Жұма, 19 Сәуір 2024
Алашорда 8374 1 пікір 19 Шілде, 2019 сағат 10:14

Жер үшін жанталас

«Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған». Бойындағы тулап аққан қызыл қанына азаттық деген жалқы да киелі ұғымды сыйдырған қазақ ұлтының еркіндікке құштарлығына теңдесетін нәрсе жоқ. Халықтың сандаған жылдар мен ғасыр бойғы арман-ниеті мен амал-әрекетінде азаттықтың иісі аңқып шығып тұрады, бұл қасиетті жолда басын бәйгеге тіккен ұлыларымыз қаншама. Дүниежүзі тарихынан белгілі, Шотландияның еркіндік сүйгіш хас батыры жауларының қолында дарға асылғалы тұрған соңғы сәтінде де қаймықпай, «Азаттық!» деп айғай салады. Бұл өміршең идеяның аспанға, ауаға таралуы болатын.

Қазақ халқының заңды әрі әділ шындық жолында күреске түсуіне айрықша ықпал еткен ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы азаттық идеясын жаңғырту жолында соңғы мүмкіндігі қалғанша отаршылдықпен айқасты. Мұндай резонанс тудырған аумалы-төкпелі заманда ұлт-азаттық күрестің басынан аяғына дейін қатысып, өз мақсат-мұратын елдің мүддесімен тоғыстырған тарихи тұлғаның бірі – Ахметолла Барлыбаев.

Барлыбаев жайлы, айтулы азаматтың өмірі мен қызметі туралы құнды деректер бізге дейін де жазылған. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа білім берген ұстаздығы турасынан белгілі жазушы М. Сәрсеке, қасиетті Баянаула өңірінен шыққан оның ортасы жайлы өлкетанушы, қаламгер С. Байбосын, алашорда құрамындағы қызметі мен ұрпақтары туралы немересі, ғалым, философия докторы Г. Барлыбаева қалам тербеді. Бұдан бөлек Алаш ұлт-азаттық қозғалысы мен оған қатысушы тұлғалардың еңбегі мен ерлігін айқын көрсететін энциклопедиялық еңбектер мен әр түрлі анықтамалық зерттеулерге сүйенеміз.

Барлыбаев туған Баянаула

Ахметолла Ақтайұлы Барлыбаев 1880 жылы Павлодардың Баянаула өңірінің Қызылтау болысында дүниеге келген. Зерттеуші Сайлау Байбосын 2012 жылы «Сарыарқа самалы» газетіне жариялаған «Алаштың бір ардағы – Ахметолла» деген және «Ұлт театрының ұлтанын шегелеп кеткен адам» атты мақалаларында Баянаула өңіріндегі Шідерті мен Өлеңтінің бойын, Сілеті мен Көкшені бетке алып жайлаған ұлан-ғайыр жерде дүниеге келген жақсылардың есімін тізіп шығады. Онда қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шаниннен бастап, «бұл күнде аты ұмытылуға айналған ұлт зиялысы Сәлемхат Күленов, қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым Мерғалым Қадылбековтер туған. Алаш қайраткері Қошке Кемеңгеровтың атажұрты да осы Сарытауда» дей келіп, Ерейментау ауданына қарасты Бозтал ауылының маңы Павлодар уездік Алаш комитеті төрағасының орынбасары болған Ахметолла Барлыбаевтың да кіндік қаны тамған жер екенін баса айтады [1].

