Жұма, 20 Қыркүйек 2019
Біздің шенеунік 2270 8 пікір 15 Шілде, 2019 сағат 11:02

БҒМ-да үш жылда 620 жемқорлық анықталған

Тәуелсіздік алған жылдардан бері сынақ алаңына айналған Қазақстанның білім және ғылым саласында тағы да дау шықты. Бұл жолғы даудың басы – вице-министр Элмира Суханбердиеваның теріс әрекеттері болды. Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро өкілдерінің айтуынша, Суханбердиева лауазымды өкілеттігін теріс пайдаланып, пара алған және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан.

Ол тұрмысы төмен отбасылардың балаларына берілуі тиіс планшет, смартфондарды министрлікпен бірге жұмыс істейтін баспагерлерге алдыртқан. Сонымен қатар, №3 мектеп-гимназиясының директоры Елена Шевернияевамен бірге мемлекеттік мектептің ішінен жекеменшік ақылы мектеп ашқан. Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы №2 сотының прокуроры Нұрлан Бекмағамбетовтың айтуынша, аталған заңсыз кәсіпкерлік арқылы Суханбердиева мен Шевернияева 2016 жылдың 31 желтоқсаны мен 2018 жыл аралығында 389 миллион теңге табыс тапқан. Ал, олардың аталған мектептен тапқан таза табысы бүгінде 150 миллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар прокурор Суханбердиеваға қатысты 11 миллион 447 мың теңге сомасындағы мүлікті тәркілеуді талап еткен болатын. Алайда, тергеу кезінде шенеуніктен пара алу бабын алып тастаған. Сөйтіп, бір айдан астам уақыт изоляторда жатқан Суханбердиева күні кеше 6 миллион теңге айыппұлмен босап шықты. Сот залынан шыға сала ол сұр түсті Lexus LX 570 көлігіне отырып кетті.

(Сурет nur.kz сайтынан алынды)

Әлгі көліктің кемі 38 миллион теңге тұратынын ескерсек, Суханбердиеваға сот үкім еткен 6 миллион айыппұл сөз емес секілді. Жә, біз аталған іске қатысты белгілі адвокат Абзал Құспанның пікірін сұрап білдік...

Абзал Құспан, заңгер:

-Мен Суханбердиеваның ісімен БАҚ-қа шыққан мәлімет деңгейінде ғана таныспын. Менің пікірім, белгілі бір деңгейде қоғамдық пікірден өзгешелеу болуы мүмкін. Өйткені мен бұл іске заңгер ретінде салқынқандылықпен қараймын. Иә, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстармен күресу керек. Бірақ, мына жағдайда Суханбердиеваның әу баста пара алу айыбы тағылды дегенмен, бірақ, пара ретінде тағылған  айып 11 миллион емес. Менің түсінгенім, пара ретінде екі телефон тағылған. Кейін ол екі телефонмен  42 планшеттің көпбалалы отбасындағы балаларына берілуі тиіс заттар екені анықталды.

Менің түсінгенім мұнда қылмыс екі эпизодтан тұрады. Біреуі - балаларға сыйлық алуға мәжүрледі деп тұр ғой, яғни, білім министрлігіне қатысты мекемелерден көмек сұраған. Екіншіден - жеке мектепті сатып алуға бір мектеп директорымен бірге жұмыс жасаған, яғни, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан.

Ал, енді бүкіл желіде шулап кеткендей, ол 11 миллион пара алып, 6 миллион штрафпен құтылған жоқ. Өйткені мен сот үкімін таба алмасам да, БАҚ арқылы мәліметтерді қарап отырмын. Әу баста пара алды деген айып тағылған, кейіннен 42 планшет анықталған соң, ол бөлімдегі айып алынып қалып, тек қызметін асыра пайдалану мен заңсыз кәсіпкерлік деген екі бап қалған.  Бұл екеуінің де ең ауыр жазасы – 5 мың айлық есептік  көрсеткішке дейінгі жаза. Және ол жазаны судья тағайындап отырған жоқ.

Сондықтан Суханбердиеваға қатысты үкім заңды. Бұл жерде екінші бір мәселе бар. Бұл процессуалдық келісімге келген адам. (Процессуалдық келісім 2015 тен бастап қылмыстық процесуалдық кодекс негізінде пайда болды). Яғни, мұнда негізгі мәселені сот емес прокурор шешеді. Тек қана белгілі бір процесуалдық заң бұзушылықтар болмаса, сот бұны қанағаттандырмай тастауы да қиын. Сот қанағаттандырмауы үшін заңдық тұрғыдан нақты себептер керек. Ал, бұл жерде Суханбердиеваға тағылған екі айып заңның, жазаның мөлшеріне сыйып тұр. Екеуінде де ең жоғарғы жаза - айыппұл. Бұл істе бас бостандығынан айыру жазасы көзделмеген. Сондықтан, бұл жерде соттың айыппұлдан басқа мүмкіндігі жоқ.

