Бар туысының арасында айтылып, күлкі етеді.
Арқада тұрлыбай деген беделді кісі бір әдепсізді тәртіпке шақырса, ол оның өзіне тиісіпті. Сонда Тұрлыбай: «Шырағым, мен сені қараауыз дедім бе, нанжарым құйрығына бәжі басылған дедім бе, байдың тоқалы тепкен дедім бе» деп әлгінің бүкіл «атақ-абыройын» жіпке тізіп, өзін ұятқа қалдырған екен. Мұны естіп тұрған би тәртіпсізге 20 дүре қамшы соғуды бұйырыпты. Дүре соғайын деп оның шалбарын шешкенде оның құйрығына шынымен де таңба басылғаны белгілі болады.

4) Керегеге керу
«Арсыз адам арсаңдап арсылдайды,
Әр жерде керегеге таңылса да» деп жырлаған екен хакім Абай. Керегеге керу – тәртіптік әрі құқықтық жазаның бірі. Ол өліммен тең жаза. Ұрлық, зина жасағандар, елдің шырқын бұзған адамдар билер мен ақсақалдардың шешімімен іздеушілер келгенше киіз үйдің керегесіне таңылады. Аяқ қолын керегеге керіп байлап қояды. Бірнеше күнге дейін ас-ауқат та берілмейді. Олар ақталмайды және ауыр жазаланады. Оның ұяты сосын оның бүкіл туыс-туғаны, жақынына, тіпті рулас ағайындарына да келеді. Сондықтан олар да туысының бетіне түкіріп, елден аластайды. Кейде оларды жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолынан керіп байлап тастайды. Оны қазыққа керу деп атайды.

5) Көгенге түсу
Қолға түскен ұрылар мен барымташыларды жазалаудың бір түрі – көгенге түсу. Оның қолын артына қайыра байлап, оларды кәдімгі қойды көгендегендей етіп ұстау. Көгенге түскендер қара таңба басылғандай күлкіге ұшырап, ар-ұятынан айрылған қадірсіз адам есебінде болады. Өле өлгенше көгенге түскен аты ұмытылмай, еңсесін тіктей алмай, төменшіктеп жүреді.

6) Шошай
Отанын, дінін сатқандарға, құдайға, пайғамбарға, аруаққа тіл тигізгендерге, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға ауыр жаза түрін қолданған. Оның аты – шошай. Ондай адамды дінбасылар мен ақсақалдар қауымы шақырып алып, қылмыс жасаған-жасамағанына көз жеткізеді. Егер онысы дәлелденсе, оны елдің алдында айып салып елден қуады немесе шошай етеді. Яғни, ауылдан жарты шақырым аулаққа апарып бөлек тігеді. Ол үйдің малын да, адамын да ауыл адамдарымен араластырмайды. Ол отауды – шошай үй, оның иесін – шошай қазақ деген. Оларды ешкім қонаққа, тойға, қуанышқа шақырмайды, құрмет көрсетпейді. Бұл материалдық емес, рухани жазалау. Адам ешкіммен араласпай, масқараға ұшыраған соң өзі-ақ күйзеліп, қылмысының қаншалықты ауыр болғанын түсінеді, қателігіне өкінеді.

7) Шаң басты
Біреуге меншікті жердің өз бақылаушы күзетшілері болған. Оған рұқсатсыз ешкім аяқ баспаған. Алыстан көрінген жолаушылар болса жол бойындағы ауылдарға соқпай, елдің жаңалықтарын айтып, әңгіме шертіспей өтпеген. Бұл тәртіпті бұзған адамдар ұры, қарақшы, күдікті адам саналған. Мұндай жағдайда ел, ауыл басқарушылары оларды ұстап алып, тергеп тексеріп, айып салған. Мұндай заңды елімізде шаң басты жазасы дейді. Ел маңынан шаңдатып өту де әдепсіздік саналған.

Ғабит Мәлібектің facebook парақшасынан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2275
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591