Тегі жөнінен Ахметолланың арғы аталары, әулие Мәшһүр Жүсіптің аузына ілінгеніне қарағанда, тегін адам болмаса керек. Мәшекеңнің 1910 жылы жазған «Ермен сапары» атты өлеңінде Баянаула жерінің қадір-қасиетін жырлай отырып, «Мырзаға қандай десең, қосылады Баласы Ақтай, болыс Барлыбайдың. Елімде сондай-сондай мырзаларым, Гүл екен бозбалаға менің барым» деп дәріптейді [2]. Дей тұрғанымен, зерттеуші С. Байбосынның жазбаларындағы Сүйіндіктен Суғыншы, одан Шуманақ – Құлболды болып, одан Тұлпар, одан Болат деп таратқан шежіресінде Барлыбай Ахметолланың тікелей туған атасы еместігіне көз жеткізеді. Анығында әкесі Ақтай Барлыбайдың ағасы Дәндібайдан туады екен де, баласы болмаған Барлыбай бауырына салып алыпты. Ағайынды Дәндібай мен Барлыбай өз дәуірінде дәулетті, беделді адамдар болғаны, Барекеңнің Баянауланың сыртқы құрамындағы Қарамола болысын 20 жыл басқарған басшы екеніне деректер келтіреді. Жоғарыда өлеңінде Мәшекеңнің «Болыс Барлыбайдың» деп отырғаны сондықтан.

(Ахметолла Барлыбаев жары Күләнда Ержановамен)

Ал өз әкесі Ақтай анау-мынау ат көтере алмайтын еңжеңді қазақ болғанға ұқсайды. Ат көтере алмаған соң, арбамен жүретін Ақтайды төрт жігіт кілемге салып көтеріп алады екен дейді С. Байбосын ел әңгімелеріне құлақ түріп [1].

Ахметолла Барлыбаевтың жеке өмірбаяны туралы ашық интернет алаңдарында мардымды деректер аз. Тіпті бүгінгі күннің буыны сусап отырып бас қоятын Уикипедиядағы мәлімет те тым қысқа-ақ. Онда «Ахметолла Барлыбаев – мұғалім, 1911-1917 жылы Павлодардағы 2 сыныпты орыс-қазақ училищесінде сабақ берген. 1911-1914 жылы осы училищеде Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов және тағы басқалары білім алған. Алаш партиясының мүшесі (1917-1919), Бүкілқазақтық тұңғыш құрылтайға қатысқан (1917), сот мүшесі, Түрксіб темір жолы cоветтік халық комитетінің прокуроры болған (1920-37), 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбаны» деп қысқа қайырған. «Алаш қозғалысы» анықтамалығы да Уикипедиядағы шағын деректі сол қалпында қайталай жариялаған.

Атақты Шәкен Аймановтың ағасы Шәйбайдың естелігінен А. Барлыбаевтың Семей мұғалімдер семинариясын 1911 жылы бітіріп келгенін біле аламыз. Жас кезіндегі қызықты естеліктерді тарқата айтқан Ш. Айманов бала Махмұттың  (Сұлтанмахмұт) екеуінің алдымен молдадардан сабақ алып бастағанын жазады. «Біз осылайша күйеу Мағзұм, Садуақас молдалардан да бірге оқып, балалық шағымызды бірге өткіздік. Тек 1911 жылы ғана біздің ауылға Семейдің мұғалімдер семинариясын бітірген Ахметолла Барлыбаев дейтін мұғалім келіп, үш бөлімді бір кластық орысша мектеп ашты да, мен соған ауысып кеттім. Сұлтанмахмұт мұсылманша оқып қалып қойды. Бірақ қыс бөлініп, жаз ылғи табысып жүрдік» дейді [3].

1911 жыл дегенде еске түседі, Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен табылып, біз жариялап жүрген құнды тарихи сурет те сол жылы түсірілген. Сонда алаштанушы ғалым үшінші қатарда сол жақтан екінші адамды Ахметолла Барлыбаев деп көрсетеді [4]. Киім киісі мен жас мөлшеріне қарағанда ол жас студентке ұқсайды. Бұған дейін зерттелген Аманбай Шегіровтен бар-жоғы бір жас үлкен делінсе де, фотосуретте керісінше, бірнеше жас кіші секілді көрінеді екен. Қалай болғанда да автордың қателесуі мүмкін екенін ескеріп, мұнда А. Барлыбаев бұл суретте бар-жоғын тексеру ісімен айналыса да беретін боламыз.