Бірақ, халықтың неге дәл пара алып жатқан сәтінде ұсталған Нидің ісіне қатысты осылай қарсылық танытпағанына таңқаламын. Мүмкін, көпшілікке Суханбердиеваның өзін-өзі ұстауы ұнамаған шығар. Қалай десек те, бұл тек Суханбердиеваға қатысты іс емес, бүкіл министрліктегілер тек өз жалақысымен күн көріп отырған жоқ. Бәрінің де маңдайы шылқып отыр. Бірақ, олар  халықтың шынайы жағдайын білмейді және өздерінің істеген істеріне есеп бере қоймайды.

Және бұл іс шенеуніктердің халықтың шынайы өмірінен алыстап кеткенін тағы бір рет көрсетті. Өйткені, олар күнін көре алмай отырған жағдайы төмен адамдар  бар екенін түсінбейді.

Бірақ, қайталап айтамын, ең көп мән беретін нәрсе Нидің ісі меніңше. Ол бір миллион теңгені алып жатқанда ұсталып қалды. Оны мойындап тұрып, ісі қысқартылып кетті. Заң шеңберінде қарасаңыз ол істе айыппұлмен шығуға еш негіз жоқ. Ал, Суханбердиеваның ісінде айыппұлмен шығуға заңдық негіз бар.

Жалпы, айтарым, жемқорлық бүкіл мемлекеттік жүйенің  ауруы. Меніңше, ол үшін қарапайым ғана, ауданда  немесе ауылдық округ әкіміне Астанадан шенеуніктер келген кезде, шай беру деген нәрсеге заңмен тыйым салу керек. Өйткені ол кәдімгі жұмыс бабымен келген шенеунік. Оған арнап қымбат дастархан жайылады. Жемқорлық деген осы жерден басталады. Тіпті, кейбір жайылған дастарханның бағасы әлгі шенеуніктің алып отырған жалақысынан да асып кетеді. Әлгі әрекет ары қарай жең ұшынан  жалғасып кете береді. Бұл бүкіл жүйенің ауруы. Тіпті, бұл жүйе жемқорлықты әшкерелеп отырған  ұлттық бюрода да бар...

Айтпақшы, бір айдан астам уақыт изоляторда жатқан Суханбердиева  “Түрме вице-министрдің көзімен” деп аталатын кітап жазатынын айтты. Болашақта ұстаздықпен немесе бизнеспен айналысамын деген оның кітабы енді мектеп мұғалімдеріне күштеп сатылып жүрмей ме?

Айта кетейік, Эльмира ханым білім-ғылым министрлігінің орынбасары қызметіне 2016 жылдың сәуір айында тағайындалған. Сөйтіп Ерлан Сағадиевтің еш қисынға келмейтін реформаларын жасауға қатысты. Бүгінде Сағадиев жүргізген білім саясатының нәтижесі не болғаны белгісіз. Әйтеуір оның офшорлық шот ашып, жасырын ақша жиғанын естісе де, білім саласының мамандары мінез көрсетпеді. Есесіне, оның мектеп табалдырығын енді аттаған баланың ата-анасынан, тек сатып алатын оқулықтан ғана әр жылы 12 миллиардқа жуық ақша жасап отырғаны туралы кезінде жазылған болатын. Ал, осы лас ойындағы Суханбердиеваның үлесі қандай болғаны тергеп тексерілмеді.

Бір жылдан соң ол “Болашақ” стипендиясының иегері атанды. Бірақ, оның өзі дауға ұласты. Себебі, емтихан тапсыру кезінде "оның аты-жөні сайттағы үміткерлер тізімінде жоқ" деген ақпарат тарады. Бұл жерде де оның бармақ басты  көз қысты әрекеттерге баруы әбден мүмкін. Алайда бұған қатысты “Болашақ халықаралық бағдарламалар орталығы акционерлік қоғамының” мамандары Суханбердиеваның барлық этаптан заңды түрде өткенін айтады.

Қалай десекте, бір ұлттың білім мен ғылым істеріне жауапты болған шенділер, бұл саланы майшелпекке айналдырмаса дейміз. Себебі, ресми ақпараттарға сәйкес, соңғы үш жылдың ішінде білім саласында 620 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталыпты. Одан мемлекетке келген шығын 1,5 миллиард теңге болған. Ал, соңғы үш жылда білім саласына Ерлан Сағадиев бастаған, Суханбердиева қоштаған шенділер жауапты болғанын ескерсек, олардың қаншалықты нәтижелі жұмыс істегенін осы сала мамандары сараптай жатар.

Бізге белгілісі, әр министр өзінше реформа жасап, ит тартқан тулақша паршалаған Қазақстанның білім саласы осындай шенділердің жауапсыздығынан ақсап тұр. Ал, білім саласындағы осындай әрекеттерге қарап, оның сапасы туралы сөз айтудың өзі босқа әурешілік...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

8 пікір