Сейсенбі, 15 Қазан 2019
Әлеумет 1900 7 пікір 18 Шілде, 2019 сағат 11:20

Бізге АЭС керек пе?

"Бата тимей, қата тисе қайтеміз" дегендей, бүгінде жұртшылықты шулатып, екі топқа бөліп қойған аты шулы АЭС мәселесі көпті толғандырғаны рас. Ел тағдыры шешілгелі тұрғанда үн қатпай, пікір білдірмей отырған біраз "зиялының" бетпердесі ашылғандай болды. Осы тұста халыққа игілігі мен кесепатын жеткізуге тырысқан біраз белсенділер де өз тізімін құрып әлек. Арыстағы апаттың куәгері болып отырғанда, АЭС біздің қай теңіміз деп ойлап қоямыз. Одан да көтере алатын шоқпарды белге байлаған жөн емес пе? Немесе бұл сұрақты басқалай қойып көрелік: Ресей қай бір жетіскенінен посткеңестік елдерді АЭС-пен жарлықамақ?

3 сәуірде тұңғыш рет іс-сапармен Ресейге барған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев В. Путинмен АЭС мәселесін талқылап қайтқан еді. Осы хабарды елге алып келе салысымен әлеуметтік желілерде халықтың наразылығы байқалды. Ал энергетика министірлігі референдум өткізілетінін айтып, жұртшылықты сабырға шақырған еді. Негізі, Ресейдің қылқылдап АЭС-ты тықпалап келе жатқанына біраз жыл болған. Сонау 2006 жылы-ақ тұңғыш президентіміз бен В. Путин Маңғыстау облысында АЭС салынатыны жөнінде келісімшарт жасасқан болатын. Ал 2014 жылы Қазақстан АЭС құрылысына толықтай дайын тұрған. Бірақ, біздің елдің энергетиктерінің өлшеміне сүйеніп, жақын 7 жыл ішінде энергиядан таршылық көрмейміз деген соң бұл құрылыс тоқтатылған еді.

"Даудың басы дайрабайдың көк сиыры" дегендей, ең алғаш, адамзат 1945 жылы шілде айында атом дәуіріне аяқ басқан. Сол кезде АҚШ алғаш рет уранның ядросынан энергия алып, тұңғыш жарылыстарын жасап, сынақтан өткізіп жатты. Кейін бейбіт түрде пайдалануды үйренген соң көп елдер арзан энергия көзі деп бас салған еді. Тек арзан энергияның өтемі тым қымбатқа соқты. Чернобыль мен Фукусимо ел есінде деп ойлаймын. Бұл оқиғалардан АЭС-тың күтпеген жерден тосын мінез көрсететіндігін түсіндік.

Былтырғы жылы көрші Өзбекстан Ресеймен келісімшартқа отырып ,өз жеріндегі АЭС-тың құрылысын бастап кетті. Ресей оны кредитке салып беремін деп уәде еткен екен. Ол аз десеңіз Ташкентте университеттер ашып, өзбек азаматтарын оқытып, кадр дайындап береміз деп сендіріпті. Өзбекстан АЭС энергиясының бір бөлігін біздің елдің оңтүстігіне сатуға ниеттеніп отырса керек.

Бізде Алматы облысында салынуы жоспарланған АЭС-ті ақтап алғысы келетіндер, осыған дейінгі жарылған АЭС-тер 60-70 жылдары салынғанын, ескі болғанын алға тартады, ал біздің жерге салынатыны су жаңа технология екен-мыс. Және ол технологияның барлығы Ресейде өндірілген. (Ресей технологиясына қаншалықты сенуге болады?) Ресей БАҚ өкілдері "Ресей Қазақстанға АЭС салып бермек" деп көпшіліктен сүйінші сұрағандай мақтанышпен жазып жатыр. Батыстың санкцияларынан есеңгіреп, АҚШ-тан жасқанып бар бюджетін әскер мен қару жараққа тықпалап жатқан Ресей неге Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь секілді елдерге бейбіт атомын өтпей қалған тауарындай тықпалауда? Біздің елдегі әскери базаларының өзі аздық қып тұрған жоқ еді...

Аса қауіпті екендігін ескерген әлемнің көп көшбасшы, "есті" елдері бейбіт атомнан да бас тартып жатыр. Оның үстіне 2017 жылы миллиардтаған ақшаға ЕХРО-ны өткізіп, табиғат көзінен энергия өндірміз деп жер жүзіне жар салып, елдімізді сол бағытта жарнамалап алған соң, АЭС саламыз дегеніміз қай сасқанымыз?! Күннен, желден, судан қуат өндіруге әл-ауқатымыз жетеді деп көлгірсігеніміз қайда? Халық ең көп қоныстанған Алматы облысында АЭС тұрғызу қаншалықты миға қонымды?

Ежелден пәтуасын таба білетін халықтың бүгінгі ұрпағы, бұқара мен билік, барлығын ой елегінен өткізіп шешім қабылдар деген сенімдеміз.

Думан Терликбаев,
(Журналистика мамандығының 2-курс студенті)

Abai.kz

7 пікір