Бір анық факт, Ахметолла Барлыбаевтың Алаш қозғалысы қайраткерлерінің қатарында жүріп, ел тәуелсіздігі жолында қыруар еңбек еткені. Ахметолла Ақтайұлы халықтың ұлт ретінде аман қалуы тек қана білім мен ағартушылықта ғана емес, өз тағдырын өзі шешуі мен ұлт ретінде азат болуында деп түсінді. Олар тек қана тәуелсіз ұлт болып қана қазақтар өз ұлтының нағыз тарихын жасай алатынын терең түйсінді. Қазақтың ұлы ойшылдары – алашордалықтар басты дүниені жасап кетті: белсенді болу, азат болу сынды идеяларды сіңдіре отырып қоғамдың ойлау жүйесін түбегейлі өзгертті.

Алаш және Ахметолла

Ақтай баласы Ахметолла адам тағдырын аласапыранға салған 1917 жылғы оқиғаларда қандай арпалыстарды басынан өткізгенін өмірбаяндық деректерге сүйене отырып баяндап шықпақпыз. Бұл кезеңде азамат Алаш партиясының Семей облысы Павлодар уезі  бойынша жетекшілерінің бірі, нақтырақ айтқанда, уездік жер басқармасы орынбасар бастығы қызметін атқарған. Ал 1918 жылы желтоқсанда өткен алашордалықтар съезінің ревизиялық комиссия мүшесі болды. Кейінннен уезде совет үкіметі орнағанда уездік ревкомның құрамында түрік бөлімін басқарған.

Уездік жер басқармасы 7 адамнан құралды. Оның төрағасы Степан Сергеевич Зефиров – Казань заң университетін бітірген баянауылдық сот болатын. Төрағаның орынбасары, жоғарыда атап кеткеніміздей, Ахметолла Барлыбаев – орыс-қазақ училищесінің мұғалімі, ал басқарма мүшелері: И. Бадисов, Г.К. Гаранькин, А.М. Жалаутдинов, Н.П. Чернышов және Д.В. Беспалов-Маурат сынды азаматтар болған [5, с. 27-28].

Басқарма мүшелері уездің көптеген өзекті мәселелерін талқылауда пікір алмастырып, Жер Басқармасы жұмысының негізгі бағыттарын айқындады, олардың қатарында: «…аймақтың шаруашылық және экономикалық жағдайын дамыту»,  «…жарлы-жақыбайлардың басындағы қаржылық қиындықтарды азайтып, оларды ауқатты адамдарға ауыстыру, қалалық кәсіпорындардағы, ұлттық денсаулық, білім беру саласындағы  жұмысшылардың жағдайын жақсарту», «…ауылдың мәдени деңгейін жақсарту», «…жаңа және жақсы өмір сүру үшін барлық тұрғындарға мүмкіндік беру» сынды басымдықтарға мән берілді. Бірінші жер Басқармасының құрметіне Павлодарда «қырғыз және шаруа балаларын әртүрлі кәсіпке үйрететін» халықтық үй және техникалық училище ашуды ұйғарды. Және оны қаржыландыруға және оқушылардың қаржысын  жер қазынасынан алуды шешті.

Павлодар І уездік сиез 1918 жылдың 15 ақпанында өткізілді. Сиезде, негізінен, ұлт қазынасы мәселесі қарастырылды. Сиезге қатысушылар Алаш қозғалысын қолдап, тілектестіктерін білдіріп, оған қаржылай көмектесуге бәтуаласты. Бірқатар қаржылы азаматтар Алаш қазынасына ақшалай көмек беретіндіктерін білдірді. Ал ІІ уездік сиез 1918 жылдың 23-26 маусымында өткізілді. Бұл кезде облыстық және қазақ комитеттерінің күшімен Павлодарда совет үкіметі құлатылған болатын. Осы сиезде Алашорданың Павлодар уездік Кеңесі құрылды. Кеңеске 5 мүше енді. Төрағасы – Қ. Бердалин, орынбасары А. Барлыбаев, мүшелері: И. Бәдісов, М. Жәлелдинов, О. Күзембаев. Алашорданың Павлодар уездік Кеңесі Семей облыстық Алаш комитетіне ұйымдастыру, Алаш идеяларын насихаттау жұмыстарына үлкен көмек жасады [6].

