Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Тұлға 15225 20 пікір 11 Шілде, 2019 сағат 17:28

Тоқаев: Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз

2020 жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Осыған орай, 30 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы жарлық шығарған болатын.

Ел президентінің бастамасынан кейін ұлы ақынның мерейтойын ауқымды түрде атап өтуге жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кетті.

Жақында 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ Ерланқызы «Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасын бастап, оны президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.

Әуелде бір суық мұз— ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі “жақсы” демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек

Мемлекет басшысы бұл эстафетаны қуанышпен қабыл алып, ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқыды. Әрі эстафетаны одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады.

;t=1s

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
- Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой
- Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты
- Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл - мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге.ерме.
Сізге айтамын, хаупім - бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі - тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл
- Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл - гүл.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов эстафетаны қабылдап, «Сенбе жүртқа, тұрса да қанша мақтап...» өлеңін оқыды. Министр эстафетаны еліміздің білім және ғылым саласындағы барлық қызметкерлерге, ұстаздарға, ЖОО ректорларына және студенттер мен оқушыларға жолдады.

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де,түбін көзде,
Сонан тапқан-шын асыл тастай көрме.

Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ақынның «Құлақтан кіріп, бойды алар...» деп басталатын, баршамызға жақсы таныс өлеңінен үзінді оқыды. Әрі қазақтың ғана емес, адамзаттың алып ақыны - ұлы Абай жырларын жатқа оқу эстафетасын Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке және Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпияда чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке және еліміздің мәдениет, өнер, спорт саласындағы барша жастарға жолдады.

Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып,
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді түргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағым ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тіріліп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын,
Жұрттың, жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?

Әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген де мемлекет басшысы ұсынған эстафетаны қуанышпен қабыл алып, ұлы ақынның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін оқыды.

- Абай атамыздың өнерін дәріптеу жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азаматтың міндеті деп білемін, - деген Димаш бұл challenge-ді жалғастыруды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалинге, РФ-ның халық әртiсi Игорь Крутойға және өзінің барлық тыңдарманына тапсырды.

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтадай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды
Торғындай толқын ұрып көз таңдайды.
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған.
Бұлардың кейбірінің мінездері -
Еш нәрсе көмегенсіп бұртақтаған.
Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,
Орынсыз адамдармен жыртақтаған.
Әуелде сұлу жайы бізге мәлім,
Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған.
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.

Ал Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова жолдаған эстафетаны қабыл алған ақын, Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» атты аударма өлеңін (Лермонтовтан) оқыды.

Әрі бұл эстафетаны жалғастыруды ұлы Абайдың туған өлкесіндегі бір ақын мен бір әкімге жолдады. Олар - Семей қаласының әкімі Сәлімов Ермак Бидахметұлы мен көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.

Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.

Abai.kz

20 пікір