Жұма, 29 Наурыз 2024
Дат 7872 17 пікір 12 Шілде, 2019 сағат 08:00

Зейнеткерлердің жинағы - бюджеттің ақшасы емес, Президент мырза!

Қазақстан Республикасының

 Президенті Қ.Тоқаевқа

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Елімізде соңғы кезде экономикалық емес, саяси дағдарыс белең алып бара жатқандай. Оған негізгі себептердің бірі мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамдық ұйымдар және қоғам арасындағы байланыстың қазіргі ахуалы. Сіздің президент болғаннан бері қойып келе жатқан талаптарыңыздың жергілікті атқарушы орындарда толығымен жүзеге аспауында.

Жергілікті атқарушы органдар өз жиналыстарымен, ақпарат жинақтау, уақытылы xаттарды жабу, өздерінің жауапкершілік мәселелерімен, ал қарапайым жұрт күнделікті күн көріс мәселесімен айналысып екінің бірі саясаткер болып, арандатушы азғындатушы ниеттегі жандар көбейіп, елімізде жүрген ұлыстар өкілдерінің қабілетін қазақ ұлт өкілдерінен жоғары қойып, қазақты кемсітіп, бизнестеріне басқаларды көп тартатын кейбіреулердің іс-әрекеттері жергілікті байырғы xалықтың наразылығын туындатуда.

Көпке топырақ шашып барлық әкімдер солай деуден аулақпыз. Десе де кейбір әкімдер "Халықтың көші қоны туралы" ҚР Заңын және оның мақсат мүддесін мүлдем білмейді деуге болады. Оған негіз соңғы он жылда көптеген әкімдердің жылдық есеп беру жиналысында xалықтың көші-қоны туралы бір ауыз сөз болмағаны. Олар бұл заңды "оралмандарға" ғана қатысты деп ойлайды. Сондықтан да ауыл, аудан әкімдері ауылына шетелден кім келіп, кім кетіп жатыр, олардың мақсаты не, жеке басының қандай мүдде-қызығушылығы бар дегенге мәнде бермейді.

Ал көші-қон полиция қызметкерлері заңсыз келіп еңбек етіп немесе жұмыс іздеу деген желеумен жүрген жандарды әшкерлеп еліне қайтаруға әрекеттене бастағанда жаңағы билік өкілдері білетін болып қалдыруға яғни тиіспеулеріне ықпал ете бастайды. Бұл өмір шындығы.

Елімізде болып жатқан соңғы кездегі келеңсіздіктер, наразылықтардың түп тамыры дәл осы "xалықтың көші қоны үрдісі бойынша заң талаптарын" әкімдердің білмеуі білсе де олар үшін ешбір жауапкершілік жүктелмейтіні. Ал, өкініштісі игілігін қолында билігі барлар көріп, келеңсіздігіне қарапайым xалық душар болып, наразылықты мүлде басқа топтар туындатуда.

Бұл жағдайды әлеуметтік желілердің жылдам тарап жатқан ақпаратынан оқырман қауым сағат сайын көріп біліп отыр. Әркім өз деңгейінде түсінгені бойынша ой-пікірлерін ұсыныс-тілектерін қарша боратып та жатады. Жергілікті  жерде-ақ, шешімін табатын мәселелер қоғамды дүрліктіріп, республика деңгейі, тіптен шетелдік БАҚ араласып, еліміздің әлем алдындағы бет-беделіне ықпал еткендей күйге жеткізіп, қоғамда келеңсіздіктер туындатып жүргені де жасырын емес. Айтайын дегенім: 

1."Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының өз аумағында қалай орындалып жатқаны бойынша жауапкершілікті облыс әкімдеріне тікелей жүктеп, Президентке өздері жылына екі рет есеп беретін болса. Көші-қон деген үрдіс өз деңгейінде жүйеленіп, ауыл әкімдерінің әрбір пендемен ісі бойынша жауапкершілігі күшейіп, адамдардың қозғалысы, жүріп-тұруы,топтасуы, топ құруы, жеке бас мүддесі ауылдық елді-мекендерден бастау алып, аудан, қалаларда да айқындалып отыратын болады. 

2."БЖЗҚ" АҚ қандай себеп негізде зейнеткерлердің зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарын ай сайын 20 мың теңге көлемінде бөліп төлеуге шешім қабылдады? Бұл мәселеге де қазір зейнеткерлер наразы. 18 миллионға шаққанда азғантай ғана зейнеткерлердің кезінде ай сайын өздері салған ақшаларын бір жолы қайтарып беруге болмайтынына аяқ-асты не себеп болды?!

Ешкім ештеме айтпайды. Зейнет жасындағы үлкендердің қай күні о дүниеге аттанарын бір Алла ғана білер. Сондықтан бір жолы толығымен қайтарып бере алмаса, ай сайын 150-200 мыңнан беріп тұрсын. Халықты кәмпитпен алдаған балаға санап, ай сайын 20 мың теңге бергені жұртты менсінбеу деген сөз. Бұл бюджеттен шығатын шығын емес өз ақшалары. Зейнеткерлікке шықпағандары тағы ай сайын құйып, аналардың орнын толтырып отыр. 

Осы екі мәселеге ерекше көңіл бөліп шешімін табуына ықпал етуіңізді сұраймын... 

Ізгі ниетпен Құрметбек Сансызбайұлы

Алматы облысы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606