(Ахметолла Ақтайұлы  Павлодар облысындағы орыс-қазақ училищесінің ұстаздарының ортасында. Солдан оңға қарай: 1. Терентьев Владимир Никонтович (математика, сызу, ән сабағы, сурет), 2. Чемоданов Василий (дін сабағы), 3. Овсянников Яков Геннадиевич (училище меңгерушісі, жаратылыстану), 4. Каримов – мулла татар мешітінің молдасы (ислам, құран), 5. Сәтпаев Әбікей Зейінұлы (әдебиет, тарих, география). Тұрған: 6. Алексеев Николай Ермилович (орыс тілі), 7. Барлыбаев Ахметолла Актайұлы (математика).  

«Сибирская речь» деп аталатын Омбы газетінің 1917 жылғы қарашадағы санынан белгілі болғандай, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, А. Бірімжанұлы, Досжанов және Омаров сынды Алаштың белгілі қайраткерлерінің қол қоюымен жазылған жеделхат Орынбордан Павлодар уездік қырғыз комитетіне жолданады. Қазақ халқының тағдырына алаңдай отырып олар былай жазады: «…Елде анархия жайлады... Әрбір халық өз тағдырын, өзін-өзі қорғау жолын ойлайтын сәт туды. Егер біз қол қусырып қарап отырсақ, қазақ халқы үшін мұның арты орны толмас өкінішке алып келеді. Біздер, қазақ халқы өз өмірімізді, отбасы құндылығымызды сақтаудың жолын ойлауымыз керек. Қазақ халқы өзінің төл халықтық милициясы болуы керек… Жалпықырғыздық съез шақырып, құрметті халықтық ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, қазақ милициясын ұйымдастыру мәселесін талқылауымыз керек. Съезде қазақ халқының өмір сүру мәселесі қаралады. 5 желтоқсанда Орынборда екі елдімекеннің ақсақалдары мен интеллегенция өкілдерінен делегат жіберуге шақырамыз».

1918 жылғы есеп бойынша екінші съез (біріншісі 1917 жылы шілдеде) Орынборда өтті. Тарихи әдебиеттерде съез деп аталып жүрген Орынбордағы екінші жиынды алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп мырза құрылтай жиналысы деп атауды ұсынады. Ұлт құрылтайының бастау тарихы тым тереңде жатыр, қазақ ұлтының арғы тегі сақтар мен ғұндар дәуірінен тамыр алатын құрылтай жиналысын шақыру ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының да асыл арманы еді.

Ұлт мәселесін талқыға салған ұлы құрылтайға Павлодар уезінен Ахметолла Барлыбаев пен Қабыш Бердалин қатысты. Құрылтай қазақ өлкесінің автономиясын жариялап, 25 адамнан тұратын Ұлттық Кеңес (Үкімет) құрды. Оның төрағасы болып Ә. Бөкейхан тағайындалды. Онда «төтенше милиция» (ұлттық әскер) және Ресей Федерациясының құрамында Қазақ автономиясы болып құрылған «Алаш» бағдарламалық құжаты бекітілді.  Онда жергілікті өзін-өзі басқару формасы болып жұмыс істеп тұрған Земство белгіленді. «Земство, – Ә. Бөкейхан атап өткендей, – жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. Жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды. Земство үш орында, үш дәрежеде болады: болосной, уезной, облосной» [7].

