Жұма, 29 Наурыз 2024
Жөн-ақ 4108 15 пікір 17 Шілде, 2019 сағат 11:53

Абзал Құспан. Жүйесіздік

Жүйесіздік - белгілі-бір мақсаттың және соған қол жеткізуге бағытталған әрекеттің болмауы. Жүйесіздік салдарынан Сіз ештеңе атқармай ақ, қарадан-қарап отырып шаршайсыз, ол жүйкеңізді жүндей түтетін, медициналық жолмен емделмейтін ауру. Өз анықтамам.

Қазіргі қазақ қоғамында, жалпы дамымай қалған елдердің көбінде қалыптасып қалған психология, ол - ерлікті, батырлықты аңсау дер едім. Қоғамдық жұмыстармен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты. Елдің ойы, қоғамның пікірі, әсіресе қазақтілді ортада мызғымаған күйі қалғандай әсер береді маған. Бәрі әлдекімді, әлденені күтеді. Тура діншілдердің Мәдіні күткеніндей күтіс. Әдетте өзін қоғам белсендісі, саясаткер, ел жанашыры санайтын ағайынның ортақ портреті мынадай; азды-көпті іс қылып ел алдында жүрген азаматтарды алғашқыда қолдайды, қолпаштайды (іспен емес әрине), кейін сол адамының бір пікірі, бір ауыз сөзі, діни ұстанымы т.б. ұнамай қалды, болды! Сол қазаққа қарсы шығуды өзінің қасиетті міндеті санайды, дүниедегі шаруаның бәрін ысырып қойып, әлгіні отырса опақ, тұрса сопақ қылады. Өйткені, ол белсенді оның күткеніндей болмай шықты, ол ойлағандай идеал, батыр болмай шықты!

Ал, дамыған елдер батырлықты емес, жүйелі жұмысты ғана мойындайды, соның арқасында нақты нәтижеге қол жеткізуді мақсат тұтады, қоғамдық, саяси жұмыста, бизнесте де сол. Батырлық, ерлік тақырыбы оларда бала-шаға тәрбиесі, қала берді Голливудтың киноөндірісі еншісіндегі шаруа. Нақты мысал ретінде, үлкен спортты алып қарайық. Шетелде үлкен спорт, үлкен бизнеспен ғана ассоцияцаланады. Ал бізде бұл құдай басқа салмасын ерлік, спортшы өзінің гонорары, күн көрісі, атағы үшін емес, тек қазақ үшін шаршы алаңға (боз кілемге, рингке) шығады-мыс. Бұл психология (психоз десе де болады) мемлекеттік идеология деңгейіне дейін жеткен. Бәріміз жаппай боксшы, палуан, т.б. болғымыз келеді. Ал сонда егінді кім екпек, жермен кім айналыспақ, бизнесті кім жасайды, қоғамдық жұмыстармен кім айналысады?

Қоғамдық жұмыс демекші, өзім жақсы білетін тіл мәселесін алайын. Заң да бар, белгілі-бір дәрежеде қалыптасқан сот тәжірибесі де бар. Бірақ сол, өзіне заңмен беріліп тұрған мүмкіндікті пайдаланатын адам жоққа тән. Айтатындары, ертең ел басына бір Тасмағамбетов сияқты ұлтшыл келсе, бір күннің ішінде шешер еді, кезінде ұлт зиялыларын қырып тастамағанда бәрі басқаша болар еді т. б.

Ертеңгі күннің іргетасы бүгін қалыптасады. Ешуақытта аяқ астынан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнай қалмайды. Оның бәрі тек сіз бен біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қимылдасақ қана жүзеге асатын шаруа. Мемлекет ісі тек қана билік басында отырғандардың ісі деген мүлдем қате түсінік. Әр адам, әсіресе жас буын өзіне жауапкершілік арқалап үйренбей, елдегі жағдай баяғы жартас сол жартас күйінде қала бермек!

Абзал Құспан

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594