Жұма, 19 Сәуір 2024
Аңыз Абай 5224 2 пікір 12 Шілде, 2019 сағат 12:12

Игорь Крутой Абайдың өлеңін оқыды

Ресей федерациясының халық әртiсi Игорь Крутой ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңін оқыды. Бұл өлеңді ол ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жалғасып жатқан «Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасы аясында оқып отыр. Ресейлік композиторға эстафетаны Димаш Құдайберген жолдаған еді.

«Қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абайдың 175 жылдығына арналған эстафетаны қуанышпен қабылдап алдым. Маған бұл эстафетаны жас досым, аса талантты әнші Димаш Құдайберген жолдады.Эстафетаны досым, ҚР-ның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовқа жолдаймын», - деді Игорь Крутой.

«Барлық қазақстандықтарға бейбітшілік, жақсылық және игілік тілеймін», - деді ол сөз соңында.

«Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасының кең көлемде жалғасуына 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ Ерланқызы түрткі болды. Ол ұлы ақынның өлеңін оқып, оны президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын.

Мемлекет басшысы эстафетаға қолдау білдіріп, ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқыды. Әрі эстафетаны одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған.

Әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген де мемлекет басшысы ұсынған эстафетаны қуанышпен қабыл алып, ұлы ақынның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін оқыды. Димаш бұл challenge-ді жалғастыруды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалинге, РФ-ның халық әртiсi Игорь Крутойға және өзінің барлық тыңдарманына тапсырған еді. Осыған орай ресейлік өнерпаз ұлы Абайдың өлеңін оқып отыр.

Abai.kz

2 пікір