Орыстың Императорлық географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің мүшесі болған Ә. Бөкейхан, Шәкерім қажы, Р. Мәрсеков, ерлі-зайыпты Құлжановтар, Х. Ғаббасов, М. Тұрғынбаев, Ә. Сәтбаев, М. Әуезов секілді 15-тей қазақ тұлғасының қатарында Барлыбаев та бар.

1920 жылдың жазында саяси жағдай мүлдем күрделене түсті, бір жағы большевиктердің, екінші тараптан колчактік әскердің келуіне байланысты Алашорда ұйымы жұмысының берекесі қашты. Алаш жақтаушыларының ісіне түсу одан әрі жалғаса берді. Уезде Алаш ниеттестері мен мүдделестерін тұтқындау ісі жүрді. Мұндай қуғынға уездегі беткеұстар азаматтың бірі – Ахметолла Барлыбаевтың аман қалуы мүмкін жағдай да емес. Павлодардан Губревкомға жолданған жеделхатта «…Баянауылдан келген ақпар бойынша мұнда алашордалықтармен байланыста болған қазақтардың ақгвардиялық ұйымы ашылды. Олар көтеріліске шықпас үшін оның алдын алып ескерту үшін тұтқынға алу жүргізілді. Сондай-ақ қырғыз елдімекеніне үлкен ықпал етіп отырған уревком және түрік бөлімінің басшысы Ахметолла Барлыбаев кепіл адам ретінде тұтқынға алынды» делінген [5].

Жер үшін жанталас

Алаш автономиясы 1920 жылы шыққан Қазревком шешімімен таратылды. Қазревком құрамына енген Барлыбаев мұнда да бос қарап жатпады. Бұл кезде Павлодар уезін Семей губерниясының құрамынан  шығарады да, оны Сібірревкомына қосуды көксеген ұлыорыстық шовинизм дертіне шалдыққандар бас көтереді. Қазақ даласын бөлшектеуге жаны құмар И.Н. Смирнов 1920 жылғы қаңтар айының бас кезінде Павлодарағы Қазревком басшыларының Омбыға тікелей бағынышыты етуді сұраған өтінішін қуана-қуана қолдап, тек Омбыға емес, Сібірревкомына қоса салуды көздейді. Алайда осы комитет мүшелерінің бұл ұсынысқа қарсы шыққандарының арасынан А. Барлыбаевтың да есімі кездеседі. Демек, жер асты мен үсті қазынаға толы қазіргі Павлодар облысының Қазақстан құрамында мәңгілік қалуында өлшеусіз үлес қосты. Өйтпегенде Павлодар облысы алдымен Сібірге өтіп, кейіннен Ресейдің құрамында біржолата кетер ме еді...

А. Барлыбаевтың ел үшін еткен еңбектерін, қыруар қызметін саралаған  кезде негізінде оның мұғалім деген мәртебелі мамандығына қоса, көзі ашық, зиялы тұлға ретінде ұлт тағдырын шешетін даулы мәселелерде халық мүддесін қорғағанын ескеруіміз абзал. Ол Алаш құрамында да, советтік идеология астында да негізі, аса қажетті, ділгір мәселені дер шағында қозғап, көтере алды. Оның ең маңыздысы – қазақ жерінің бөлшектенбеуі, өзі туған, өмір сүрген өлкенің жат қолына кетпеуін қадағалау ісі болды.

Осылайша ол бір қисық жол бұраңдаған өмір толқынында қақпақылға ұшырап, маңайындағы адамдардың көрсетуімен түрме дәмін де татады. Атадан қалған ен дәулетті тар заман келердің алдында басқа кісінің атына жазу себеп болды ма, әлдеқандай басқа да жағдайлар әсер етті ме – жазасын жеңілдеткен болып оны Түрксіб темір жолы cоветтік халық комитетіне жұмысқа айдап жібереді.

Қанышқа берілген есеп-қисап

Ахметолла Ақтайұлы – қазақтың рухани мәдениетіндегі жаңа дүниетаным мен жаңа көзқарастағы адамдарды дайындаушы, талантты жандардың болашағына үміт сыйлаушы. Жаңа білімнің жаршысы. Ахметолла Барлыбаев сынды ұлт ағартушысы әрі педагогі үшін білім тек қара бастың қамы үшін ғана емес, адам дамуының фундаментальды негізі болып саналады. Қазіргі кезде біз рухани жаңғыру мәселесін көп айтамыз, алайда бұл ізгі ойлар бұдан 100 жылдай уақыт бұрын қыр төсінде қалыптасқан жағдай болатын. Ахметолла Барлыбаевтың өмірінде жарқын із қалдырған тағы бір айтулы тұлғаның бірегейі – Қаныш Сәтбаев. Ол ең сүйікті де үздік шәкірттерінің бірі болды.

Бұл туралы деректерді біз белгілі жазушы, деректі прозаның майталманы Медеу Сәрсекенің Қаныш Сәтбаев ғұмырнамасына арналған кітаптарынан оқи аламыз. Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Қазақтың Қанышы» атты 960 беттік деректі ғұмырнамалық романда ардақты ұстаз бен бала шәкірттің байланысы қызықты баяндалады. Шығарманың 27-бетінде Павлодар уезіндегі халық саны мен ондағы білім ордаларының хал-ахуалы және мектеп мұғалімдерінің алғашқы буыны жайлы айта келіп, «Өз ортасынан үздік шығып, орыс оқуын ерте меңгерген Ахметолла Ақтайұлы Барлыбаев та көп жылдар ағартушылық қызмет атқарған» деген сипаттама береді [8].

1909 жылы ашылған  екі басқышты орыс-қазақ училищесінде білім алып жатқан Қанышқа есеп жайлы ұғымды үйреткен Ахметолла Барлыбаев болып шықты. «– Есепсіз өмір жоқ, есепсіз адамзатқа өсу де жоқ, балалар, – деп бастайды ол сабағын, – өздерің ойлаңдаршы, жеке-дара алғанда бес иә он деген не сөз? Ешқандай мән-мағынасы, салмақ, құны жоқ, ішейін бір атаулар тізбегі. Мысалы, бір, екі үш, тіпті жүз дейік. Осыдан не ұқтыңдар? Ал енді осылардың қасына әлдеқандай зат тіркеп айталықшы. Мысалы, үш өгіз, бес тауық, жүз сом делік. Немесе біздің сыныпты он бес оқушы бар, оларға бір мұғалім сабақ беріп тұр десек? Бірден түсінікті: сан сапаға айналып, санамызда сыныптың көлемі, онда неше кісі отырғаны жайында нақтылы ұғым пайда болады...» деп бала ұғымына және жас ерекшелігіне сай тәптіштеп түсіндіреді.

Білім – адам жанын, оның рухани мәдениетін дамытатын қуатты құрал. Ұстаз Барлыбаев түсінігіндегі білімнің күші жайлы туған немересі,  философия ғылымдарының докторы Гаухар Ғинаятқызы былай тарқатады: «Оның түсінігінде адамгершілік, білім, еңбек адалдығының билік пен байлықтан ерекшелігі сонда: билік пен байлық – шектеулі, уақытша, адам өмірінің мәңгілік емес атрибуттары болса, ал білім, еңбек, махаббат пен қайырымдылық – адам өмірін асқақтататын мәңгілік құндылықтар» [9]. Осындай адам жанын жылытатын ізгі идеялармен білім берген Барлыбаевтың алдынан өткен мыңдаған шәкірттің үздігі болып Қаныш Сәтбаевтың маңдайы жарқырай көрінді. Тарихи сабақтастық деген қойсын ба, училищені мерзімінен бұрын үздік тәмамдап, Семейдегі мұғалімдер семинариясын тауысқан Қаныш Том технологиялық институтында оқып жүріп «Алгебра» оқулығын жазып шығады!

(А. Барлыбаевтың соңғы суреті)

Әрине, шәкірт пен ұстазды байланыстыратын дүниелер мұнымен шектелмейді. Ахметолла Қаныштың ағасы, белгілі қоғам қайраткері, педагог Әбікей Зейінұлы Сәтбаевпен дос-жар болған және үй іші, аяқ-табақ алысып дегендей жақын араласқан деседі. Мұғалімнің жарқын жүзі бейнеленген көптеген тарихи фотосуреттерде ол Әбікей Сәтбаевпен қатар отырып түседі. Ахметолла Барлыбаевтың әйелі Күләнда Ержанова Қаржас руынан шыққан еді, сонысымен ол Сәтбаевтардың жақын туысы болатын. Байқағаныңыздай, екі әулетке жақын, дәнекер себептер баршылық.

Сталиндік жазалау саясаты ең алдымен білімді адамдардан сескеніп қорыққанын тарихшы ғалымдар дәлелдеп жүр. Білімді адамның қолында қаруы бар адамнан екі есе күшті екенін біліп тұр ғой. Қазақтың небір асыл ерлерін жалмаған зұлмат жүйеден Ахметолла Барлыбаев та аман қалмады.

«Біздің сүйікті дәрігер»

Жалпы Барлыбаевтар бірнеше ағайынды: үлкен апайы Рымжан – 1926 жылғы Париждегі көрмеде жасап шығарған әдемі тұскиізі үшін арнайы марапат алған ісмер әйел, қолөнер шебері. Гауһар Ғинаятқызының айтуынша, 1958 жылы 80 жасқа толғанда Рымжан Барлыбаеваның жұмыстары Мәскеу көрмесіне қойылып, қомақты сыйақы алған екен. Оның еңбегі қазір де ҚР Орталық мемлекеттік тарихи мұражайында сақталып тұр.

Ал кенже інісі Хабиб бірінші қазақ профессоры, дәрігер, талантты терапевт болатын. Ахметолланы атқан қайғылы оқиғадан кейін оның отбасы мен балаларын өз қамқорлығына алған адам – оның осы бауыры болды [9].

Қазақстанның барлық жоғарғы буын дәрігерлерін тәлім беріп тәрбиелеген Хабиб Ақтайұлы да тегін адам емес. Отандық медицина ғылымында үлкен із қалдырған ол республикаға танымал өнер адамдарын және лауазымды тұлғаларды емдейтін жоғары санатты дәрігер болған.  Қазақстанның бірінші хатшысы Ж. Шаяхметов, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов, атақты ақын Жамбыл Жабаев және өзге де адамдар Хабибтің аялы алақанының табын сезген екен. Бәріміз жақсы білетін «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі ең басты кейіпкердің прототипі де осы кісі.

(Хабиб Барлыбаев жары Жамал Қадырбаевамен)

Жан жары Күләнда Ержановамен жарасып, бақытты өмір кешкен Ахметолланың өз кіндігінен Ғинаят, Хәлел деген ұлдары, Камал және Нағима деген есімді қыздары бар. Бұлардың барлығы да жоғары білім алған, елдің әр қилы салада дамуына үлестерін қосқан. Ғинят Ахметұлы Мәскеудің түрлі түсті металургия институтын Қонаевпен бірге бітірген ғалым болса, қызы Камал дәргіерлік оқуды тауысып, Жамбыл ақынның жеке дәрігері ретінде қызмет етіпті. Ахметолланың екінші ұлы Хәлел ҚазҰУ физика факультетін құрған ғылым қайраткері, белгілі физик ретінде белгілі, кіші қызы Нағима медицина мамандығынан алысқа ұзамаған, ол ғылым докторы дәрежесін иеленген. Осындай Ахмет ұрпақтары қиын сәтте қол ұшын беріп, қолтығымен демеп, ер жігітке тән ерлік көрсеткен, үлкен ағасының ұл-қыздарын қуғын-сүргін мен әр түрлі айыптаулар мен қысымдардан аман алып қалғаны Хабиб Барлыбаевқа алғысын білдіреді. Ал Хабибтің Хатият атты ұлы білім саласының қайраткері болып ер жетсе, қыздары Коллонтай, Сәуле және Лаура тілші-ғалым және журналистика саласы бойынша отандық ғылымды дамытуға үлес қосқан. Әсіресе біз телефон арқылы тілдескен Сәуле Барлыбаева тарих ғылымы докторы болғанымен қоймай, көркем гимнастикадан ССРО чемпионы атанған ерекше жан болып шықты.

(Ахметолла Ақтайұлы Барлыбаев жары және балаларымен)

Барлыбаевтардың үшеуінің де: Рымжан, Ахметолла және Хабибтардың есімдері Қазақстан энциклопедиясы мен Баянауыл, Павлодар облысының энциклопедияларына енгізілген.

Азаматты ардақтау

Қазақ ұлтының білімін жетілдіруді көздеп, ой-арманын іске асыруда тер төккен, азаттық жолында белсене күресіп жүріп, 37-нің ойранында опат болған Ахметолла Барлыбаев Алматы облыстық сотының шешімімен 1957 жылы 8 мамырда ақталды. Ол өзі секілді Отанның еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін өмірін қиған азаматтармен бірге Алматы қаласынан алпыс шақырым жердегі жаңалық ауылының маңында жерленген. Қазіргі кезде оның аруағы мәңгілік дамылдаған жерге саяси репрессияның жазықсыз құрбандарына арналған мемориалдық кешен мен биік стелла тұрғызылды. Бұл биік стеллада өзі секілді тағдырлас жандардың есімдері ойылып жазылған. Жаңалықтағы мемориалды кешенге жыл сайын аруақтарды, рухы өлмес азаматтарды еске алуға еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар, әсіресе қайраткер аталардың ұрпақтары жиналып тұрады. Жуырда ғана жарияланған ақпарат бойынша, мұнда жаңа музей де ашылып халық игілігіне ұсынылған.

Азаттық – Алаш асылдарының гуманистік көзқарасының ең басты әрі ең маңызды кілті. Азаттықты олар бар ерік-жігерімен алға ұмтылушылық, отаршылдық пен зұлымдық, әділетсіздікке өз болмысыңмен, жан-тәніңмен бірге қарсы тұра алушылық, идеал үшін шындыққа да қарсы тұра алатын күш деп білді және солай сенді де. Ахметолла Барлыбаевтың совет үкіметі тұсында күштеп жасырылған мұрасы, қызметі мен өмірі бүгінде тәуелсіз қазақ тарихнамасында Алаш кезеңін зерттеу тұрғысынан мол пайдаға кенелтеді. Себебі мұның астарында ұлт үшін ұлы құндылық бола саналатын Азаттық философиясы жатыр еді.

Әдебиеттер:

  1. Байбосын С. Алаштың бір ардағы. // Сарыарқа самалы, 2012 жыл, 27 желтоқсан
  2. Көпейұлы М.Ж. Көп томдық шығармалары. 1 том. – Алматы: Алаш, 2003. – 504 б.
  3. Айманов Ш. Замандастары Торайғыров туралы. // http://toraygirov.pavlodarlibrary.kz
  4. Кәрімхан З. Бір суреттің сыры. // «Қазақстан тарихы» порталы. 2017, 05 желтоқсан
  5. Б. Хазыров. Горький след жестокого времени.  Павлодар. НПФ ЭКО, 1986.
  6. Тілешов Е.Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Сардар, 2014.
  7. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет.
  8. Сәрсеке М. Қазақтың Қанышы. Астана: Фолиант, 2018. – 960 б.
  9. Барлыбаева Г.Г. Ахметолла Барлыбаев – просветитель, видный деятель движения «Алаш».

Заңғар Кәрімхан

Abai.kz

1 пікір